2.03.2017, 12:14
Қараулар: 358
Тасқынға — тосқын!

Тасқынға — тосқын!

04.02.03.17Сырым ауданында 2017 жылдың көктемі кезінде жасалатын негізгі жұмыстар пысықталуда. Кеше Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов, Сырым ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Ерген Тасқалиев, «Сырым» МКМ директоры Руслан Тасқалиев және Сырым ауданы әкімдігінің төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Жандос Дүйсенғалиев аудан орталығындағы көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысты.

Біздегі бар мәліметке сүйеніп сөйлесек, 2016 – 2017 жылғы қыс кезеңінде аудан орталығы Жымпиты ауылының өзінен 3 700 текше метр қар шығарылыпты. Кешегі апталардағы бораннан кейін бұл жұмыстардың көлемі тағы да артып жатыр. Қар шығарудағы негізгі басымдық ауылдың басты көшелеріне берілуде. Аудан орталығында Өлеңті ауылын қоса санағанда, 45 көше бар. Оның ішінде М. Мәметова, Ә. Молдағұлова, Х. Есенжанов және С. Жонысов көшелері көктемалды көңіл бөлуді аса қажет етіп отыр. Көшелерді қардан арылту жұмыстарында дамыл жоқ. Жолдардың астындағы су шүмектері мен ауыл ішіндегі су жолдары тазарту жұмыстары да атқарылып жатыр. Қар шығару жұмыстарына «Сырым» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің 1 ЗЛ 30 жүк тиегіш ауыр техникасы, 1 МТЗ – 100 және 2 КаМАЗ көлігі жұмылдырылған.

Биыл қар қалың. «Қазгидрометтің» мәліметінше, Сырым ауданы бойынша қардың орташа қалыңдығы 2017 жылдың 10 ақпанына 34 сантиметрді құрап отыр. Осы көрсеткіш былтыр 18 сантиметрді құраған еді. Бұл қардың түсу деңгейі былтырғыға қарағанда еселенген деген сөз.

Аудан 2017 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде орын алатын төтенше жағдайларды жою жұмыстарына да мүмкіндігінше дайын отыр. Жағдайдың алдын – алу мақсатында барлық ауылдық округ әкімдері мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан сұраныстар жинақталды. Төтенше жағдайлар орын алған кезде ауылішілік жұмыстарға аудан бойынша 31 шаруа қожалықтың 35 дана техникасы жұмылдырылады. Аудан орталығындағы жұмыстарды атқаруға келісімшарт негізінде «Сырым» МКК жауапты. Мекеменің 13 дана техникасы жұмыстарға әзір тұр.

Негізі көктемге техника емес, адам дайындалуы керек. Су тасқынын тудыру ықтимал болатын тұстардың қарын азайту, жеке тұрғын үйдің айналасын тазалау, су жолдарын аршу – кейін жасайтын шаруа емес. Бұл шаруаға бүгін кірісуге де болады. Тұрғындарға осыны айтқымыз келеді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар