13.07.2017, 15:52
Қараулар: 319
Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері арттырылды

Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері арттырылды

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында Мемлекет Басшысы 2017-2018 жылдары азаматтардың әлеуметтік қамтамасыз ету деңгейін кезең-кезеңмен көтеру міндеттерін қойды.

Бірінші кезеңде, «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2016 жылғы 29 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, ынтымақты зейнетақы мөлшері 11%-ға арттырылады; базалық зейнетақы мөлшері 13%-ға арттырылады. Нәтижесінде, 2016 жылмен салыстырғанда зейнетақы мөлшерін 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 20%-ға дейін арттыру қамтамасыз етіледі.

2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақының ең төменгi мөлшерi базалық зейнетақы төлемін қоса алғанда 45 711 теңгені, ал ең жоғарғы мөлшері базалық зейнетақы төлемін қоса алғанда 92 747 теңгені құрайды. Ал зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 66 721 теңгеге дейін ұлғаяды.

2017 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сай “Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы” Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізіліп, зейнетақы төлемдерін есептеу үшін алынатын табыс айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 41 еселенген мөлшерінен 46 еселенген мөлшеріне дейін көтерілді. Бүгінгі таңда АЕК – 2269 теңгені құрайды.

Сонымен қатар жоғарыда аталған сәйкес “Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы” 2005 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізіліп, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін жәрдемақы: бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 айлық есептік көрсеткіш (86 222 теңге); төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 айлық есептік көрсеткіш (142 947 теңге) мөлшерінде болып белгіленді. Нәтижесінде бала тууына байланысты берiлетiн бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2017 жылғы 1 шілдеден 20%-ға арттырылады.

Екінші кезеңде, жаңа әдістеме бойынша есептелетін ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы және базалық зейнетақы мөлшері 16%-ға дейін артпақ.

Өсімнің үшінші кезеңі тек базалық зейнетақыға қатысты болады және 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асады. Бұл базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты. Жаңа тәсілге сәйкес, ол, 1998 жылға дейін еңбек өтілі мен 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы аударымдарының келіп түсу кезеңдері кіретін зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай тағайындалатын болады.

Егер азамат тек 10 жыл жұмыс жасап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қаражат аударса немесе мүлдем жұмыс жасамаса, оның базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 54% құрайды, яғни бүгінгі базалық зейнетақы мөлшеріне балама болады. 10 жылдан артық жұмыс жасаған әрбір жыл үшін базалық зейнетақы 2%-ға артады. Мысалы, еңбек өтілі – 20 жыл болса, базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 74% құрайды, 30 жыл жұмыс жасаса — базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 94% құрайды, егер еңбек өтілі 33 немесе одан да көп болса — ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 100% құрайтын болады. Қайта есептеу нәтижесінде ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 100% құрайтын базалық зейнетақы алушылардың саны 45,2% жететін болады, 74-тен 100 %-ға дейін — 44,7%. Базалық зейнетақының орта мөлшері 1,8 есе өседі (ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 87%).

Республикалық бюджет туралы заңға сай 2017 жылғы 1 шілдеден бастап:

1) мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшері – 14 466 теңге;

2) зейнетақының ең төменгі мөлшері – 31 245 теңге болып белгіленді.

С.Төлегенов,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон

комитеті БҚО бойынша департаментінің

басшысы