13.07.2017, 16:01
Қараулар: 487
Округ әкімдеріне үміткерлер таныстырылды

Округ әкімдеріне үміткерлер таныстырылды

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Сарой, Бұлан, Алғабас, Шолақаңқаты ауылдық округтерінде жергілікті қоғамдастықпен кездесіп, ауылдық округтердің әкімдеріне үміткерлер жөнінде кеңесті.

Төлеген Серікқалиұлы: «Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтер, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, ауылдық округ әкімдері 2013 жылдың 7 тамызында сайланған болатын. Осыған орай мерзімдері аяқталған округ әкімдерінің сайлауы 2017 жылдың 7 тамызына белгіленіп, қазіргі таңда әзірлік жұмыстары жүргізілуде»,- деді.

Жиын барысында аудан әкімі Елбасының саясатымен ауданда жүзеге асырылып жатқан ауқымды істерді атады. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы кәсіби мемлекеттік аппарат құру, жас мемлекеттік қызметкерлерді көтеру, ротация арқылы мемлекеттік қызметкерлердің қызметін ауыстыру мәселелерінің маңыздылығын айтты.

Аудан әкімі Сарой ауылдық округі әкіміне үміткерлер Баделов Роман Ғалымжанұлы, Жакиев Айбол Кәримоллаұлы, Ихсанов Бауыржан Ертілеуұлының өмірбаяндарымен таныстырды.

Округ тұрғындары үміткерлердің сайлауға түсулеріне қолдау білдірді.

Жиын соңында Р.Баделов, А.Жакиев, Б.Ихсанов Сарой ауылдық округінің әкімінің үміткері ретінде сайлауға қатыссын деген шешім қабылданды.

Т.Төреғалиев Бұлан ауылдық округінің әкіміне үміткер ретінде Айнұр Мәлік Жамашұлы, Кубаев Тимур Берікұлы және Уәлиахметова Айнұр Жасұланқызын ұсынып, олардың өмірбаяндарымен таныстырды.

Бұлан ауылдық округінің әкіміне үміткерлерге бұландықтар қолдау білдірді.

Алғабас ауылдық округінің әкімінің лауазымына үміткерлер – Иманқұлов Батырғали Рамазанұлы, Мұхамбетқалиев Нұржан Нәділшеұлы, Хасанов Мейірбек Мәлікұлы.

Т.Төреғалиев Шолақаңқаты ауылдық округінің әкіміне үміткерлер ретінде Айтқалиев Тимур Саламатұлы, Қажымұратов Амангелді Хамидоллаұлы, Өтепов Азамат Инсапұлын ұсынды.

Төлеген Серікқалиұлы ауылдық округ әкіміне үміткерлердің өмірбаяндарымен таныстырды.

Аудан әкімі ұсынған төрт ауылдық округтің де үміткерлері 7 тамызда әкімдер сайлауына түсетін болды. Енді оларды аудандық мәслихат депутаттары сайлайды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар