11.05.2017, 10:52
Қараулар: 288
Өңір басшысының ауданға сапары

Өңір басшысының ауданға сапары

03.11.05.17Кешегі аптада Сырым ауданына жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов келді.

Өңір басшысы әуелі Алғабас ауылдық округінде болып, Сырым ауданының елді мекендерін газбен жабдықтау жоспары негізінде Тоғанас, Аңқаты, Қарағанды, Құспанкөл және Сасықкөл бағыттары бойынша атқарылып жұмыстардың орындалу барысымен танысты. Жұмыс барысы туралы жаңағы елді мекендерге жоғары қысымды газ желісін жеткізуге жауапты мердігер “Алия Сервис” серіктестігінің бас инженері Әнуар Марданов баяндады. Бас инженердің айтуынша жоспар 60% — ға орындалған. Жұмыс екі ауысыммен жүруде.

Тоғанас, Аңқаты, Қарағанды, Құс­панкөл және Сасықкөл бағыттары бойынша газбен жабдықтау жұ­мыстары сәтімен аяқталса, Сырым ауданының газдандыру деңгейі 100 % — ға жететін болады. Облыс әкімі бұл игілікті Сырым ауданының әлеуметтік – экономикалық әлеуетіндегі басты басымдығының бірі болады деп атап өтті.

Қарасу мөлтекауданы – аудан орталығының құрылыс қарқыны жоғары бөлігіне жатады. Биыл осы мөлтекауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңадан 14 тұрғын үй бой көтереді. Күні кеше айында осы мөлтекауданның кіреберісіндегі Қолғанатов және Асадуллин көшелерінде жаңа жолдың құрылысы басталды. Бұл екі жобаның жалпы құны 170 миллион теңгені шамалайды. Бұл жұмыстармен бірге, жаяу жүргіншілер жолы мен көшелерді жарықтандыру шаруасы қоса атқарылады. Аудан орталығының инфрақұрылымын дамытатын осындай жобалардың сәтті жүзеге асуын облыс басшысы да қолдады. Инфрақұрылым дегеннен шығады, Қарасу мөлтекауданында алдағы уақытта жаңа мектеп пен балабақша сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысы да жоспарланып отыр.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов осы күні Аралтөбе ауылдық округінің ауыз су жүйесін қайта жабдықтау жұмыстарының да басында болды. Мердігер “Газстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі негізгі жұмыстарға кіріскелі аптаның шамасы болып қалыпты. Бұл жұмыстар үшін жергілікті бюджеттен 275, 164 млн теңге қарастырылған.

Серіктестіктің өндірістік директоры Александр Гасилиннің айтуынша, қазір ауыз судың І нүктесі жөнделуде. Бұл нүктеде 6 су шұңқыры болады. ІІ нүктеде су жинақтайтын 2 резервуар салыну жоспарға енген. Бұған қоса ауылішілік құбырлар тарту жұмыстары басталыпты. Жұмыс жыл аяғында тапсырылу тиіс. Бірақ мердігерлер, межені мерзімнен бұрын орындауға ниетті.

Аралтөбе ауылдық округінің орталығы сияқты, биыл Жосалы ауылдық округіндегі Қоңыр және Тамды ауылдары да орталықтандырылған ауыз судың игілігін көре бастайды. Облыс басшысы Жосалы ауылдық округінде де арнайы болып, жұмыстарды көзбен көрді. Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша 55 елді мекен орталықтандырылған таза ауыз су жүйесіне қосылады.

Өңір басшысы өзі болған жұмыс нысандарының барлығында негізгі екі мәселеге маңыз берді. Біріншісі, тапсырыс беруші тарап пен мердігерлердің өз міндеттеріне аса жауапты болғаны. Себебі, салбыр — салақ жұмыстың кесірі ең әуелі халыққа тиеді. Екінші мәселе — жергілікті жерлерде жүзеге асып жатқан мемлекеттік жобалар арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту. Мердігерлер жағы бұл мәселе шешімін табады деп отыр. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өзі мүдделі болғаннан кейін, біздің жергілікті тұрғындардың өз ауылындағы атқарылып жатқан жұмыстарға орналасуы оңайланатын шығар деген үміттеміз.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Сырым ауданындағы жұмыс сапары кезінде Жосалы ауылдық округіне қарасты Былқылдақ елді мекенінде орналасқан асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын «Талап» шаруа қожалығының тынысымен танысты.

Сырым аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, 2010 жылдан бері жұмыс жасайтын «Талап» шаруа қожалығының иелігінде 600 бас ірі қара, 30 – тарта жылқы және 1600 шақты ұсақ мал бар. Шаруашылық аумақта 10 тұрғын үй (23 пәтердің есебі), асхана, монша, кеңсе, 2 қойма, 2 су шұңқыры, азық — түлік дүкені, ұрықтандыру пункті, мал сою алаңы және 7 шаруашылық кешен бар. Қожалықта 33 адам тұрақты жұмыста. Маусымдық жұмыстар кезінде жұмысшылар саны екі, тіпті үш есеге дейін өседі. Біз осыған дейін «Талап» шаруа қожалығының байланыс саласындағы барлық инновациялық игіліктерді пайдаланып отырған шаруашылық екенін де жазған болатынбыз. Бұл шаруашылықтың басты кеңсесі жоғары жылдамдыққа ие ғаламтор жүйесімен жабдықталған әрі бұл шаруашылықтың иелігіндегі түліктің бәріне электронды чип орнатылған.

—        «Талап» шаруа қожалығы өте кәсіби тұрғыда жұмыс жасайтын шаруашылық. Бұл шаруашылық мемлекеттік қолдаудың барлығын сезініп отыр, сәйкесінше өз жұмысшыларына жұмыс жасауы және өмір сүруі үшін барлық қолайлы жағдайды туғызып отыр. Қазіргі күні малшы, мал дәрігері, механизатор сияқты ауылшаруашылық кадрларын табу қиын. Бұл кадрларды табудың әрі өнімді жұмыс алудың бір жолы – жағдай жасау. «Талап» шаруашылығы бұл тәжірибеден ұтылып отырған жоқ. – деді. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өзінің ақпарат өкілдеріне берген сұхбатында.

Өңір басшысы басқа шаруашылықтарға Елбасы Н. Назарбаевтың елдің дамуында аграрлық секторды драйвер ретінде ұстау жөніндегі тапсырмасын осындай нақты мысалдармен жүзеге асыруға кеңес берді.

 Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

 Суреттерді түсірген автор