4.05.2017, 11:19
Қараулар: 609
І аймақтық Қадыр оқулары өтті

І аймақтық Қадыр оқулары өтті

04.04.05.17Сырым ауданының орталығы Жымпитыда тұңғыш рет І аймақтық Қадыр оқулары өтті. Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын бұрын соңды насихаттау ісінде ақын оқуларының облыстық деңгейден асып тұрғаны — осы. Бұл шара тікелей Сырым ауданы әкімдігінің ықпалы арқылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің қолдауымен оздырылып отыр.

Сырым елі шараның қатысушылары мен құрметті қонақтарын салтанатты түрде батыр, шешен, дала реформаторы Сырым Датұлының кесенесінің тұсынан қарсылады. Осы маңда әйгілі тарихи орын Сырым шыққан төбе орналасқанын көбі білетін де болар. Меймандар кейін ауданның орталығындағыақын Қадыр Мырза Әліге арналған ескерткіш пен Алаш саябағындағы монументтің басында болды.

І аймақтың Қадыр оқуларының салтанатты ашылуы шарасы Жымпитыдағы Қ. Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектепте өтті. Алғы сөзді Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков сөйледі.

— Елбасы Н.Назарбаевтың жуырда жарияланған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында ұлттың саналық жаңғыруы жайлы айтылды. Саналық жаңғыру арқылы қазақтың рухы жаңарады. Ол үшін қазаққа Қадыр керек деп ойлаймын. Адам рухани түлеу үшін Қадырдың поэзиясын оқу керек.

Қадырдың айтқаны бар: «Күн нұрсыз, көк бұлтсыз, жапан жаңбырсыз болуы мүмкін емес!» Осы сияқты қазақ поэзиясы да Қадырсыз болуы мүмкін емес сияқты. Қадыр – насихаттауға зәру ақын емес. Оның жырлары баланың да, дананың да жүрегінен сөйлейді. Бірақ, насихаттағанның артығы жоқ. Ақынның туған ауданы Сырым елі Қадырдың шығармашылық мұрасын насихаттау ісінде үлескер болуға дайын. –деді аудан басшысы.

І аймақтық Қадыр оқуларына Батыс Қазақстан облысынан бөлек, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының мектеп оқушылары қатысты. Олар «Сөздің бәрі құдіретті..» атты ақын шығармаларын жатқа айту, «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда…» атты ақын сөздеріне жазылған әндерді орындау және «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін…» атты ақынға арналған авторлық өлеңдер байқаулары бойынша өзара шеберлік сынасты. Қадыр оқуларының қазылық құрамында Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Қадыр Мырза Әлі атындағы қордың директоры Донеділ Қажымов, ақын, Кітапхана ісінің ардагері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Роза Исатаева, «Ақберен» ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы, ақын, журналист, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла, қадыртанушы Мақсот Берген сияқты елдегі әдеби ортаға белгілі адамдардың болғанын осы жерде арнайы айта кетейік.

Әр облыс өзінің ауданы мен ауылынан аралап, алалап тұрып, мынадай шығармашылық бәйгеге ең үздіктерін ғана қосқаны белгілі нәрсе. Қазылардың да қиналған тұсы осы болды. Қатысушылардың бірен – сараны болмаса, басқалары бірі бірінен бөліп алары жоқтар. Оған жарыс бөлмелерін аралап жүрген кезде өзіміз де көзімізді жеткізіп, сосын айтып отырмыз. Қадырдың қырғын өлеңін жатқа соғатын қаршадай балалар да, кәсіби әншілерден бір мысқал кемдігі жоқ балғын әншіні де, бұрқыраған шабыты бар жас шайырды да кешегі Қадыр оқуларынан көрдік.

І аймақтық Қадыр оқуларының қорытынды галаконцерті аудандық мәдениет үйінің салтанат залында өтті. Сөзді көп айналдыра бермей, бірден нәтижеге тоқталсақ та дұрыс сыңайлы. «Сөздік бәрі құдіретті…» атты Қадыр Мырза Әлі шығармаларын жатқа оқу бөлімі бойынша бас жүлдені Асылгүл Шаужан жеңіп алды. Асылгүл – Жымпитыдағы Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептің оқушысы. Ақынның сөздеріне жазылған әндерді орындаушылардың сайыстық кезеңінде Ақтөбе қаласындағы №32 жалпы білім беретін мектеп – интернаттың оқушысы Айхат Едіге сәтті өнер көрсеткен болатын. Айхаттың сол сәтті өнері оның әншілердің үздігі атануына себеп болды. «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін…» атты Қадыр ақынға арналған авторлық өлеңдердің байқауында Атырау облысы, Индер ауданындағы Махамбет атындағы орта мектептің оқушысы Дильназ Борисова Бас жүлденің иесі атанды. Жеңімпаздарды қазылардың төрағалары марапаттады. Бұдан бөлек, барлық жүлдегерлер мен қатысушыларға арнайы марапаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Қадыр оқуларына мықтылар көп келді дедік. Кеше сол мықтылардың мықтысына арнайы жүлде табыс етілді. Сырым ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне «Сөздің бәрі құдіретті дегенмен…» атты Қадыр ақынның өлеңдерін жатқа айту сайысына қатысушы өзіміздің Тасқала ауданындағы Қ. Сәтпаев атындағы мектептің оқушысы Ғазез Қасымжомартәлі ие болды. Жүлдені және бағалы сыйлық ноутбукты Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтың өзі тапсырды. Облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының өкілі Өтебай Құспанов білім беру саласында Қадыр шығармашылығын насихаттауды жақсы жолға қойғаны үшін Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековты марапаттады. Осындай мазмұндағы алғыс хатты Қадыр Мырза Әлі атындағы қордың директоры Донеділ Қажымов Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының білім беру басқармаларының өкілдеріне салтанатты түрде табыс етті.

Қорытынды сөзді шараның құрметті қонағы, Қадыр ақынның жары Салтанат анамыз сөйледі. Ол Жымпиты жұртына, ақынның өлеңдерін жатқа оқитын жас буынға, ақынын ұмытпаған елге алғыстан артық ештеңе айтқан жоқ. Аудан басшысы Салтанат ханымға аудандағы «Жас суретші» үйірмесінің жетекшісі Мұса Сұлтанғалиевтің қылқаламынан шыққан Қадыр ақынның портретін сыйлады.

Шара қатысушылары осы күні тележурналист Мұнайдар Балмолданың ақын Қадыр Мырза Әлидің өмірі мен өнерін қамтитын «Өлеңнің туын жықпаған!» атты деректі фильмін тамашалады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар