10.08.2017, 10:24
Қараулар: 485
Жерді тиімді мақсатта пайдаланайық

Жерді тиімді мақсатта пайдаланайық

06.10.08.17Қазақстан Республикасының Конституциясының 6-бабының 3-тармағына сәйкес, жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.

Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағына сәйкес, жер учаскесінің нақтылы шекарасы белгіленгенге дейін және құқық белгілейтін құжаттар берілгенге дейін жер учаскесін пайдалануға жол берілмейді. Осы норманы сақтамау жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу деп бағаланады және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылықты көздейді.

Батыс Қазақстан облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы ҚР Жер кодексін басшылыққа алып, өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың, жеке, заңды тұлғалардың, сондай-ақ лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының жер заңдарын және жер учаскелерін пайдалану ережелерін сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 136-бабына сәйкес (жерге мемлекеттiк меншiк құқығын бұзу),   мемлекеттiк жер учаскелерiн заңсыз иеленіп алу немесе айырбастау не жерге мемлекеттiк меншiк құқығын тiкелей немесе жанама нысанда бұзатын басқа да мәмiлелер жасау, сондай-ақ уақытша иеленген мемлекеттiк жердi уақтылы қайтармау – айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғады.

Жалпы, жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу — жер учаскесі меншік иесінің немесе жер пайдаланушының рұқсатынсыз бөтен жер учаскесін иелену, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскесін жергілікті атқарушы органның тиісті шешімінсіз иелену — жер заңнамасы саласындағы бұзушылықтар түрлерінің бірі (ҚР Жер кодексінің 12-бабының 27-тармақшасы).

Жер әрқашан ең маңызды игілік сондықтан, жер учаскелерін өз бетінше басып алу фактілерін болдыртпау мақсатында халық арасында ақпараттандыру жұмыстары үнемі жүргізіледі.

Жоғарыда айтылған жәйттерді түйіндей келе жерді халық игілігіне тиімді мақсатта пайдалану үшін әркім де өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарай білулері тиіс.

Б.Тулегенов,

Сырым аудандық жер қатынастары

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар