23.02.2017, 12:09
Қараулар: 462
60 азамат жолда қалған

60 азамат жолда қалған

07.23.02.17Ақпан айының 16 күні Шымкент қаласынан бері қарай шыққан жолаушылар автобусы «Самара — Шымкент» тас жолының 512 шақырымына жете бергенде шұғыл тоқтауға мәжбүр болды. Көліктің қозғалтқышы істен шығыпты. Сөйтті де, Өзбекстан Республикасының 60 азаматы жолда қалды.

Сырым ауданы әкімдігінің төтенше жағдайларға жауапты маманы Жандос Дүйсенғалиевтің айтуына қарағанда, өзақаңдар ақауды қалпына келтіруге әуелі өз беттерінше әрекет жасап көріпті. Болмағасын, Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің кезекшілік бөліміне қоңырау түсірген. Қоңырау бойынша тиісті тапсырма алған Сырым ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің бас маманы Ерген Тасқалиев бастаған топ жолда қалған жолаушыларға қарай шұғыл аттанды. Жағдайды бақылауына алған аудан әкімшілігі тиісті көліктерді жұмылдырып, эвакуациялық тасымалды мұқият ұйымдастырып берді. Сөйтіп 2 жүргізушіден басқа 58 өзбек азаматы Жымпитыдағы №39 жол пайдалану бөлімінің жылыту пунктіне жеткізілді. Олар пунткте жеткізіліп жатқанда жаңағы жолаушылар үшін Шымкент қаласынан келесі автобус жолға шықты деген хабар алынды.

Сырым ауданының үстімен өтетін «Самара — Шымкент» тас жолының бойында болып тұрған бұл бірінші жағдай емес. Осындай оқиғалар күніге орын алуда. Мәселен, Сырым ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімі жуырда адасып кеткен испаниялық саяхатшыларды құтқару жұмыстарын да өте сауатты жүргізген еді. Сол жолы испан азаматтары Хосе мен Патрисия аудан басшылығына, әсіресе Сырым ауданы әкімдігінің төтенше жағдайларға жауапты маманы Жандос Дүйсенғалиевтің шет тілін еркін білетін мүмкіндігіне қатты разы болған.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар