14.03.2017, 18:10
Қараулар: 375
Жаһанша атамыздың жиені

Жаһанша атамыздың жиені

03.14.03.17Орал қаласында тұратын Жаһанша Досмухамбетұлының жиені Маржантас Қадырқызы Дәулетованы арнайы іздеп барып сұхбаттасқан болатынмын.

Маржантас апа әңгімені Жаһанша Досмұхамбетовке туыстығыңыздан бастасаңыз.

– Сұлтан атамыздан тараған екі ұл Досмұхамбет пен Ізмұхамбеттің ұрпақтарымыз. Досмұхамбеттен Қабаспен Жаһанша тараса, Ізмұхамбеттен Өлдән мен Шәріп туған. Шәріптен туған қыз менің анам Қанипа деген кісі. Анам Қанипа Жаһанша атамдардың тәрбиесінде болып содан сол кісінің қарындасы саналып кеткен. Ал, Өлдәннан тараған Қадес пен Құдес болатын, Жаһанша мен Ольга анамызда бала болмай осы Қадесті бауырларына салған еді. Ол кісі де ұзақ жылдар бойы Мәскеуде тұрып келді. Бүгінде атамыздың жиені болып табыламын

Маржантас апа, Ольга шешемізді соңғы көрген өзіңіз екен? Айтыңызшы қандай жан еді?

– Жарықтық Ольга анамыз өте қарапайым еді. Осы біздің Жымпитыдан барған барлық ағайын – туысты ғана емес, кейін үкіметтің жұмысымен барған басшылардың да талайын қарсылап қонақ қылған, кәдімгі қазақтың бәйбішесі болып кеткен алтын жан болатын. Мен 1986 жылы тамыз айында Мәскеуге барғанымда сол үйге тоқтап едім. Бұл менің ол кісіні соңғы көруім екен. Сол жылдың желтоқсанында қайтыс болды. Мәскеудің Шаболовка көшесінде тұрды. Қолы ашық, жомарт жан еді. Елдегі жандарың бәрін сұрап жаны қалмай күтетін. Біз ол кісіні Зайра апа деп атап кеткенбіз.

Мәскеуде ол кісіге кімдер қарасты екен?

– Ол өзі атақты Колосовскийдің қызы емес пе?! Апасы Тұрар Рысқұловтың әйелі болатын. Сондықтан Тұрардың балалары қарасты. Мен де олардың немерелері Володия мен Юлияны жақсы танып, араласып тұрдық. Соңғы кезде байланыс болмай қалғаны.

– Жаһанша атамыз бен Зайра анамыздың арасындағы байланыс қандай болды деп ойлайсыз?

— Заты орыс болса да, сонау 1936 жылы атамызды тұтқындап, артынан ату жазасына кескенннен соң да, анамыз тура 50 жыл бойына сол шаңырақтың түтінін сөндірмей отыруы, нағыз сүйген жарға тән қасиет деп есептеймін. Мына жақтан барған ағайынның бәріне дастарханын жайып күтіп отыратын ерекше қонақжайлығы да бізде тартқан деп отыратын үлкендер. Адал жар, қиналғанда сүйеу болған табанды дос дер едім. Екеуінің арасында ерекше шексіз таза сезім болған секілді. Сол үшінде өмірінің соңына дейін Досмухамбетовтердің шаңырағына адал болып өткен асылдың сынығы.

Өзіңіз туралы айтып, өтсеңіз.

— Өзім осы Оралдағы педагогикалық институтының жаратылыстану бөлімінің мұғалімдік мамандығын бітіріп ұзақ жылдар бойына мектепте қызмет еттім. Соңғы бес жыл уақыттай қала ішіндегі әкімшілікте мемлекеттік қызметті де атқарып үлгердім. Ольга анамыз тойымызға құттықтау жіберген ағаңмен құрған отауым құтты болды. Ағаңның сәл ертерек өмірден кеткені болмаса, ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырып, немере – жиендерімді бағып отырған бақытты әжемін.

Отбасылық бірнеше фотосуреттер мен тарихшылырдың монографиялық еңбектерінде Ольга анамыздың Маржантас апаға жазған жалғыз хатының түп нұсқасы көзіме оттай басылды.

Хаттың мәтіні төмендегідей:

Қымбатты Маржан.

Шын жүректен Әділ екеулеріңізді заңды некелеріңізбен құттықтаймын. Бұл некенің ұзақ та бақытты боларына сенімдімін. Өзім бара алмасам да, Сіздерді құттықтап жеделхат жолдаған едім, алған шығарсыңыздар. Соңғы кезде көзім нашар көретін болып жүр. Кешке   қарай не оқи, не жаза алмаймын. Әпкем де соңғы кезде жиі ауыратынды шығарды. Жүрегі нашарлап жүр. Қап, сені құттықтаймын деп, өзім көңілсіз нәрселерді жазып кеттіп ғой. Бірақ енді ол біздің өміріміз ғой. Володия (Әпкемнің немересі) сабағын жақсы оқиды. Қазіргі басты пән деп, араб тілін меңгеріп жүр. Бүгін Мәскеудің ара – райы сондай тамаша болып тұр. Барлық тума – туыстың қалдері қалай, бәріне менен дұғай сәлем айт. Жақында немере ағайым қайтыс болды. Ол Свердловск қаласында тұратын. Біз көп көрісе бермейтінбіз, бірақ туыс болғасын қиын екен. Мезгілсіз қазасына қатты уайымдадым.Саған бақыт пен табыс тілеймін. Мені ұмытпағайсың.

Сәлеммен өзіңнің   О.Досмухамбетоваң

Міне, бұл мен қолыма алып оқып шыққан түп нұсқа жалғыз хаттың мәтіні осындай. Ол хатта Зайра анамыздың соңғы демі, елге деген сағынышы мен ыстық сәлемі жатқандай еді.

Әңгімеміздің соңында Тұрар Рысқұловтың немересі Володиямен байланысым барын айтып, электронды мекен – жайын берейін, дегенімді естіп Маржантас апа қатты қуанды. Көңілімен Мәскеу көшелерін аралатып, өткен – кеткенді еске салып, мазасын алғаным үшін кешірім сұрап, құнды деректері үшін алғысымды жаудырып, Сырым ауданындағы биыл Алаштың 100 жылдығы мен Жаһанша атамыздың 130 жылдығына өтілетін іс – шараларымызға қонаққа шақырып, Маржантас Қадырқызымен қимай қоштастым.

А.Ойшыбаева,

Сырым Датұлы атындағы

тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі.

Жымпиты – Орал.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар