14.03.2017, 18:05
Қараулар: 704
Алаш ауруханасына қолдау қажет

Алаш ауруханасына қолдау қажет

Күнбатыс Алашорда үкіметінің мүшесі Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі Дәулетшаһ Күсепқалиев Саратовтық эпидемиолог дәрігер Г.Кольцевпен бірге алғаш қазақ даласында обаға қарсы күресетін лаборатория ұйымдастырып, жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарын жүргізді. Жымпитыдағы зертхананы 1912 жылы дәрігер Дубченко басқарды. Соған қарағанда, аурухана он тоғызыншы ғасырдың аяғында салынған болар. Зертхана алғашында Жымпиты ауруханасының жұқпалы ауру бөлімінде жұмыс жасайды. Зертхананы ашуға себеп болған, 1909 жылы қазіргі Сырым ауданының территориясында пайда болған Қазақстанның батысындағы ірі оба эпидемиясы еді. Сол жылы күзде оба эпидемиясы Жымпитыдан 12 шақырым қашықтықтағы екі ауылда Төменқоға мен Ханкөлде байқалады. Оба мұнда күтпеген жағдайда келген болатын. Жаз ортасында Жымпиты базарынан 31 шақырым жерде алғашқы оба ауруына шалдыққан бірнеше үй тұрғындары болады. Жайықтың осы бетіндегі оба эпидемиясы лабораториялық зерттеу нәтижесінде анықталды. Алғаш 11 жасар бала ауырып, қайтыс болды. Ауру 2-3 күнге созылып, барлық жағдайда да өліммен аяқталып отырған. Жымпиты ауруханасының дәрігерлері бірден оба ауруы екенін анықтап, екінші күні Оралдан көмекке дәрігерлер мен әкімшілік жауапты адамдарды шақыртып, үлкен індеттің алдын алып үлгереді.   Соңғы ауру сол жылдың 31 желтоқсанында қайтыс болады. 1910 жылы қаңтарда эпидемия тараған ауылдар күзетке алынып, бақылауға қойылады. Эпидемияны жоюда сол кездегі дәрігерлердің үлкен тобы: 9 дәрігер (4 дәрігер Петербургтен), 20 фельдшер, 23 санитар жұмыс істеді. Бұл эпидемияда обадан 196 адам қайтыс болып, 31 баспананың тіршілігі жойылды.

1913 жылы Г.И.Кольцовтың нақты зерттеуінің нәтижесінде оба инфекциясының далада сақталу себебі кішкентай саршұнақтарда екені анықталды. 1915 жылы обаға қарсы зертхана ішінде арнайы орын салынды. 1919 жылы ақтар әскерінің шабуылдауына ұшырап зертхана мүліктері мен эпидемиялық қойма басқа орынға ауыстырылды. 1924 жылы И.Кольцов Орал қаласында ұйымдастырылған обаға қарсы зертханаға жұмыс бабымен ауыстырылады. Жымпитыдағы зертхана қосымша орын ретінде сақталып, оған Орал зертханасынан зерттеу маусымы кезеңінде мамандары келіп – кетіп жүретін болды. 1932 жылы Жымпиты зертханасы қайта ұйымдастырылып, Жымпиты зертханасын 1932 жылдан К.И.Смирнов, В.М.Туманский, кейін медицина ғылымының докторы, профессор З.И.Колесникова, Я.А.Усов, М.И.Андреева, Н.Я.Шабаев, З.П.Плетникова, В.А.Мерлин, А.А.Сасыкин, лаборант В.П.Чудесова, В.С.Чернобаев, М.М.Скарзнов, Р.Ш. Шпектор, Г.Г.Сонин, Г.Я.Перетятко, В.А.Губайдуллин, Б.С.Немченко, А.Н.Ашимарин секілді білікті мамандар қызмет етті. Осы мекемеде көп жылдар Ж.Т.Тобышбаев, М.И.Тоқтаров, Б.Қыдырсихов сынды білікті азаматтар басшылық жасады. Жымпиты обаға қарсы күрес бөлімшесі қазіргі заманғы жабдықталған құрал – жабдығы, қажетті жұмыс орындары жеткілікті, тәжірибелі қызметкерлері бар мекеме. Алайда, ауласында қоршауда тұрған көне ғимарат,өз тарихын өзі жасырып тұрған тарихи жәдігер. Мемлекеттің қарамағында тұрған, мемлекеттік бақылауға алынған, бұл ғимарат алаш дәргерлерінің көзі іспеттес, неге біз оны құрдымға жіберіп, аздыруға тиіспіз?! Қайтадан жаңартып, алғашқы «лазарет музейге» айналдыруға болатын секілді. Алғашқы алаш дәргерлерінің табаны тиген киелі орын еді. Аудан тұрғындары не дер екен, ой қоссаңыздар!? – деген оймен осы мақаланы жазып отырмын. Сіз не дейсіз оқырман?!

Айнагүл   Қаражан

Жымпиты ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар