25.05.2017, 12:17
Қараулар: 570
Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

???????????????????????????????«Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты Бұлдырты орта мектебіндегі соңғы қоңырау салтанатты шарасына аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Төлеген Төреғалиев, облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов қатысты.

Жас түлектер 11 «а» және 11 «б» сынып оқушылары ұстаздары Гүлзада Көбешовамен, Жұмажан Иманғалиевамен, Аман Бекжанов, алғашқы ұстаздары Роза Галимовамен қол ұстасып шықты.

Республикалық «Танцы без границ» байқауының жүлдегерлері «Керім-ай» би тобы «Мереке» биімен шашу шашты. Мектепті үздік оқыған оқушылар Райымбек Анатолий, Айшолпан Қадырова, Ернияз Бахытов, Мадина Салменовалар мемлекеттік туды көтеріп, әнұран ойналды.

Бұлдырты орта мектебінің директоры Алмагүл Бисалиева оқу жылының қорытындысы бойынша баяндама жасады. Биылғы оқу жылын барлығы 410 оқушы аяқтаса, олардың 99-ы үздік оқушылар, 133-і оқу екпіндісі. Білім сапасының көрсеткіші 56 пайызды құрайды. Биылғы түлектердің ішінен 5 «Алтын белгіге», 1 ерекше үлгідегі аттестатқа үміткерлер шығып отыр.

Мектеп бітіруші түлектерді аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Төлеген Төреғалиев, облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов құттықтап, аудандағы, облыстағы жетістіктерімізді атап өтті. Салтанатты жиынға шақырылған ардагер ұстаздар да жас түлектерге ақ жол тіледі.

Салтанатты шараға мектеп бітіргендеріне 20, 25, 40 жыл болған түлектер де қатысты. Бұлдырты орта мектебін осыдан 40 жыл бұрын бітірген түлектер мектеп ауласына шырша ағашын отырғызса, 25 жылдық түлектер музыкалық аппарат сыйға тартты. Ал, 20 жылдық түлектер көп балалы отбасының балаларына, аналарына сый-сияпат көрсетті.

Оқу жылын үздік бітірген оқушыларға мақтау қағаздары табысталып, үздіктер шеруі салтанат құрды. Мектеп бітіруші түлектер ән айтып, қоштасу вальсін билеп, шар ұшырды.

Соңғы қоңырау соғу рәсімі «Алтын белгі» иегерлері Әли Кішібеков, Гүлназ Бахытова, Мадина Баянғанлиева, Гүлназ Қазақстанова, Фатима Хайржановаға ұсынылды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Бұлдырты ауылы

Осындай атпен кеше Алғабас ауылдық округінің орталығындағы М.Қаналиев атындағы жалпы білім беретін Алғабас орта мектебінде 2016 – 2017 оқу жылының қорытынды салтанатты шарасы өтті. Шараға «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты, Сырым ауданының құрметті азаматы Серік Сүлеймен, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов және округтің әкімі Өркен Әменов қатысты.

— Бүгін – әрбір оқушының өміріндегі маңызды күні. Осы күн арқылы әрбір оқушы өзінің білім әлеміндегі тағы бір биікті бағындырғанын сезеді. Сөзімді мектептің жас түлектеріне арнағым келеді.

Биылғы жылы жоғары оқу орынына түсу тәртіптері өзгерді. Не өзгерсе де, өзгермейтін жалғыз қағида – білімді адам үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Негізгі мақсат, жоғары оқу орынын оқып, диплом алуда емес. Әркімнің өмірде өз орыны бар. Сол орындарыңызды табыңыздар. Өмірлік бақытты еңбектен іздеңіздер! Сәт сапар, жас түлектер! – деді Серік Сүлеймен мырза өзінің құттықтау лебізінде.

Салтанатты шараның келесі сөзін алған аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың айтуынша, Сырым ауданы өз бюджетінің басым бөлігін білім беру саласына бағыттап отыр. Бәрі де ұрпақтың сапалы білім алуы үшін. Осы сияқты ауыл мектебінің 1988 – 87, 1991 – 92 жылғы түлектері де тілек білдіріп, мектеп игілігіне кәдімдігдей қомақты сыйлықтар табыс етті. Көбі негізінен мектеп бөлмелеріне пайдалы дүниелер сыйлады. Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар!» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына алғабастықтар осылай атсалысып жатыр.

М. Қаналиев атындағы Алғабас орта мектебі осы оқу жылын 237 оқушымен аяқтады. Олардың 21 – і – мектеп түлегі. Мектептің оқушылары жыл ішінде білім, мәдениет, өнер, спорт, тіпті робототехника салалары бойынша да жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Салтанатты шарада үздік табысы бар бірқатар оқушылар марапатталды.

Шарадан кейін Шараға «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты, Сырым ауданының құрметті азаматы Серік Сүлеймен жас түлектермен кездесті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Алғабас ауылы