20.07.2017, 12:01
Қараулар: 397
Жаһанша Бутовада жерленген

Жаһанша Бутовада жерленген

06.20.07.17Шілде айының 10 жұлдызы күні Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылынан аттанған «ЖЫМПИТЫ — МӘСКЕУ» халықаралық тарихи – танымдық экспедициясы өзінің жұмысын сәтті аяқтап, елге келді. Осы жерде «ЖЫМПИТЫ — МӘСКЕУ» тарихи – танымдық экспедициясының негізгі мақсаты жайлы айтып өткен дұрыс. Баттитып тұрып, айтып кететін бірінші ерекшелік сол, бұл эскпедиция – халықаралық. Екінші бір ерекшелігі, Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасының мәні мен мазмұнын толық қамтитындығы.

«Жымпиты — Мәскеу» — АЛАШОРДА ҮКІМЕТІНІҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 100 ЖЫЛ ТОЛУЫ МЕН АЛАШОРДА ҮКІМЕТІНІҢ ҚАЙРАТКЕРІ ЖАҺАНША ДОСМҰХАМЕДОВТЫҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНІНЕ 130 ЖЫЛ ТОЛУЫ ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ құрметіне Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының ұйымдастырып отырған осы жылдағы екінші сапары. Сырым ауданы осыған дейін мамыр айында «ЖЫМПИТЫ — CЕМЕЙ» бағытындағы тұтас республиканы қамтыған ірі эскпедицияны жүзеге асырғаны белгілі. Осы жерде Сырым ауданының «тарихи тірілуіне» үлкен еңбек сіңірген ауданның бұрынғы әкімі Абат Шыныбековтың есімін айтып кеткен дұрыс секілді.

Мәскеуге 7 кісіге арналған жеңіл автокөлікпен баратын болып шештік. Осы ыңғайлы көрінді. Алда – 1282 шақырым. «Аллаға аманат!» дедік те, «Самара — Шымкент» халықаралық күре жолына міндік.

Алғашқы күнімізде біздің көлік Ресей Федерациясының Самара, Тольятти, Сызрань секілді ірі қалаларының тұсымен өтті. Сағат түнгі 01: 30 – ға таман РФ Пенза облысының аумағына кіретін Кузнецк ауданының орталығы Кузнецк қаласының тұсында орналасқан «Кронверк» кешеніне аялдап, қонақүйге түнедік.

Экспедициялық құрам Мәскеу қаласына 6 шілде күні түс ауа бере ғана жетті.

Мәскеуді алып қала деп естіген едім. Қала расымен де алып екен. Енді ше? Еуропадағы халқы ең көп орналасқан қаланың бірі болу әрі тұрғын саны жөнінен әлемнің он қаласының қатарына кіру оңай ма? Осы биылғы, 2017 жылдың санағы бойынша Мәскеу қаласында 12 миллионнан астам тұрғын есептелген. Есептелмеген, тіркелмегені қанша әлі?

Мәскеу қаласындағы алғашқы жұмыс күніміз ыңғайсыз басталды. Тұруын ерте тұрдық. Алдымызда қыруар шаруа күтіп тұрғанын білеміз. Жинақталып, реттеліп алдық. Сол арада біздің құрамның мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, Дәметкен Сүлейменова Исенгалиева Райса Касабулатоваға қоңырау шалды. Райса Касабулатова – Алашорда үкіметінің мүшесі болған Дәулетшаһ Күсепқалиевтың жиені. Мәскеу қаласында тұрады екен. Егер мүмкіндік болса, бір арыстың артындағы ұрпақ қой деп, құрметімізді білдіріп, кіріп — шыққымыз келген. Ойлағанымыз болмады. Райса апамыз әңгімені қысқа қайырды. «Мені қазақтармен ештеңе байланыстырмайды. Алашордашылар жайлы тек теріс пікірдемін. Менің атамды құртқан – солар!» деді де тұтқаны жапты. Қазақстан қайдан қызықтырсын бірақ, себебі ол кісіні нағашы атасы Дәулетшаһ Күсепқалиев туралы жаңа деректердің өзі қызықтырған жоқ. Өкінішті.

Бүгін бірінші баратын нүктеміз – Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының елшілігі. Біздің елшілік Чистопрудный бульвар №3 мекенжайында орналасқан қос қабатты, көк түсті ғимарат екен. Бұл жерде де біздер келеңсіз жағдайларға тап болдық. Нақты не жағдай екенін экспедицияның әлеуметтік желідегі жолжазбасында жаздым. Газет бетінде қайталауды жөн көрмедім.

ЖАҺАНШАНЫҢ МӘСКЕУДЕГІ ҮЙІ

Алашорда үкіметінің қайраткері Жаһанша Досмұхамедов өмірінің соңғы жылдарында жұбайы Ольға Константиновнамен Мәскеу қаласында тұрды делінеді. Нақты қайда тұрғаны жайлы нақты дерек те бар. Мынадай: Москва, Хавско – Шаболовкский переулок, дом № 11, квартира 265. Жаһанша осы үйде тұрып қазақ жазушысы Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын орыс тіліне аударған. Жалпы, азын – аулақ шығармашылық жұмыспен айналысқан. Үштіктің қайран Жаһаншаны желкесінен жеті түйіп, жағасынан сүйреп алып кеткен жері де — осы үй.

Ендігі сұрақ: Жаһанша тұрған сол үй бүгін бар ма? Бар екен. Мекенжайы өзгеріпті: Лестова көшесі, №19 үй, 2 корпус. Салып ұрып, Мәскеудің алып көшелерін былай қиып, былай қиып, іздеген үйге де келдік. Үй анабір ескі емес екен. Бес қабатты үй кәдімгідей. «Г» тәріздес салынған. Бұрылар тұсында алтыншы қабатқа келіңкірейтін құрылыс бар. Жөнделген, жаңғыртылған. Көненің көзі екенін қабырғада қаланған кірпіштер «айтып қойды». Үйдің терезенің жоғарғы жағындағы кірпіштер «арка» әдісімен тігінен қаланған екен. Бұл қалау әдісі — ХІХ ғасырдың аяқ шені мен ХХ ғасырдың басында Ресейдегі сәулет саласында кең қолданыста болған «кірпіш стиліне» жатады. Үйдің маңында жарты сағаттың шамасында жүрген шығармыз…

РУХ ЖАҢҒЫРҒАН КҮН

Ендігі бағытымыз – Мәскеу қаласының маңындағы Бутова зираты. Анау Жымпитыдан келе жатқан негізгі шаруамыз – осы Бутова зиратына бару. Осы жерде біздің арыс, Сырым ауданы, Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Қарақұдық елді – мекенінің тумасы, қазақтан шыққан алғашқы заңгердің бірі, Алашорда үкіметінің қайраткері, Күнбатыс Алашорда үкіметінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтың сүйегі жатыр.

Бутова – Мәскеу қаласының оңтүстік – батыс әкімшілік округінде орналасқан. Зираттың әкімшілік ауласында алтын күмбезді ақ ғибадатхана бар екен. Бұл — Орыс провослав шіркеуінің поместьелік соборы болып шықты. Соборға биыл 100 жыл толып отыр. Собордың ішіне кірдік. Кіргеннен кейін, оң жақ бетте сауда сөрелері бар. Сөрелер діни кітаптар мен майшамдардан және иконалардан самсап тұр. Собор қызметшісінен зиратта жатқан марқұмдардың есімдері тізілген кітаптарды сұрадық. Әрі ақтардық, бері ақтардық. Іздегеніміз – Жаһанша Досмұхамедов. Табылды. Экспедициялық құрамның мүшесі, Сырым ауданының орталық мұсылмандар мешітінің бас имамы Бақытжан Сабырәлиев №3 кітаптың 82 бетіндегі «Дос – мухамедов Джаганша…» деген жазуды алдымызға тоса қалды.

Әрі қарай толықтырсақ:

«Дос-Мухамедов Джаганша. Родился в 1887 году в ауле №3, Жымпитынского района, Западно-Казахстанской области; казах; образование высшее юридическое; беспартийный; пенсионер, бывший заместитель председателя Всероссийского комитета мусульман, до революции был заместителем прокурора Томского окружного суда. Место жительство: Москва, переулок Хавско-Шаболовский, дом 11, квартира 265. Арестован 1 июня 1938 года.

16 июля 1938 года осужден тройкой при НКВД Московской области по обвинению в тесных связях с казахской контрреволюционной организацией и «врагами народа». Расстрелян 3 августа 1938 года. Место захоронения – Московская область, Бутово. 2 декабря 1957 года реабилитирован».

Справка из расстрельного списка полигона в Бутово

«Мартиролог расстрелянных и захороненных на полигоне НКВД «Обьект Бутова» 08.08.1937 – 19.10.1938» деген келесі бір қызыл мұқабалы кітапта «ДОС – Мухамедов Джаганша, 1887, м.р.: Казахская АССР, Уральская обл., Джамбейтинский р. Расстр. 03. 08. 38.» деген жазу және бар.

Жоғың табылды деген — осы Осы кезге дейін Алаш тарихында Жаһанша Досмұхамедовқа қатысты бір мәлімет бүгін тап – таза нақтыланды! Біз түу Жымпитыдан Мәскеуге осы үшін келіп тұрмыз ғой. Алла сәтін салды!

Собордан шықтық та Бутова полигонына қарай жүрдік.

ХХ ғасырдың 30 – шы жылдарының ортасы мен 50 – ші жылдардың басында Бутово полигонында НКВД ондаған мың адамды атып, осы жерге жерледі. Жерледі деген бер жағы, атылған марқұмдардың денелерін осы жерге әкеліп лақтырып тастады десек дұрысырақ болады. НКВД наркомы Н. Ежовтың бұйрығы арқылы іске қосылған «жаппай ату механизмі» Бутова полигонын нағыз тозаққа айналдырды жіберді. Алғашқы ату 1937 жылдың 8 тамызы күні басталды. Сол күні 91 адам жазықсыз жазаға ұшырады. Бұл сан 20 762 – ге барып бір тоқтады. З7 – нің тамызынан 38 – дің қазанына дейін осыншама адам жазықсыз жер жастанды.

Полигондағы жерлеу былай болған. Әуелі тереңдігі 3 метрді, ал ұзындығы 150 метрді құрайтын траншея қазылған. Атылған адамдар осы траншеяларға лақтырылған. Күн сайын Бутовада 100 шақты адамға ату жазасы орындалып отырды. Тіпті, 300, 400, 500 адамға дейін атылған күндер болған. 1938 жылдың 28 ақпаны — айуандықтың «атаулы күні» болған шығар. Осы күні Бутова полигонында 562 адам атылыпты. Атылғандардың ең жасы – 13 –тегі бала. Есімі — Миша Шамонин. Ең үлкені – 80 жастың шамасы.

Атылғандардың тізіміндегі анықтамада көрсетілгендей Жаһанша Досмұхамедов 1938 жылы тамыз айының 3 күні атылған. Осы күні Бутова полигонында жалпы саны 120 адам ату жазасына кесілген. Бұл полигонның тақтасынан алынған нақты дерек. Ендігі жерде анық қолдануға болады.

1997 жылы Бутова полигонында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Бір траншеяның шеті ашылған. 12 шаршы метр шұңқырдың өзінен 5 бірдей жерлеу қабаты шыққан. Мамандар, осы аядай жердің өзінен 149 адамның сүйегін есептеген. Сұмдықтың шегі жоқ болып тұр тіпті.

Полигонның орынында бұрынырақта жергілікті шаруалардың қора – қопсысы орналасыпты. Шошқа баққан ғой олар осы жерде. Содан бұл қасіретті һәм қасиетті орынның басына дені дұрыс адамдар келіп, жаңағы шошқақораларды жоқ қылып, айналаны абаттандырып, үлкен жұмыстар жасаған. Қазір полигонның ауласы тоғайға айналған. Ауланың ішінде ұзын – ұзын төмпелер жатыр. Бұл марқұмдар жатқан траншеялар ғой кешегі. Осылардың біреуінде Жаһанша да жатыр. Қайсысы екенін ешкім білмейді. Аулада ағаш храм бар екен. Бізді қақпаның басынан шіркеу әдебиетін таратушы Наталья Шалаева қарсы алды. Ішке қарай кіріп, ақпараттық тақталармен таныстық. Тақта тарихтан сайрап тұр. Бәрін суретке түсіріп алдық.

Бүгінгі күні «Бутова полигонының» ауласында «Сад памяти» мемориалдық кешенінің құрылысы жүріп жатыр екен. Полигонда жатқан марқұмдардың есімдері енді «Еске алу бағы» («Сад памяти») мемориалдық кешенінің тақтасында жазулы тұрады. Жұмыстар әлі бітпепті. Дегенмен тақталардың көбі қондырылған. Жағалап келеміз. Алдымызда 1938 жылдың 3 тамызы күні атылғандардың есімдері. Міне – Дос – мухамедов Джаганша! Тақтаға еніпті. Біз үшін тағы бір тарихи жаңалық. Тақтамен танысып жатқан шамада, жанымызға Кирилл әкей келді. Кирилл Каледа – осы жердегі храмның иерейі. Өзінің атасы свяшенномученник Владимир Амбарцумов та жазықсыз атылып, Бутованы мәңгілік мекен қылған марқұмдардың бірі. Әкесі Глеб Каледа – Бутырка түрмесінде священник болған. Дін қызметкері, анау – мынау дегеннен гөрі, осы жерде священномученникті священномученник, священникті священник деген дұрыс секілді.

Кирилл Каледа біздерді өте жайдары қарсы алды. Өзінің негізгі мамандығы – геолог екен. Қазақстанның Ақтөбе облысы, Қызылорда облыстарында іссапармен болған. Тіпті Жымпитының үстімен де бірнеше рет өткен. Орал жайлы да біледі. Шаған өзені есінде екен. Бәрі есіне түсті. Бізді тыңдады. Жаһаншаның қайраткерлігі жайлы естігенде толқыды.

—      Мен бұл жерде жаңа Қазақстанның мемлекеттілігінің басында тұрған Жаһанша Досмұхамедов сияқты тұлғаның жатқанын білмедім. Жаһанша – қай құрметке де лайық адам екен. – деді.

Біздің экспедициялық топ иереймен ұзақ әңгімелесті. Кейін экспедиция мүшесі, Сырым аудандық мешітінің имамы Бақытжан Сабырәлиев Бутова полигонындағы зиратта жатқан марқұм мұсылмандардың және әдейілеп тұрып Жаһанша атамыздың рухына арнап Құран оқыды. Кейін полигонның ауласына Жымпитыдан алып келген бір уыс топырақты салдық. Бір уыс топырақты кері алдық. Бұл топырақты Жымпитыдағы Алаш саябағына алып келдік. Бір қарағанда бір уыс топырақта тұрған ештеңе де жоқ, бір қарағанда бір уыс топырақта көп мағына жатыр. Түсінген адамға…

Келесі күні біз Дон зиратына бардық. Зират өзі аттас монастырьмен жапсарлас тұр екен. Зираттың әкімшілік кеңсесіне кіріп, Дәметкен апамыз Жаһанша атамыздың жары Ольга Константинованың жерленген жерін сұрады. Біздің бұл жерге келген бір шаруамыз осы. Жеңгейдің нақты Дон зиратында жатқанына көз жеткізу.

Ольга Константинованың тегі бір деректе Пушкарева, енді бір мәліметте Колосовская деп жазылса керек. Жаһаңның жарын өз қолымен жерлеген Владимир Рысқұлов нағашы апасының Донда жатқанын аудандағы музейдің басшысы Айнагүл Ойшыбаеваға арнайы жазып жіберген қағазы қолымызда болатын. Алайда, зираттың тіркеу жағына жауапты қызметкері қатталған құжаттардан екі тегімен бірдей іздесе де Ольга жеңгейді таба алмады…

Ал, жаңағы Дон зиратында Алаштың Әлиханы мен белгілі мемлекет қайраткері, өз кезінде Қазақ АКСР – нің Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Нығмет Нұрмақовтың жерлегенгенін біліп бардық. Арыстардың басына барып, құран бағыштай кетуді де ойластырған едік. Зират қызметкері екеуінің жерленген жеріне лезде алып келді. Бар болғаны он шаршы метрдің шамасындай жер отыздай жанның мәңгілік мекеніне айналыпты.

«Здесь захоронены останки невинно замученных и растрелянных жертв политических репрессий 1930 – 1940. Вечная им память!» деп жазылған көп қабірге ортақ көк таста. Бөкейханов пен Нұрмақовқа бөлек тақта орнатылыпты.

«Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бір қарашы!

Танимысың сен мені,

Мен қазақтың баласы!» деген ақын Қасымның жыры жазылған қос арыстың тақтасына. Осы төрт жол өлең түгел Дон зиратын кернеп тұрған сияқты.

Жендет жүйе аруақтардан екі кез жерді де қызғанған сияқты. Алақандай ғана жерде белгілі қолбасшылар: Тухачевский, Якир, Уборевичтер, Сергей Есениннің ұлы Юрий Есенин, тіпті, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болған Левон Мирзоян да қатар қойылыпты. Біраз толқып, өзімізге келген соң, Бақытжан Құралбайұлы Әлихан мен Нығмет аталарымыздың рухына құран бағыштады. Өзімізге келдік дегеніміз бекер екен. Кешегі күні Бутовадан шыққанда да біразға дейін қорғасындай ауыр ойлардан арылмаған едік. Бүгін де біршама тебіреністе болдық.

…Міне, тағы да М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің атшаптырым ауласынан кіріп келеміз. Тағы да дейтініміз, кеше де мұнда соғып, 1907-1911 жылдары Жаһанша атамыз білім алған заң факультетінің корпусында болып кеткенбіз. Корпус сыр беретін корпусқа ұқсамайды. Кешегі ғасырда қалай тұрды, бетіне әдемі сылақты жағып – жағып алып, бүгінгі күні де солай тұр. Дегенмен, көненің аты көне. Кішкене көз тоқтатсаң, мына қабырға, ана еден, мына баспалдақ кешегі Жаһаншалардың жастық дәурені жайлы дастан бастап кеткісі келіп тұр.

Бұл жерде бүгінде Азия, Африка елдері институты орналасқан. Бізге осы күні сол институт директорының орынбасары Азия, Африка және Кавказ елдері кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы Жібек Сапарбекқызы Сыздықовамен жүздесудің сәті түсті.

Жібек Сыздықованың жұмыс кабинетінің терезесі Кремльге қарсы орналасқан екен. Қанша дегенмен қазақ қой, апамыз жайнатып дастархан жайып қойыпты. Осы институттың магистранты, өзіміздің қоңыраттың қызы Арай тәттілеп шай ұсынды. Орыстың астанасында, қызыл Кремльдің түбінде отырғанымыз жайына қалды. Қазақтың төріне келгенде, мерейіміздің тасып кеткенін өзіміз де байқадық.

Бұл жерде оқырмен Жібек Сыздықовы дұрыс танымай отырмын деуі мүмкін. Біз де танымаушы едік. Танысқанымызға қалай қуанышты болғанымызды білсеңіз?

«Меня называют великим горцем. Горец стоит у ног дочери великой степи. Есть ли мечта у эти степи?» Бұл — әйгілі Гамзатовтың сөзі екен. Қазақтың Жібек қызына айтқан тау ақынының сөзі. Жібектің кім екенін, қазақтың кім екенін осы сөз айтып тұрған жоқ па?

Жалпы айтқанда, Жібек Сыздықова — тап – таза қайраткер адам. Оның әйгілі тарихшы екені, тіпті ғалым екені, өлеңге де таласы бар адам екені бәріне белгілі. Бірақ, қазақтың жоғын жоқтап, барын түгендеп жүрген қарасіңір қайраткерлігі деген… Қысқасы, ол бір екі параққа түйе салатын әңгіме емес. Сондықтан Жібек Сыздықовамен Кремльдің түбінде болған әңгімені алдағы уақытта арнайы мақала қылып дайындауға уәде беремін.

Түстен кейін «Жымпиты — Мәскеу» экспедициясының мүшелері Қызыл алаңда қыдырды. Кейбірі тарихи музеймен танысты. Осымен, сапар соңына таяды. Таңмен жолға шықтық. Шілде айының 10 күні түстен кейін Орал қаласында болдық. Біздің келуімізге орай «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының мәжіліс залында баспасөз мәслихаты өтті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

журналист,

Жымпиты – Орал – Мәскеу – Орал — Жымпиты

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар