19.01.2017, 12:47
Қараулар: 405
 » 
ӘКІМДЕРДІҢ ЕСЕБІ БАСТАЛДЫ

ӘКІМДЕРДІҢ ЕСЕБІ БАСТАЛДЫ

???????????????????????????????Сейсенбіде Сырым ауданында ауылдық округ әкімдерінің елді мекендердегі есебі басталды. Алғашқы болып Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Тимур Айтқалиев округке қарасты Құспанкөл, Аңқаты және Қарағанды елді мекендеріндегі тұрғындардың алдында есеп берді. Есептік кездесулерге аудан әкімі Абат Шыныбеков және бірқатар сала басшылары қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес әуелі Тимур Айтқалиев округ бойынша 2016 жылдың көлемінде атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады. Округ әкімі өзінің хабарламасында әлеуметтік сала, ауылшаруашылығы, бюджеттік салалардың жұмысы, округтің санитарлық жағдайы және қылмыстық ахуалы жайлы жинақы әрі ұғынықты қылып айтты.

Құспанкөлдік тұрғындар өз кезегінде ауыл маңындағы бөгетті жөндеу жөнінде ұсыныс айтты. Бөгетті жөндеу — мал шаруашылығы үшін өте тиімді болады. Аудан басшысының айтуынша, мәселе биыл шешіледі.

Осы жылы Құспанкөл ауылындағы медициналық пункт күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы өзінің сөзінде аудандық орталық аурухананың басшысы Мұрат Дүсеев мәлімдеді.

Округ әкімінің есептік кездесуіне келген Аңқаты елді мекенінің тұрғындары аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығында туындаған мәселелер туралы айтты.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков кездесуден кейін жергілікті жердегі бюджеттік сала мамандарының мәселелерін тыңдады. Мамандар елді мекеннің ахуалын оңалтуға байланысты ұсыныстарын білдірді.

Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Тимур Айтқалиев түстен кейін округке қарасты Қарағанды елді мекенінің тұрғындарымен кездесті.

Қарағанды елді — мекеніндегі мектеп оқушылары іргелес Алғабас ауылдық округінің орталығындағы мектепте білім алады. Оқушылар үшін арнайы тасымал ұйымдастырылған. Қарағандылықтар билік басындағылардан Алғабас ауылымен қатынайтын жолды қадағалауда ұстауды сұрайды. Бұл мәселе онсыз да бақылауда тұр.

Аудан басшысы Абат Шыныбеков округ әкімі Тимур Айтқалиевке Қарағанды елді мекенінен мектеп оқушылары үшін арнайы аялдама орнатуды тапсырды. Ел болғасын күнделікті мәселелердің болуы түсінікті нәрсе. Олардың дені жергілікті деңгейде шешімін тауып жатыр. Қарағандылықтар үшін ауылдағы жарықшамдарды қалпына келтіру мәселесі осы аптада шешілетін болды.

Есептік кездесулерді аудан әкімі Абат Шыныбеков қорытындылады. Аудан әкімі өзінің сөзінде ауыл тұрғындарын ауылшаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысуға шақырды.

Жаңағы елді мекендер үшін  жақсы жаңалық сол, осы көктемде Құспанкөл, Аңқаты, Тоғанас және Қарағанды елді мекендеріне жоғары қысымды газ құбырлары жеткізіледі.

Бауыржан Ширмединұлы,

Құспанкөл – Аңқаты — Қарағанды