25.05.2017, 12:01
Қараулар: 354
Екпе алғаның – аурудың алдын алғаның

Екпе алғаның – аурудың алдын алғаның

Ауданымызға М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің доценті, медицина ғылымдарының докторы Гүлшат Матайқызы Құлниязова келіп, аудандық аурухана қызметкерлерімен, Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектептің ұстаздарымен, ата-аналарымен кездесті.

Гүлшат Матайқызы өз дәрісінде иммунопрофилактиканың арнамалы және бейарнамалы болатынын, вакцина түрлері жайында айтып, Дүние жүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының аурушаңдыққа қатысты көрсеткіштерін қолданды. ДДСҰ-ның көрсеткіші бойынша жұқпалы аурулардан 2,5 млн сәби қайтыс болыпты. «Егер олар алдын ала сол ауруларға қарсы егілген болса, ол сәбилер бүгінде тірі болар еді»,- дейді Г.Құлниязова. Сіріспемен ауырған балалардың 50 пайызы шетінеп кетеді екен. Күл, қызылша, ауруларының зияны мен залалы шаш-етектен. Біздің елімізде 27 жұқпалы ауруларға қарсы екпе жасалады. Олардың 11-ін міндетті түрде алу керек екен. Бала дүниеге келгеннен соң 24 сағат ішінде В гепатитына қарсы екпе жасалады. Одан кейін 1 тәуліктен кейін туберкулезға қарсы БЦЖ екпесі салынады екен.

Екпенің маңызы жайында медицина қызметкерлерін, ұстаздар мен ата-аналарды мол мағлұматқа қанықтырған М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің доценті, медицина ғылымдарының докторы Гүлшат Құлниязова қойылған сауалдарға да жауап берді.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА