13.07.2017, 15:55
Қараулар: 329
 » 
Дәстүрлі дін – құндылығымыз

Дәстүрлі дін – құндылығымыз

Дін – халық мәдениетінің рухани негізі, баға жетпес құндылығы. Қазіргі қоғамдағы жас ұрпақ арасында дін туралы мәлімет беріп, ақпарат тарату – өмір талабы. Себебі оңы мен солын, ақ пен қараны енді ғана ажырата бастап, әлі толық қалыптасып үлгірмеген жас буынға дін туралы түсінік қалыптастыру арқылы оларды кесел-кедергілерден аман алып қалуға болады. Діннің не екенін, мақсаты мен мұратының қандай екенін жете түсінбеген қаракөз қандастарымыз түрлі жалған ағымдардың жетегінде кеткенін көріп жүрміз.

Тәуелсіздігімізді алып, еңсемізді тіктеп келе жатқанда түрлі діни ағымдар да ел ішінде етек жая бастады. Шекарамыздан еркін енген сол ағымдар қоғамдық дертке айналғаны баршаға аян.

Дәстүрлі дін мен дәстүрлі емес діндердің ара-жігін ажырата алмайтын жандар қоғамымызда әлі де көптеп кезігеді. Дәстүрлі дінде заң аясында жүйелілік бар. Дәстүрлі емес діндердің іс-әрекеттерін жүйелі бақылап отыру аса күрделі құбылыс.

Дәстүрлі діндер деп бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі, діни әдет-ғұрыптары, қоғамдық қатынас нормалары мен отбасылық қарым-қатынасы және белгілі бір ұлттың дәстүрлі өмір сүру формасы мен мәдени құндылықтарын жоққа шығармай, өз ілімдері тұрғысынан қабылдап, оған қарсы келмей ұрпақтан- ұрпаққа мұра етіп қалдыратын ерекше құбылыс. Бірақ, дәстүрлі діндерге деген әр қоғамда әртүрлі көзқарастар туындауы мүмкін, оған мысал Ресейде дәстүрлі дін саналатын православия Жапонияда да дәстүрлі саналмауы мүмкін немесе керісіншеде болуы да ықтимал. Ал дәстүрлі емес діни қозғалыстар қоғамда тарихи-мәдени тұрғыда қалыптасқан құндылықтарды, салт-дәстүрлерді танымайтын, оны жоққа шығаратын негізгі діндерден бөлініп шыққан діни ағым.

Бүгінгі күнде имамдардың қайраткерлігі қажет-ақ.

Діни ілімге сусаған көпшілік, әсіресе албырт сезімге жылдам ерік беретін жастар көлденең келген «көк атты» уағызшының сөзіне еріп кетпей, көкейлеріндегі сауалдарын мешіт қызметкеріне қойғаны абзал. Бұл ретте дін өкілдерінің жұртшылықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығын назарда ұстағаны ләзім. Ал жоғарыда айтылған, ұйымдастырылып жатқан шаралар осы бағыттағы ілкімді істің игілікті бастамасы екені анық.

Атадан қалған асыл дінімізді қастерлеу – парыз. Ол бабалар аманаты. Ел іргесінің беріктігі, берекесінің кепілі болар имандылық атты ұлы қасиет ұл-қыздарымыздың бойында қазақы сипатпен көрініс тапса – нұр үстіне нұр болмақ!

Ө.Әменов,

Алғабас ауылдық

округінің әкімі