1.04.2017, 10:52
Қараулар: 329
Көшелердегі мереке

Көшелердегі мереке

02.01.04.17Биыл тұңғыш рет Сырым ауданының орталығындағы басты көшелер Наурыз мерекесін өздерінің көшелерінде тойлады.

Мейрамның алғашқы дүбірі Қарасу мөлтекауданы жағында басталды. Бұл жақта Наурыз тойының құрметіне қазақ ауылы тігілді. Шаралар сол жерде өтті. Көшелердің тұрғындары өзара күш біріктіріп, қаражат жинап, тойшы қауымның құрметіне ұлттық дәмнен дастархан жайды. Мөлтекаудан тұрғындарын аудан әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиев, ауданның құрметті азаматы Қайыржан Нұрмұханов Наурыз мерекесімен құттықтады. Ел ағаларының тілегінен кейін жұртшылық ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Концерт жүріп жатқан шамада Қарасуда «Қайсар» спорт клубының ұйымдастыруымен қол күресі, кір тасын көтеру және арқан тартыстан жарыстар өтті. Түскі уақытта жұрттың бәрі ауыл балаларының аударыспақ ойнағанын қызықтады. Бұл сайыста құралпыластарының бәрін атынан аударған Жомарт Қайыржанов жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарға да, жүлдегерлерге де естелік сыйлықтар табыс етілді.

Дәл осындай көше мерекесі Жымпитының ортасындағы С. Датұлы атындағы мәдени – демалыс саябағында өтті. Бұл жақта жеңгейлер ошаққа қазан асып, жас келіндерге «мастер класс» көрсетті. Одан бөлек, бұл көшеде жас палуандардың күресі өтті. Күрес жеңімпаздары мен тойды ұйымдастыруға атсалысқан белсенді тұрғындарды Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов марапаттады.

Б.ШЕРІМ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар