11.05.2017, 10:38
Қараулар: 346
Майдангерге ұрпақтары ас берді

Майдангерге ұрпақтары ас берді

01.11.05.17Қособа ауылының тумасы, майдангер Мерғали Сатаевтың туғанына 110 жыл толуына арнап 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай ұрпақтары ас берді.

Мерғали Сатаев Ұлы Отан Соғысына бастан аяқ қатысқан майдангер ақсақал соғыстан соңғы өмірін елдегі ауылшаруашылығы өркендеуіне қолдап істеп үлес қосқан жан.

Ұлы Ыбыраймен оның ұрпақтарын еңбекқор болып өсуге, елін жерін сүюге баулыды. Өзі де үкіметтен лайықты құрмет көрді. Елбасының «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға, ұлттық кодымызды ұмытпауға қосқан үлестің бірі болған ас мазмұнды өтті.

Мерғали Сатаевтың үлкен ұлы мәрт азамат Ыбырай аға да өмірден өткенмен кіші ұлы Сембай, Мерғалидің немерелері Ілияс, Меңдіқайыр, Нұрымжан, Әділхан бірігіп, аталарына айта жүрерліктей ас берді. Астың маңызды бөлігі дала қызықтары болды. «Қамыстыкөл» қыстағында өткен дала қызықтарының басы тай байгесінен бастау алды. 6 шақырымдық тай бәйгесінде І-орын 30 мың теңгені бұлдыртылық Боранбай Айтмақов қанжығасына байланса, ІІ-орын 20 мың теңгені Бөрлі ауданынан келген Қайнар Налыбаевтың тайы еншіледі. Он мың теңгелік үшінші орынды жымпитылық Ерлан Дауыловтың құла қасқа тайы олжалады. Құнан бәйге одан гөрі қызықтырақ өтті. Мұнда І-орынға тігілген 50 мың теңгені саройлық Қайнар Бөлешев қанжығаға бөктерсе, ІІ-ші 30 мыңдық жүлдені көздіғаралық Серік Мүтиевтің құнаны қапысыз иеленді. Ал үшінші орынға тігілген 20 мыңды бұлдыртылық Б.Айтмақов қанағат тұтты. Ат бәйгесінің қан қыздырар қызығы 16 шақырымдық аламанда болды. Өңірдегі жарыстарда бақ сынап жүрген жүйріктерден құралған бұл аламан бәйгеге тойшы қауымның тегіс назарын аударды. Сөреге онның үстінде дәмелі жүйрік топтасты.

Ат айдаушының белгісімен бірге тізгін босатқан арғымақтар тобының түйіні біразға дейін тарамай шапты. Әйтседе көз көрінім ұзаған топтан шыққан екі-үш тұлпардың ағыны қатты. Екінші айналымнан кейін кезек озған үш жүйріктің екеуі мүлдем бір-бірінен мойын оздырып соңғы айналымға жетті. Соңғы айналымда екеуі ғана қалған қос тұлпардың шабысына сүйсінбеген жан болмады. Мәреден сәл озық өткен жүйрік өңірлердегі аламанда 18 байге алған, оның ішінде 11-інде бас бәйгені алған көздіғаралық С.Мүтиевтің атақты «Байшұбар» атты тұлпары болса, оған тұңғыш рет қауіпті бәсекелес бола алған аралтөбелік әйгілі атбегі Мүтәлі Төреғалиевтің «Сұңқар» аты үш жасар жүйрігі екен.

Қос жүйріктен көш кейін келген жүйрік Ақсай қаласынан келген Шынтемір Есмақовтың аты болды. Аламанға тігілген бәйге де ақшалай бірінші орынға 100 мың, екінші орынға 50 мың, үшінші орынға 30 мың тігілген.

Соңғы жылдары дала қызығының бірі болған «Қой көтеру» бәсекесі де тартысты өтті. Салмағы 70 келіге жуық дәу қошқарды бір-екі рет көтеруден аса алмағандарда болды. Күш атасын танымас деген, қайыңқаптал жас жігіт Темірлан Ғаббасов 60 рет көтеріп қарсыластарынан қара үзді. Бұл оның 21-ші олжасы екен. Бұдан соң жас бүлдіршіндер арасында күрес өткізілді.

Жеке-жеке жеңіске жеткендердің бәріне ақшалай сыйлық берді. Баған басына өрмелей білген бүлдіршіндер телефон, спорттық аяқ киім сияқты бағалы сыйлықтар алды. Дала қызығы кезінде жылжымалы дәмхана ұйымдастырылып, той қонақтары тегін дәм татты.

Далада өткен өнегелі шараның соңы Қособа ауылындағы «Тұмар» кафесінде қонақасы беруге ұласты. Оңда сөз алған қонақтар, майдангердің өнегелі өмірі мен ұрпақтарына ұласқан ұлағат туралы тебірене сөйледі.

 Махмет Қажиахметов,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі.