1.04.2017, 10:40
Қараулар: 662
 » 
Имандылық пен иман ұғымдары

Имандылық пен иман ұғымдары

04.01.04.17Қазақта имандылық адамгершілік, ізгілік қасиеттерді білдіреді. Имандылық сөзі иманнан шыққан. Иман – жүректегі нұр, имандылық соның сыртқы пішіні. Имандылық – Алла Тағалаға иман еткен адамнан туған көркем мінез. Имандылық көркем мінезі әрбір мұсылманның бойынан табыла бермейді. Атам қазақтың адамгершілік ұғымын имандылық сөзімен беруінде ерекше мән бар.

Өйткені, адамгершілік пен имандылық арасында үлкен айырмашылық бар. Адамгершілік – барлық адам бойында бола алатын адамның адамдық болмысынан туған қасиет. Имандылық — әлемнің Жаратушысы, Ұлы Досына деген иман атты сүйіспеншілігінен туған аса ізгі қасиет. Сондықтан қазақта имандылық – ауқымы аса кең ой-толғамға ие, ерекше мәнді ұғым. Атам қазақ иманын — өз болмысының тірегі мен ар-ожданның асыл тас ақиқаты деп ұққан. Сол себепті атам қазақ жүректен иман шыққаннан кеудеден жан шығуды артық санаған. Оған атам қазақтың мына сөзі куә: «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы». Бұл жерде атам қазақтың «арым», деп, отырғаны – иман. «Ұят кімде болса, иман сонда», деуі де содан қалған. Ар-ұятын сатқан жанды «иманын сатты», арсыз жанды «имансыз» деген сөзбен түйреген. Яғни, бар жақсылық ұғымды иман сөзімен, бар жамандық ұғымды имансыз сөзімен айқындаған.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «ұлтым» деп ұрандап жүрген ағалар, «елім» деп елжірейтініміз рас болса, бас-басымызға би болып, ала қойды бөле қырқып, жүнге жарымағанның күйін кешіп жүргенше төртеу түгел болып, төбе биімізді тіктесек, тұғырымыз нық, туымыз биік болары анық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Тілім, ділім, дінімнің діңгегі берік болсын дейтін ақ ниетті ағайын Алланың атымен ант етіп, бір қазыққа байланатын кез жетті. Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды. Бірлігіміз болса ғана бағындырар белесіміз биік болмақ.

Ендеше, сақтанып жүріп сабырлы өмір сүруіміз ләзім шығар. Өзімді мақтап, өзгелерді даттап ғайбаттасақ наданнан айырмашылығымыз кайсы? Тілдің зардабы – бүгін жүректі қарайтса, ақыретте азапқа душар етпек. Не жасыратыны бар білімсіздіктің салдарынан иманымыз түсті, имансыздықтың кесірінен бос сөзге көп соғылдық. Ащы, ащы да болса ақиқат – еркіндікке мықтап бет бұрдық, аз толғанып көп күлдік.

Игі дініміз – Исламға мықтап жармасайық жамағат. Білгенімізше дұға қылып, Алланың разылығы үшін амалдар жасап, рухани тәрбиені күшейтуге атсалысайық. Дін еңбекпен келеді. Еңсемізді көтеріп, ертеңімізді бағамдайық. Әрбір үлкен-кіші әрекеттерімізге байыпты болайық.

Сарсенбай Тулебаев,

Бұлдырты ауылдық округінің бас имамы