25.05.2017, 11:14
Қараулар: 412
Алаштың арда бір ұлы

Алаштың арда бір ұлы

Алаш қозғалысының басты мақсаты – Қазақ елінің өзін-өзі басқару, ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, нарықтық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқығын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Қазақты «ұлт» ретінде сақтап қалу болды. Алашордалықтарды жою бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы үрдіс Алашорда қайраткерлерін биліктен ығыстырып шығарды. Одан кейін бұл үрдіс 1925-1930 жылдары қайта жалғасты. Үшінші кезең 1937-1938 жылдары шарықтау шегіне жетіп, қазақ зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратты. Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтар секілді алаштың арыстары болды. Солардың бірі Мұхамед-Хафиз Мырзағалиев.

Мұхамед – Хафиз Мырзағалиев (1887 – 1938) – қоғам және мемлекет қайраткері. 1887 жылы Орал облысы, Қараоба болысы, Дуанакөл ауылында (Ақжайық ауд.) дүниеге келген. Тегі- Жетіруға жататын кердері руы. Әкесі Ж.Мырзағалиев Жайық өңіріндегі оқыған, сауатты, орта дәулетті адам болған. Мырзағалиев болыстық орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін, Орал реалдық училищесіне оқуға түсті. 1908-1914 жылдары Саратов губерниясының Марийнск ауыл шаруашылық училищесін оқыды. 1914-1917 жылдары Самара губерниясы, Жаңаөзен уезі, Александр-Гай станциясында учаскелік агроном болды. 1917 жылдың аяғында елге оралды. 1918 жылы қаңтарда Жайық сырты земство дауыс берушілері жиналысында Жайық сырты земство управасының мүшесі болды. Айтылмыш жергілікті өзін-өзі басқару құрылымы мен Орал Войско үкіметі жер мәселесін шешу үшін бірлесіп құрған Одақтық Жер комитетінің құрамына кірді. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен ІІІ Орал облыстық қазақ сьезінде Жаһанша және Халел Досмұхамедов тобынан ірге ажыратып, Ғ.Әлібеков, Е.Қасболатов, т.б құрған «Ақ жол» ұйымына қосылды. Сьезден соң Қасболатов ,Әлібековпен бірге Орал қаласына келді. 1918 жылы 29 наурызға қараған түні Орал Совдепін қуып таратқан Орал Войско үкіметі Мұфтах Меңдіғазиевтің үйінде заңсыз сақтағаны үшін «Ақ жол» тобы мүшелерімен бірге тұтқандады. Облыстық земство басқармасы төрағасының орынбасары Қ.Жәленовтің көмегімен босатылып, елге келді. 1919 жылы наурызда Ғ.Әлібеков тобының ұйғаруымен Орал қаласына келіп, РК(б)П қатарына өтуге арыз берді. Ақ казактардың Орал қаласын көктемгі қоршауы кезінде Қызыл армияның 22-дивизиясының 66-жеке қазақ атты әскер эскадроны қатарында қала қорғанысына белсене қатысты. Жайықтың сол жағалауына бойлай еніп, ақ казактардың тылында барлау жұмыстарын жүргізді.

1919 жылы қыркүйекте Жайықтың қазақ бөлігі мен Бөкей ордасын басқару үшін құрылған Қазревком Орал бөлімшесінің кандидаты, кейін осы басқару органы төрағасының орынбасары, 1919 жылы қарашадан бастап Жымпиты уездік ревкомының мүшесі. 1920 жылы 21-қаңтардағы Орал РК(б)П губерниялық комитетінің шешімімен Жымпиты уездік ревкомның төрағасы болды. Сол жылы мамырда РК(б)П Қазақ облысы ұйымдастыру бюросының құрамына енді. Тамыздың басында Бүкілресейлік Төтенше комиссиясының уәкілетті өкілінің орынбасары және Орынбор – Торғай Төтенше комиссиясының төрағасы болып тағайындалды.

1920 жылы қазан айында өткен Бүкілқазақ кеңестерінің құрылтай съезінде Қазақ АКСР-і ОАК мүшесі және ішкі істер халкомы болып сайланды.

Желтоқсанда Қазақ АКСР-і Халкомкеңесі төрағасының орынбасары және Қазақ еңбек және қорғаныс кеңесінің төрағасы.

1921 жылы 27 қаңтар-11 маусым аралығында РК(б)П Қазақ облысы бюросы төралқасының жауапты хатшысы болды. Осы қызметте республиканың соц. жолмен дамуының өз ерекшелігі барын, партияның орталықтағы қызмет тәсілдерін Қазақстанға қарапайым көшіре салуға болмайтынын табанды түрде дәлелдеді.

1921 жылы маусымда өткен РК(б)П облыстық конференциясында Мырзағалиевтың тезистері ұлт саясаты жөнінде қабылданған қарарға негіз етіп алынды. Осы жиында ол РК(б)П Қазақ облыстық комитетінің жауапты хатшылығына сайланды.

2-Бүкілқазақ съезінде (1921, қазан) Қазақ АКСР-і ХКК-і төрағасы болып сайланды. 1922 жылы қазан айының орта шенінде РК(б)П Қазақ облкомитетінің төралқасының мәжілісінде мәселелері қаралған бұрынғы Алашорда қайраткерлері А.Кенжин мен С.Қаратілеуовті қорғап сөйледі. Сол қазан айында партиялық тазарту жөніндегі Орталық бақылау комиссиясының араласуымен халкомкең төрағасы қызметінен босатылды.

1923 ж. қаңтарда РКФСР ХКК-і жанындағы Қазақ АКСР-і өкілі болып тағайындалып, Мәскеуге жіберілді. 1925 жылы маусым айында Қазақ өлкелік партия к-тінің Қазақстан аумағын межелеу жөніндегі комиссиясының құрамына кірді. Ол БОАК комиссиясының алдына Торғай облысының төңкеріске дейінгі шекарасын қалпына келтіру, Қостанай және Ақтөбе губ-ларын Қазақ АКСР-і құрамында тұтас қалдыру, Орынбор губ-ның қазақтар тұратын бөлігін Қазақ АКСР-і аумағына   қарату жөнінде принципті мәселелер қойды. Мырзағалиев тезистері Қазақстан үкіметінің осы мәселе бойынша ұстанған позициясына негіз етіп алынды. 1926 жылы орта шенінде Қазақстанға оралды. КАКСР ОАК мүшесі.

1926 жылы 30 маусым – 1929 жылы 28 мамыр аралығында Қазақ АКСР-і қаржы халық комиссары болды.

1930-37 жылы РКФСР Жер шаруашылық халкомында жауапты қызметтер атқарды. 1938 жылы революциялық қызметтегі серіктері өрескел заңсыздықтың құрбаны болғанын естіп, Алматы қаласына келгенде ІІХК органдары тарапынан тұтқындалып, саяси қуғын-сүргінге ұшырады.

1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

20 жыл бойы қазақ жұрты осы күнді ерекше құрметпен атап өтіп келеді.

Ұлты мен діні, тілі мен діліне қарамастан, мыңдаған адамдар, тоталитарлық жүйенің диірменіне тү¬сіп, өзгеше ойлағаны үшін күнәсіз сотталып, туған жерлерінен аяусыз айдалып, түрмелерде жазықсыз көз жұмды. Бүгінгі жас ұрпақ үшін, азат, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парыз.

А.Маратов,

C.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар