19.01.2017, 12:40
Қараулар: 467
Баба тойына арналған шаралар

Баба тойына арналған шаралар

Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толуына орай кейінгі ұрпаққа батырдың ерлігі мен өмірін, шешендігі мен даналығын насихаттау мақсатында Сырым аудандық әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған онлайн конференцияға жазушы, Сырым баба туралы “Тар кезең” тарихи романының авторы Қажығали Мұханбетқалиұлы арнайы қатысты.

Конференцияға Ж.Молдағалиев атындағы ОӘҒК, ҚР Ұлттық кітапханасы, Сырым аудандық ОКЖ және Ақжайық аудандық ОКЖ байланысқа шығып, Сырым Датұлының мерейтойына арналған шаралардың бастамасымен құттықтап, дала кемеңгері жайында ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, конференция жұмысын Зелёнов, Шыңғырлау, Бөрлі аудандық кітапханалары да тамашалай алды.

Аудандық мәдениет үйінің фойесінде Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған «Ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен» атты кітап көрмесі ашылды. Көрменің ашылу салтанатына аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Кітапхананың балғын оқырмандары ақындардың Сырым Датұлына арналған өлеңдерін, батырдың шешендік сөздерін мәнерлеп оқыды.

 Сырым Датұлының өмірбаяны, туған жері туралы деректер, батыр туралы мерзімді басылымдарға жарияланған материалдар қойылған алғашқы бөлім «Ерен ер – Сырым», Даттың Сырымы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың тарихы мен маңызы, басты оқиғалары қамтылған зерттеулер, Сырым туралы көркем шығармалар қойылған екінші бөлім «Даланың дана қолбасшысы», қара қылды қақ жарған әділдігі мен шешендігінің дәлелі шешендік сөздері көрініс тапқан үшінші бөлім «Сырымның сырлы сөздері», батыр бабаның құрметіне арналған мәдени іс-шаралар тізбектелген соңғы бөлім «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп аталған екен. Көрмені кітапханашылар кеңінен таныстырып шықты.

Сырымның 275 жылдығына орай жарияланған «Жаңа үлгідегі логотип» республикалық байқауының ережесі таныстырылды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар