25.05.2017, 11:56
Қараулар: 359
Лагерьлерде демалу үшін

Лагерьлерде демалу үшін

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, білім беру мекемесімен көрсетілген мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру, мемлекеттік қызмет алушыларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп балабақша кешенінің жанынан маусым айының 5-інен бастап үш ауысым бойынша жазғы демалыс лагері жұмысын бастамақшы. Осы жазғы тынығу тоқсанында 105 оқушыны мектепішілік жазғы демалыс лагеріне қамтамақшы болып жоспарлануда. Олардың ішінде көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары бар.

Балалардың қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуы үшін аудандық білім беру бөліміне құжаттар қабылданып және жолдама беріліп, мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

Лагерьге келген демалушыларды күнделікті мектеп медбикесі денсаулықтарын тексеріп, олармен сауықтыру іс-шараларын жүргізеді. Жазғы лагерьде балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмайды. Арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша балаларға тамақ беріледі.

«Мәңгілік Ел» құңдылықтары аясында тақырыптық іс-шаралар жоспары жасақталып, тақырып бойынша тапқырлық, көшбасшылық сайыстары ұйымдастырылып озаттар марапатталады. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында өлкеміздің тарихын танып-білу мақсатында мектеп мұражайында танымдық тақырыпта шаралар ұйымдастырылып, аудандық өлкетану музейлеріне, «Алаш», «Қадыр» саябақтарына саяхат ұйымдастырылады. Кәсіптік білім беру бағдарламасына сәйкесті «Сырым» колледжіне және т.б қызметтер орындарына саяхатқа шығады.

Бір мезгіл оқушылар сурет салып, тақпақ жаттап, ән салады. Күнде жоспар бойынша таңертеңгілік жаттығулар, ертеңгіліктер, сайыстар өтеді. Тәрбиешілер әр күнге белгіленген түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, балғындардың демалысы қызыққа, қуанышқа толы болуына бар күш-жігерлерін, өнерлерін аямауға тырысып бағады.

Демалыс орнында балалардың демалуына барлық жағдайлар жасалынған. Олардың емін-еркін ойнауына арналған арнайы алаңдар, бөлмелер жабдықталады, демалушылар ойын-сауық құралдарымен толық қамтамасыз етіліп, музыкалық, спорттық, шығармашылық және интеллектуалдық сайыстарға да белсене қатысады.

Осылайша лагерьдің әр күнін мәнді де сәнді өткізуге тырысамыз.

Н.Құлмұханова,

Жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешені директоры

Жазғы демалыс

Басқа да мақалалар