20.07.2017, 11:53
Қараулар: 495
Ғажайып сапар болды

Ғажайып сапар болды

08.20.07.17(Жалғасы. Басы өткен санда)

  1. 05. 2017 жыл

(алтыншы күн)

 Бүгін әдеттегідей ерте тұрдық. Өйткені, уақыт тығыз. Түске дейін әлі үш бірдей нысанға баруымыз керек. Жиналып сыртқа шыққан едік, үйдің алдында Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «ГАЗЕЛЬ» автокөлігі күтіп тұр екен. Мініп алдық та, кеттік.

Біз барған бүгінгі бірінші нысан – «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» Абайдың мемлекеттік тарихи – мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайы. Бұл мұражай қаланың ішінде орналасқан. Түсінікті қылып айтқанда, Шығыс Қазақстандағы Алаш тарихына қатысты дербес мұражай – осы. Еліміз бойынша осындай мұражай Жымпиты мен Семейде ғана бар.

Мұражай тұрған ғимарат – тарихи ғимарат. Неге дейсіз бе?

Неге екені біздің қолымызға тиген Абайдың мемлекеттік тарихи – мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайының «ABAI JOLI» атты екі айда бір жарық көретін газетінің наурыз – сәуір айлары үшін шығарылған санында былай деп жазылған:

«Жалпы бұл музей – үйдің ұлтымыз үшін өзіндік үлкен тарихи маңызы бар екеніне ерекше тоқтала кетуіміз керек. Хәкім Абай кезінде осы үйді жерлесі әрі шәкірті, Алаш қозғалысына белсене қатысушылардың бірі Әнияр Молдабековке сатып алып берген. Және де өзі Семейге қонақтап келгенде осында арнайы түсетін болған.

Азаматтық қарсыласу жылдары Әнияр Молдабековтың үйінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов отбасымен тұрған. Сонымен қатар осы үйде жазушы Мұхтар Әуезовтың да тұрғаны оның жеке анкеталық құжаттарынан белгілі болып отыр.

Абай музейінің баспасөз қызметі

«Алаш – Мұхтар мұражайы жаңғыруда» ,

«ABAI JOLI» газеті, 2017 жыл.

Кіріп мұражаймен танысып шықтық. Қоры бай екен. Нақты қор туралы қазіргі күні дәл ақпарат алу қиын. Өйткені, жаңағы мұражай жуырда Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай құрылыс – жөндеу жұмыстарын көріп, залдар түгелдей экспозициялық жаңғырудан өтпекші.

Келесі барған нысанымыз – Семейдің қалалық тарихи – өлкетану музейі. Музей 7 залдан тұрады екен. Қорында 112 мыңдай жәдігер бар. Музей көрмей жүрген жоқпыз. Семейдің қалалық музейі экспозиция жағынан көркем екен.

Семей қаласында күнінде мұғалімдер семинариясы жұмыс жасады. Бұл оқу орынын бір ғасыр ішінде 45 мыңнан астам маман бітіріп шыққан. Олардың арасында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов, Әзілхан Нұршайықов, Шәкен Айманов сияқты белгілі тұлғалар көп – ақ. Біз қайта біраз тұлғаны айтпай кеттік.

Осы мұғалімдер семинариясы болған ғимаратта бүгін М. Әуезов атындағы педогогикалық колледждің бір корпусы орналасқан. Біздің үшінші нысанымыз осы — М. Әуезов атындағы педогогикалық колледж болды.

Колледжді директор Шағангүл Жақаева таныстырды. Колледж Алаш рухына барынша адал екен. Осы колледжде Манан Тұрғанбеков, Биахмет Сәрсенов, Қазы Нұрмұхамедов сияқты Алаш қайраткерлеріне арнайы дәрісханалар бар екен. Колледждің электронды кітапханасында мәлімет іздегендер үшін «Алаш» папкасы жұмыс жасайды.

Экспедициялық жұмысымыздың сәтті нүктесін колледж студенттерінің Алашорда үкіметінің жұмысы мен қайраткерлерінің рухына арналған әдеби – сазды шарасы қойды. Шараға Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарованың өзі қатысты.

Біз семейліктермен осы жерден қоштастық. Қазір Семей – Астана бағытындағы пойыз вагонындамыз. Таныстық, білістік. Пікір алмастық. Мәлімет толықтырдық. Ғалымдармен сұхбаттастық. Бастысы – ортақ жоспарларды құрдық. Сондықтан Жымпиты – Семей сапары сәтті болды деген ойда бара жатырмыз бәріміз. Аллаға шүкір! Айтпақшы, таңмен Астанадамыз!

  1. 05. 2017 жыл

(жетінші күн)

Бұл жазбаны негізі кеше жазуым керек еді. Семейге сапарымыз сәтімен аяқталғасын, бойымды кішкене жайбарақаттық басты ма әлде кешегі күн ауыр болды ма, әйтеуір кеше күні бойы жазуға отыра алмадым. Оның үстіне тербетілген вагон ұйықтап қала беруіме керім болды. Содан, жетінші күннің жазбасын сегізінші күні жазып отырған жайдамын.

Кешегі күн расыменен ауыр болғаны рас. Астана уақытымен таңғы сағат 05:00 – де Семей – Астана пойызы Астана вокзалына келіп тоқтады. Біздер осы вокзалдағы қонақ үйге тұрақтадық. Тұрақтадық та, таңғы асқа дейін сәл тынығып алуды жөн көрдік.

Біз Астана қаласына тегін аялдаған жоқпыз. Осы күні «Алаш жолымен…» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедициясының мүшелері Астана қаласындағы мемлекет тарихы институтының ғалымдарымен кездесті. Кездесу ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ғимаратындағы жаңағы институттың корпусында өтті.

Бізді әуелі Мемлекет тарихы институтының директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев қабылдады. Амангелді мырза респубика көлеміндегі осындай ірі экспедицияны ұйымдастырып отырған Сырым ауданының жергілікті басшылығы мен аудан әкімі Абат Шыныбековке алғыс білдірді.

Мемлекет тарихы инстутының құрылғанына осы мамырда 9 жыл толады екен. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған институт негізінен қазіргі заман тарихын зерттеп – зерделеумен айналысады. Бізді қабылдаған Амангелді Қашқымбаевтың өзі ХІХ – ХХ ғасырлардағы қазақ – ресей қатынастарын зерттеп жүр екен.

Институттың штатында 50 – ге жуық адам бар. Корпуста институттың жеке кітапханасы орналасқан. Қорында – 10 мың кітап бар. Институт ғалымдарының еңбектерінің әуелгі нұсқасы осы жердегі шағын баспада басылады екен. Ол баспаны да көрдік.

«Алаш жолымен…» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедициясының мүшелерінің Астана қаласындағы мемлекет тарихы институтының ғалымдарымен кездесуіне институттың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, біз бен сізге белгілі Бүркіт Аяған төрағалық етті. Тарихшылар әуелі бізді тыңдады. Экспедиция жұмысы туралы С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева айтып өтті. Алашорда үкіметінің қызметі мен қайраткерлерін насихаттаудағы Сырым ауданының елден ілгері еңбегіне Бүркітбай Аяғанның өзі разылық танытып отыр. Жымпитыдағы Алаш арыстарына арналған саябақ, мұражай, Шығыс пен Батысты байланыстырған телекөпірлер, онлайн жүздесулер, енді мына экспедиция – бәрі де алақандай бір ауданның жасап жатқан шаруасы. Мемлекет тарихы институты біздің осы жұмыстарымызды біліп отыр екен.

Сонымен тарихшы – ғалымдар не дейді? Олар Алашорда үкіметінің қызметі мен қайраткерлерінің есімін насихаттау үшін аймақтық, республикалық деңгей тар, бұл жұмыстарды халықаралық деңгейге шығару керек деп есептейді. Әрі Алашорда туралы ғылым жұмыстар әлем тілдерінде жазылуы керек. Осындай ұсынысты институттың бөлім бастығы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Қарасаев айтты. Экспедиция мүшесі Еркін Мырза Алаш тарихын мектептердегі факультативтік курстарға тақырып қылып беруді ұсынды.

Жалпы кездесудегі пікірлердің көбі аудиожазбаға түсірілді.

Кездесуден шыққаннан кейін жерлесіміз, жосалылық Рауан Үсеновтің қонақасына бардық. Рауан Үсенов 1998 жылдан бері Астана қаласында тұрады. «НАЗИ» деген құрылыс компаниясы бар. Ағамыз мықты құрылысшы ғана емес, мықты меценат та. Осымен нешінші жыл ауылының біраз баласы жазғы демалыс кезінде Астана қаласында тегін дем алады. Рауан ағам биыл да «ЭКСПО — 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне ауыл балаларының келуін өз мойынына алып отыр. Осы жерде Рауан мырза мен оның әріптесі Болатқа экспедиция жұмысына деген жәрдемі үшін де үлкен алғыс айтамыз.

Түстен кейін біздер үшін Астананың көркіне тамсанып, серуендеуге уақыт табылды. Негізгі жұмыс бітті. Біз серуендемегенде кім серуендейді.

Өзім үшін түстен кейін жауапты кездесу болды. Кіммен? Бекболат Тілеуханмен. Иә белгілі қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның жеке қабылдауында болдым. Алаш рухын жаңғыртқан экспедиция туралы ол кісі де жақсы пікірде. Кейінгі әңгімені қазақтың қайғысы, азаматтық рух туралы айттық.

Осы күні кешкілік жолға шықтық. Біө отырған Астана – Ақтөбе бағытындағы пойыз Ақтөбеге түн ортасы ауып кеткен шамада тоқтады. 24 мамыр күні таңда Жымпитыда болдық.

Бауыржан Ширмединұлы,

Жымпиты-Қаратөбе-Ойыл-Ақтөбе-Астана-Семей

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар