1.04.2017, 10:49
Қараулар: 369
Балалар және Наурыз тойы

Балалар және Наурыз тойы

01.01.04.17Сырым ауданында «Мейірімді көктем» мейірбандылық айлары аясында даму мүмкіндігі шектеулі әрі ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін «Қош келдің, әз Наурыз!» атты Сырым ауданы әкімінің мерекелік ертеңгілігі өтті. Шараға қатысушы балалар мен олардың ата – аналарын Наурыз мерекесімен аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтады.

—      Қайырымдылық – адам мен адамды, тұтас қоғамды тұтастыратын қасиет. Осы қасиет көктем мезгілімен керемет үйлеседі. Наурыз айын әуелден – ақ, жақсылықтың, несібенің бастауы деп түсінетіміз де осыдан шығар. Келген Наурыз мерекесі әр жанұяға, әр адамға өзінің жақсылығын алып келсін! – деді аудан әкімі өзінің сөзінде..

Айта кеткеніміз дұрыс, Наурыз мерекесі Сырым ауданында жылма – жыл жаңа сипаттарға ие болып келеді. Осыған дейін облыстық, аудандық басылым беттері арқылы айтылған Наурыз мерекесін мерекелеуге байланысты ұсыныстарды оқырмандар оқыған болар. Әкімнің балаларға арналған Наурыз тойы – іске асқан сол ұсыныстардың біреуі. Сырым ауданында өткен балалардың Наурыз тойына Сырым ауданы әкімдігі, аудандық қоғамдық келісім кеңесі және «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы, «Сырым жастары», «Сырым жауһарлары» сияқты қоғамдық ұйымдар бірауыздан қолдау білдірді. Ұйымдастырушылар облыстық мәслихаттың депутаты Құсайын Мұқанов мырзаға да демеушілік танытқаны үшін ерекше алғыс айтып отыр.

Әрине, Сырым ауданындағы басшылар мен қоғамдық ұйымдардың осындай жақсылықтарды қолдай кететін ниетіне еріксіз разы боласың. Бірақ, Наурыз тек Сырым ауданының балаларына керек емес. Басқа ауданда да балалар бар. Қолдаймын дегендерге қиын шаруа емес.

«Қош келдің, әз Наурыз!» атты Сырым ауданы әкімінің мерекелік ертеңгілігіне келген балалар мен олардың ата – аналары үшін қазақтың ұлттық дәмдерінен кең дастархан жайылды. Олар әуелі С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің «Қазақ үйі» көрмесімен танысты. Кейін Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының дайындаған мерекелік бағдарламасын тамашалады. Қазақ ертегілерінің кейіпкерлері де, ұлттық ойындар да – осы бағдарламалардың ішінде түгел қамтылды.

Мерекелік бағдарламаны тамашалап болғаннан соң балалардың барлығы тәтті үстелдің басына жайғасты. Аудан әкімінің Наурыз тойына қатысушы 65 баланың барлығына мерекелік базарлықтар табыс етілді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар