13.07.2017, 15:57
Қараулар: 368
Екпе егу ислам үшін қайшы емес

Екпе егу ислам үшін қайшы емес

05.13.07.17Біздің Ата заңымыз бойынша мемлекетіміздегі ең қымбат, ең құнды нәрсе – адам және адамның өмірі. Бұған қоса, халқымыз: «Бірінші байлық – денсаулық», – дейді. Бірақ, соңғы кездері округте балаларына екпе алудан бас тартушы ата-аналардың саны жыл санап көбеюде. Екпеден бас тартқандардың басым көпшілігі дін жолындағы ата-аналар болса, бірқатары вакцинациядан кейінгі болуы мүмкін қалыпты реакцияларды желеу қылып, екпеден бас тартуда. Мәселен, соңғы мәліметтер бойынша округте 21 отбасындағы 48 балаға толыққанды екпе жүргізілмеген.

Иә, қоғамымызда дәстүрлі емес діни ағымдар пайда болды. Қазақстан зайырлы мемлекет, сондықтан, әр азаматқа діни сенім бостандығы берілген. Сондай-ақ, елімізде ислам дінінен басқа да діндер өмір сүруде. Исламда сонау Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың кезінен бастап медицинаға айрықша орын берілген. Вакцинадан бас тартып, қарсы шығып жүргендер – дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылар.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім ерте тұрып, құрма жейтін болса, сол адам аурудың алдын алады», – деген екен. Бұл жерден дінімізде аурудың алдын алуға маңыз берілгенін көруге болады. Ислам діні бойынша, адамның өмірі – Алланың аманаты. Ал, аманатқа қиянат жасау – діни көзқарас бойынша күнә. Денсаулыққа көңіл бөліп, салауатты өмір сүру керек. Сондықтан, екпені қабылдап, аурудың алдын алу да ислам дініне сай нәрсе. Теологтардың   айтуынша: «Ислам шариғаты балаға екпе алуға қарсы деп айту қате пікір». Мысалы, қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Олар екпе алмаған жағдайда, қажылық сапарын орындауға рұқсат берілмей жатады. Себебі, екпе алу шариғат үкімі бойынша қандайда бір аурудан емделу үшін дәрі қабылдаумен тең. Халқымыз да «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді емес пе.

Олай болса, түрлі жұқпалы аурулардан қазіргі және болашақ буынды қорғаудың ислам дініне қайшы келмейтін шараларын бүгіннен бастап қолдануымыз қажет.

Қ.Аманғалиев,

Жымпиты ауылдық округі әкімінің орынбасары