14.03.2017, 18:13
Қараулар: 494
Алаш офицері Аблаев

Алаш офицері Аблаев

Батыс Алашорда үкіметі өз кезегінде үкімет құрып, ел басқарудағы талай реформаторлық қызметті жаңашылдықпен бастап кетті. Олардың көш басында талай арыстарымыз тұрды. Олардың атқарған қызметтері ұшан теңіз. Көп айтыла бермейтін, әліде зерттеуді қажет ететін алаш милициясы мен олардың атқарған қызметі. Батыс Алашорда үкіметінің құрамында қызмет етіп, милиция ісін жасақтауға белсене ат салысқан алаш офицері Аблаев Айтқали Сарыбайұлы. Ол 1898 жылы 15 қыркүйекте Орал округіне қарасты Тайпақ ауданының №13 ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі Айт – Ғали, әкесі Исмағұл Сарыбаев кедей шаруасынан шыққан отбасытұғын. Алайда бала үшке толғанда әке – шешесі қайтыс болып кетіп, баланы атасы Сарыбай бауырына салады. Содан Айтқали Сарыбайұлы болып жазылып кетеді. Атасы баласын алдымен ауыл молдасынан хат танытып, кейін орысша сауатын ашады. Орал қаласындағы аралас мектепті бітірген ол, қолөнер мектебінде оқуын жалғастырып 1915 жылы аяқтап шығады. Қолөнер мектебінде оқып жүріп, жазғы демалыстарында Оралдағы атақты көпестер Овчиников пен Малышевтің шаруашылығына жалданып қызмет етіп, қаражат табады. Оқудан соң Әмина (Мәншүктің анасы) анамыздың әкесі Сүлеймен Күсепқалиевтің қарамағына барып жеке шаруашылығында қызмет жасайды. 1918 жылы ІV Орал облысы қазақтарының сиезінде орысша білім алған сауатты жастар арасында, әскери командалық құрам әзірлеу туралы қарар қабылданған болатын. Сол кездегі Жымпитыда ашылған қазақтың алғашқы ұлттық әскери мектебін, прапорщиктер мектебін, алты айлық Ойыл уәлаяты юнкерлік мектебін бітірген тұңғыш түлектердің бірі Айтқали Аблаев. Екі ай жарым Жымпитыдағы горнизонда қатардағы жауынгер болып бастайды да кейін, Жымпитыдағы прапорщиктер мектебін тәмәмдап, горнизондағы штабтың прапорщик – коменданты қызметін атқарады. Алаш халық милициясын жасақтау, осы қажетке ауыл болыстарынан салық жинау ісімен шұғылданатын ерекше жүздікті басқарды. Ғаббас Жетпісов басқарған большевизммен күрес жөніндегі комиссия жанындағы айдауыл командасының командирі болады. Қалаға жақын Теректі, Шыңғырлау болыстарындағы большевиктерге ниеттес қоныс аударғандарды тергеп, тексеру ісімен айналысады.1918 жыл желтоқсанда Жымпиты горнизонының бастығы болады. 1919 жылдың аяғына таман Қызыл әскер қатарына өтеді, Жымпитыда милиционер болып қызмет етіп, кейінде біраз жұмыстарды атқарады. Алашорда толықтай тараған соң, Орал губерниялық ауылшаруашылық мекемесінде де қызмет етеді. 1936 жылы 31 қаңтарда Аблаевты тұтқындау бұйрығы шығады.   Тұтқындаған кездегі толтырған қағазда, кейбір құжаттары мен отбасында әйелі Санбар кітапханада кітапханашы болып жасайды, бір ұлы мен бір қызы бар деген мәліметтер толықтай жазылып сақталған. Ол кезде Айтқали ағамыз Алматы қаласында тұрып жатқан. РФСР Жоғары сотының және Қазақ бөлімдік коллегиялық сотының үкімімен «1918 – 1919 жылдары контрревалюциялық үкіметінде юнкерлер мен прапорщиктер мектебінде оқып, Кеңес үкіметіне қарсы белсенді қызмет жасап, қызыл әскерлерді атқаны үшін» деген айып тағылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылады. Бірақ жаза қызыл әскерлерді атқаны үшін қайта қаралып, ату жазасымен алмастырылады және әлі күнге ақталмаған алаш ардақтысы болып табылады. «Жеті қызыл әскерді атыпты, Аблаев, деген алашордашы» деген сөз күні кешеге дейін Жымпиты ішінде желдей есіпті. Тіпті, біздің Өлеңті ауылының шетінде, Өлеңті өзені жағалауына қарай қызыл әскерлер көмілген обадағы жерленген осы Аблаевтың атқан адамдары екен дегенде сөз бар. Әр түрлі деректерді салыстыра отырып, Аблаевтың конвойлық қызметі кезінде алаш милициясы мен қызыл әскерлер арасында үлкен атыс болғаны анықталды. Ол үкіметті Қызылқоғаға көшірген кезде, тұтқындарды Калмыков түрмесіне ауыстырады. Оларды Аблаевтың жігіттері әкеле жатырған жолда, Жымпитының қазіргі Өлеңті ауылының маңында тұтқындар мен жасақ арасында атыс басталып көп адам қаза табады. Басым бөлігі қызыл әскердің адамдары болса керек, кейін алашорда тарап, кеңестік билік үстемдік алған кезде алаш қайраткерлерінің осы қылықтары үлкен қылмыс болып өздеріне жабысқанға ұқсайды. Осы юнкерлер мен милиция қызметінде жасаған көп адамдар туралы мәліметтер әлі де зерттеуді қажет етеді, деп ойлаймын. Мақалама арқау болған алаш офицері Аблаев пен милиция ісі туралы деректерді өлкетанушы ағаларымыз Қ.Хасанов пен А. Боранқұлдың еңбектеріне сүйене отырып жазып отырмын. Өлеңті ауылы маңында, Жымпитының айналасында талай атыс – шабыстың болғаны анық. Алайда, оларды естіген ұрпақ бүгінде жоқтың қасы. Бірақ, біреулердің жадында сақталып қалған әңгімелерімен тағы да ой қосса жақсы болар еді. Сонымен қатар, әлі күнге ақталмаған алаш офицері Аблаев туралы тарихшыларымызға да ой тастау болып отыр. Тарихтың аршылмаған ақтаңдағы талай оқиғалардың куәсі болған қарт Жымпитыда тұнып тұр – ау.

А.Ойшыбаева,

Сырым Датұлы атындағы

тарихи –өлкетану музейінің меңгерушісі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар