11.05.2017, 10:36
Қараулар: 264
Жауынгер сүйегі Гомельден табылды

Жауынгер сүйегі Гомельден табылды

06.11.05.17Арада 72 жыл өткенде, биылғы жеңіс күні мейрамы қарсаңында әкемнің әкесі Қажиахметтің туған інісі Хамсина атамыздың жерленген жерінен хабар алып қуанып қалдық.

 Сырым ауданынан (бұрынғы Жымпиты ауданы) Жетікөл ауылының тумасы Есмолдиев Хамсина 1941 жылы майданға аттанған. Артында жары Ақкенже мен балалары қалған. Беларусь майданында 2 рет ауыр жараланып, госпитальде емделгендігі жөнінде хат келген. 1943 жылдың аяғында ерлікпен қаза тапқандығы жөнінде «қара қағаз» келген. Кейін ұрпақтары іздестіргенмен нәтижесіз болды. Тек бұдан 5-6 жыл бұрын Сайлау деген кенже ұлынан туған немересі Асхат әскери комиссариат арқылы іздестіріп, күмәнділау деректер тапқан. Онда аты-жөні дұрыс жазылғанымен туған жері Жәнібек ауданы делінген екен. Кейін іздеуді жалғастырған немерелері аталары туралы нақтырақ деректер тапқан. Майдангердің Сами, Мақсот, Максим атты үш ұлынан көрінген үш немересі Гомель қаласына барып бауырластар зиратында бір уыс туған жер топырағын салып, тәу етіп, құран бағыштады. Сонымен қатар әскери жергілікті комиссариаттан нақты деректерге көз жеткізіп, құжаттар көшірмесін, естелік кітап данасын алған. Бұл деректерде жауынгер Х.Есмолдиев БҚО Жымпиты ауданы, әйелі Ақкенже деген деректер бар екен. Бұл біздің атамыз екені анық деген сөз. Жауынгер Х.Есмолдиевтің сүйегі 1960 жылы ұрыс даласын зерттеу кезінде табылған екен. Бірақ 1965 жылы ғана есімі ескерткіш тақтаға жазылып, тізімге түскен. №41 атқыштар дивизиясы құрамында Май деревнясы маңында 1943 жылдың 15 желтоқсанында ерлікпен шайқаста қаза болған Хамсина, аталарының басына барып, ұрпақ парызын өтеп қайтқан немерелері Болат, Самат, Марат бауырларыма аталарының аруағы разы болсын. Х.Есмолдиев атының есімі Сырым ауданы орталығында мемориалдық тақтада және Жетікөл ауылындағы Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіште жазылған.

Махмет Қажиахметов