20.07.2017, 11:58
Қараулар: 488
ФОРУМ ЖАҢА ЖҰМЫСТАРҒА БАСТАЙДЫ

ФОРУМ ЖАҢА ЖҰМЫСТАРҒА БАСТАЙДЫ

07.20.07.17—      Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы — игілікке үндеген дұрыс дүние. Кім – кімде туған жеріне болсын дейді ғой. Енді осы ниетімізді жақсы істермен дәлелдейміз! Кешегі аптаның аяғында Талбұлақ ауылдық округінің орталығында өткен жерлестер форумына қатысқан талдыбұлақтықтардың түйінді сөзі осы болды.

Форумның салтанатты ашылуы ауылдық мәдениет үйінде өтті. Оған Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасының орынбасары Талғат Дарғожиев, Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Қарлығаш Исатаева, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Аян Жоламанов қатысты. Меймандар өздерінің алғы сөздерінде форум жұмысының сәтті басталуымен құттықтады. Кейін форум делегаттары ауыл көркемөнерпаздарының керемет концертін тамашалады.

Осы күні ауыл мектебінің акт залында дөңгелек үстел өтті. Үстел басына жиналғандар елге еңбек ету, ауылды көркейту, бастысы туған жеріне жүрегі байланған жас ұрпақты тәрбиелеу туралы пікірлесті. Талдыбұлақ ауылдық округі – аудандағы даму қарқыны жақсы округтердің бірі. Біраз әлеуметтік мәселелері шешімін тапқан. Сәйкесінше, жергілікті халықтың сауалы да өзгерген. Қазір көп ешкім жеке бастың шаруасын айтпайды. Айтса – ауылдың мәселесін ғана айтады. Мәселен, ауыл тұрғындары кейінгі кездері балалардың ойын алаңы мен спорт алаңын салу, ауыл іргесіндегі бөгетті жөндеу туралы ұсыныстарын айтып жүр. Кешегі жерлестер форумында талдыбұлақтықтар осы шаруаларды өз күштерімен атқаруға келісті. Жұмыстарды жүзеге асыру үшін енді қаражат жинау басталады. Ол үшін ауылдың қадірлі азаматы Сабыр Оразов төрағалық ететін жергілікті қоғамдық келісім кеңесінің жанынан қор құрылатын болды.

Елдің ісі дегенде енжарлық танытып жатқан ешкім жоқ. Сөзімізге мысал, осы ауылдың тумасы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Жанмұрат Балғабаев мырза Талдыбұлаққа үлкен үлес менің атымнан болады деп айтты.

Негізінде, талбұлақтықтардың ортақ шаруа дегенде әуелден ебі бар. Бұл ауыл осыған дейін қоғамдық бастама көтеріп, қомақты қаражат жинап, ауыл шетіндегі зиратты қоршап алған болатын.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Талдыбұлақ ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар