3.08.2017, 10:57
Қараулар: 481
Ерназар – «АЛАШ БАРЫСЫ»

Ерназар – «АЛАШ БАРЫСЫ»

01.03.08.17Сырым ауданының орталығы Жымпитыда Алаш үкіметінің құрылғанының 100 жылдығына арналған «Алаш барысы» атты респуликалық турнир өтті. Турнирдің салтанатты ашылуы шарасында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, қазақ күресінен ҚР Президентінің жүлдесі үшін өткен «Қазақстан барысы — 2017» республикалық турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиев құттықтау сөз сөйледі.

Күрестің басы сәнді, салтанатты басталды. Елдің азаматтары «Алаш барысы» респуликалық турнирінің құрметті қонағы, «Қазақстан барысы – 2017» Еламан Ерғалиевке шапан жауып, ат мінгізді. Балуанға атбегі, елдің азаматы Мүтәлі Төреғалиев бата берді.

Турнирдің ашылу шарасында өңірге белгілі өнерпаздар өнер көрсетті.

«Алаш барысы» республикалық турнирі аудан орталығындағы денешынықтыру және сауықтыру кешенінде өтті. Турнирге Астана қаласынан, Ақтөбе облысының өзі мен Ақтөбе қаласынан және облыс орталығы мен аудандардың атынан жалпы саны 40 — тан астам балуан қатысты. Олар 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша сынға түсті.

Турнирге қатысуға салмақтары 90 келіден жоғары 15 балуан тіркелген екен. Бұлардың 7 – еуі — жыл сайын ҚР Президентінің жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы» турнирінің шешуші белдесуіне қатысқан балуан. «Алаш барысы» атағына үміткерлер үшін түстен кейін жарысалды таразыға тарту рәсімі өтті.

Күрес кешке жақын басталды.   Бозкілем әуелі салмағы 90 келіге дейін тартатын балуандардың арасындағы мықтыны анықтады. Әркім әлінше алысты. Бірақ қонақтар жағына Сырым ауданының жігіттеріне қарсы келіп, қауқар көрсету қиын болды. Финалдық белдесуде өзіміздің Айбол Оразғалиев пен Нұрымжан Ғаббасов кездесті. Бұл жерде Айболдың тәжірибесі мен Нұрымжанның күші өзара сынасты. Айбол Оразғалиевке қарсыласы Нұрымжанның Ғаббасовтың салмақ жағынан да, бой жағынан да артық болуы біраз ыңғайсыздық туғызды. Бірақ, Айбол біразға дейін жинақы жүрді. Тіпті іле – шала бүкке бүкпен жауап беріп, қайрат көрсетіп, жұртты да бір желпіндіріп қойды. Нұрымжан да осал емес бірақ. Күрес бойы ұстағанының жауырынын жерге жабыстырып келген бұл батырдың финалдық сайыста сына кетуі әсте мүмкін емес. Орайлы сәтті күтіп жүріп, қарсыласын қағып түсірді. Айбол мен Нұрымжанның белдесуі тартысты болды деп жатырды жұрт. Сөйтіп Нұрымжан Ғаббасов 90 келіге дейінгі балуандардың арасында жеңімпаз атанды. Келесі орындарды Айбол Оразғалиев пен Айбек Ғабдешов бөлісті.

Қас қарая ел күткен барыстардың белдесуі басталды. Барыстардың арасында жауырындары жардай болған аса бір алыптары да, білек санының бұлшық еті бұралған, қайыңқапталдаулары да бар екен. Не болса о болсын, барыстар белдесуді бірін — бірі алып ұрудан бастады. Күреске берілген уақыттар артығымен қалып жатты. Тіпті, қаратөбелік балуан Дархан Темірханов өзінен ірілеу қарсыласын 3 секундтта тазаға қойып жіберді. Екеуара айла алдыра алмай, күрес бойы бозкілем жағалап жүрген балуандар да болды. «Алаш барысы» осындай айшықтарымен елге қызық болып жатты.

Қызықтың көкесін Жәнібек ауданының атынан шыққан Ерназар Хамзин деген жігіт көрсетті. Аты Жәнібек болғанымен, бұл жігіттің туған жері — Қазталов ауданы, Ақпәтер ауылы. Өзінің салмағы 90 келіден сәл аса ма екен? Аспайтын да сияқты. Алып бара жатқан балуан денелі де емес, жұқа өзі. Бірақ, бозкілемге шыққанда жұртқа «Шіркін, Ерназар!» дегізді. Демегенде ше, Ерназар өзінен кәдімгідей ірі әрі ауыр жігіттерді жерден жұлып алып лақтырып жатты. Жаңылмасақ, Ерназар қарсыластарымен бозкілемде 3 кездесу өткізді. Жеңсе, осының біреуін ғана ұпай санымен жеңген шығар. Қалғанының бәрі таза жеңіс болды. Ерназар финалдық белдесуде тіпті ерсіленіп кетті. Оның қарсыласы манағы «үш секундта шаруа бітіретін» — қаратөбелік Дархан Темірханов. Екі батыр біраз арбасты. Бірақ, Ерназар «ерназарлығын» жасап, қарсыласының қапысын тауып, жауырынын жер жастандырды. «Ерназар күрескен жоқ, ол шайқасты!» дейді бұл балуан туралы жарыстың бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі төреші, Батыс Қазақстан облысы Қазақ күресі федерациясының вице Президенті Артур Шерғалиев. Төреші дегенде, төрелік жайлы бірер сөз. «Алаш барысы» турнирінде кәсіби төрешілік құрам жұмыс жасады. Осы жарыстың барысында бейнеқайталау әдісі де кең қолданыста болды. Сәтті жасалған әдістер мен дау тудырған тұстардың бәрін төрешілер елдің қақ алдына қағылған LED – экраннан қарап отырды. Жалпы, турнирдің ұйымдастырылуы, әсіресе соңғы музыкалық технологиялар мен жарық аппараттарының пайдаланылуы өте керемет болды. Шараның ұйымдастырылу деңгейінің жоғары екенін өзінің БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева да әдейі атап өтті.

Түн ортасына таяу атағы алып бәйгелерден кем түспейтін әйгілі «Алаш барысы» турнирі аяқталды. Жәнібектік Ерназар Хамзин «Алаш барысы» атанды. Жаттықтырушысы – Жеңіс Стамғазиев. Жеңімпазға 1 000 000 теңге жүлде берілді. Турнирдің келесі жүлдегерлері болып қаратөбелік Дархан Темірханов пен бөрлілік Темірлан Көлбаев танылды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар