19.01.2017, 12:37
Қараулар: 295
Жұмыстар талқыға салынды

Жұмыстар талқыға салынды

Жымпиты ауылдық округінің қоғамдастық жиналысы өтіп, оған ауылдық округ  әкімі Қайрат Төлепов, кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, көше комитеті төрағалары, ардагерлер қатысты.

Жергілікті деңгейдегі  мәселелердің орындалуы және алдғы уақытта атқарылатын шараларды бірлесіп шешуді мақсат еткен жиынға қоғамдық кеңес төрағасы Мақсот Бижанов төрағалық етті.

Округ әкімі Қ.Төлепов Жымпиты ауылдық округінің әкімі аппаратының  қолма-қол ақшаны  бақылау шотына  2016 жылы түскен қордыға атқарылған жұмыстарды баяндады.

Өткен жылдың 1 қаңтарына  шотта 170536 теңге болды.  Жыл ішінде шотқа 13497843 теңге түсті. Соның ішінде салықтық түсім 13382000 теңге, ал арендалық түсім 115843 теңгемен толықты. Бұл сомаға орталық алаң мен саябақтарға техникалық су тарту,  Қ.Мырзалиев мектебі мен  Сырым колледжі арасында жаяу жүргіншілерге арналған өрнектас төсеу,  қатты тұрмыс қалдықтарына арналған полигонды қоршау, сарқынды суды төгетін полигонды қоршау, ауылшаруашылық базарын қоршау, абаттандыруға материал тасу, Street Workout,  жарықтандыру, істен шыққан шамдарды қайта жағу жұмыстары жүргізілді.

Ал биылғы жылдың 1 қаңтарында шотта 948427 теңге болса, салықтан шамамен 14855000 теңге түседі деп күтілуде. Шотта кем дегенде 15803427 теңге болуы тиіс деп жоспарланып отыр. Бұл қаржыға қоғамдастықтың келісімімен тоғыз түрлі жұмыстар іске асырылатын болды. Оның ішінде депутаттар маңызды деп санаған бала тасымалы бар. Күл-қоқыс контейнерлерін қоршау да биыл жүзеге аспақ. Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Қаналиев аудан орталығының жанындағы үлкен зиратты қоршау, жол салу,  еңбек және тыл ардагерлерінің құрмет тақтасын ашып, олар тұрған үйге белгі-тақта орнату, жалғызілікті қариялардың үй-жайының қарын тазартуды мекеме қызметкерлеріне бөліп жүктеу, аудан орталығына тағы бір банкомат қою сынды мәселелер толғандырып жүргенін айтты.  Бұл мәселелердің бәрі де назардан тыс қалмайтынын айтқан округ әкімі үлкен қауымды қоршау, өзгерту үшін халық болып, асар жасап, қаржы жиналса,  зираттарды нөмірлеу, жерлеу рәсімдерін өткізуді бір кәсіпкер қолға алса жақсы болар еді деген пікірін білдірді.

Жымпиты ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайырбек Аманғалиев округтің даму жоспарымен таныстырды. Биыл «Нефтэк» жанар май бекеті мен «Оразов» газ бекеті салынып бітеді.

Жиын соңында Жымпиты ауылдық округінің шотына қолма-қол жалға алу, айыппұл төлеу, салық, жарнамадан түсетін қаржыны бақылау комиссиясы мүшелері болып көпшілік дауыспен  аудандық мәслихат депутаты С.Тоқмамбетов,  Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Қаналиев,  Өлеңті ауылдық ардагерлер кеңесінің  төрағасы С.Бақтығалиев,  Сырым колледжінің оқытушысы А.Қапашева, ардагер-ұстаз Б.Дәуренбековалар сайланды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар