10.08.2017, 10:08
Қараулар: 328
Малдың кесірінен адамдар зардап шегуде

Малдың кесірінен адамдар зардап шегуде

Сырым ауданы көлемінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол көлік оқиғаларының алдын-алу, болдырмау мақсатында әрбір он күн сайын аудан көлемінде рейдтік шаралар жоспарға сай өткізіліп отыр.

Бұл іс-шаралар арқылы аудан көлеміндегі ауылдық округтерге қатынайтын автокөлік жолдарында, округ орталықтарының өзінде және республикалық маңыздағы Самара — Шымкент тас жолында патрульдеумен қамтылған жасақтар тобының рейдтік жұмыстары тұрақты жүріп жатыр. Аудан көлеміндегі шаруа қожалықтарының, серіктестіктердің ұжымдарында да жұмысшыларымен кездесулер өткізіліп, жол қозғалысы қатысушыларының жолда жүру ережелерін сақтауы жөнінде әр түрлі тақырыптарда дәрістер оқылуда.

Жол – көлік оқиғасын тудыратын себеп көп. Біз барымызша сол себептерді болдырмағымыз келеді. Жүргізушілердің мас күйінде көлік құралын басқаруы, қауіпсіздік белдігін пайдалану ережелерінің бұзылуы – қазір қатаң қадағалауда тұр. Көлік құралдарының техникалық жағдайлары мен құрылымының талаптарын қадағалау, автокөліктердің жүргізуші отыратын жерден көруді шектейтін алдыңғы әйнектеріне мөлдірлікті нашарлататын пленка немесе жабын қондырылған автокөліктерді басқару фактілерін анықтау мақсатында да жұмыстар жүргізілуде. Біз негізгі бір жұмысты заңсыз жолаушы тасымалдаушыларды анықтап, шара қолдануға да арнағымыз келеді.

Жол көлік оқиғаларының алдын алу және болдырмау мақсатында рейдтік шаралар жүргізілгенімен де, жол көлік оқиғалары жиі орын алуда. Жол көлік оқиғаларының көбі тас жолдың маңында орналасқан ауылдық округ тұрғындарының шаруашылығындағы үй жануарлары, соның ішінде ірі қара және жылқы малдарының бағымсыз қадағалаусыз жүріп, тас жолға шығып автокөліктерге соғылуының кесірінен болып жатыр. Осының нәтижесінде көлік құралдары бүлініп, ал жолаушылар мен көлік жүргізушілері түрлі дене жарақаттарын алып, тіпті адам өліміне әкеп соқтырған фактілер кездесуде.

Иә, малдың кесірінен адам өліп жатыр. Осындай жағдайлардың алдын-алу үшін аудан тұрғындарына мынаны ескертеміз!

Әркім өзінің иелігіндегі малға ие болсын! Егер кімде – кім өздерінің шаруашылығындағы үй жануарлары, соның ішінде ірі қара және жылқы малдарын тәуліктің қараңғы уақытында бағымсыз қадағалаусыз қалдырып, соның салдарынан ірі қара немесе жылқы малдары тас жолдың үстіне шығып, көлік құралына соғылатын болса, кінәлі ірі қара, жылқы малының иесі болып табылады және осы үй жануарының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік жауапкершілік адамға жеңіл салмақ салмайды.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету — әрбір азаматтың міндеті. Осыған байланысты әр дайым жол ережелерін сақтап, әуелгі ретте жеке бас қауіпсіздігін ойлап жүрулеріңіз сұралады.

Ақтілек ИСЛАМҒАЛИЕВ,

Сырым аудандық ІІБ-нің ӘПБ ЖжТИ аға МАИ полиция майоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар