13.07.2017, 15:43
Қараулар: 414
Ел жүрегі — Астана!

Ел жүрегі — Астана!

08.13.07.17«Экспо-2017» халықаралық көрмесіне кезекті сапар шеккен сырымдықтардың қатарында ардагер ұстаздардың болуы біз үшін көрсетілген үлкен құрмет деп есептейміз. Осы сапар асқақ Астанамыздың және Елбасының туған күнімен тұспа-тұс келді.

Мен 2007 жылдың қараша айында ауданның 13 ардагерімен бірге Астана қаласында экскурсиялық саяхатта болған едім, алайда, Елордамыздың кешесі мен бүгінін салыстырғандағы айырмашылығы жер мен көктей деп айтуға болады. Оған үлкен серпін болған «Экспо–2017» көрмесі. Астананың көркін одан әрі толықтырып, көз тартатын павильондар «Экспо–2017» көрмесіне саяхаттан әрбір елдің бір-біріне ұқсамайтын ерекшелігі тап бір басқа әлемде болғандай күй кештіреді. Менің «Экспо–2017» көрмесінен алған әсерім өте зор. Әсіресе бүкіл әлемдік көрменің басты символы «Нұр-Әлем» павильоны қатты ұнады. 8 қабаттың әр қабатында оттың, ауаның, сылдырлап аққан судың табиғи көрінісін көруге болады. Қысқаша айтқанда әр қабатта энергияның даму тарихы баяндалған. Әр елдің павильондарын аралап салт-дәстүрлерімен таныстық.

Жасыл технологияларды дамыту, балама қуат көздерін табу мәселесі өзекті болып тұрғанда бұл көрме талай бастамаларды іске асыратынына сенімім мол.

Біздің баруымыз Астана күнімен сәйкес келіп түнгі Астананың көрікті жерлерін араладық. Сол кеште біздерді қарсылап алған Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері Жакиев Нұрхат Қуандықұлы (физикадан философия ғылымының докторы) біздерді түнгі Астанамен таныстырды. Соның ішінде әр түрлі түспен жарықтандырылған және музыкамен байланысты бағана биіктігі әлсін-әлсін өзгеріп тұратын фонтандар, «Хан шатыр» тұсында әр түрлі түсті атқылаған оттарды тамашаладық. Бұл ғажап көрініс, сөзбен жеткізу өте қиын. Жалпы барлығы ұнады. «Экспо –2017» көрмесін тамашалауда ардагерлерімізге қаржының көзін тауып қолдау көрсеткен аудан әкімі болған Абат Абайұлына шексіз алғысымды айтамын. Барған ауданында қарқынды және жемісті еңбек тілеймін.

Астанамыз әлі де дамып, көркейе берсін. Біз Елордамызбен мақтанамыз!

 

Ким Федянин,

Ардагер ұстаз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар