19.01.2017, 12:33
Қараулар: 323
 » 
Талдыбұлақтағы оңды істер

Талдыбұлақтағы оңды істер

Тәуелсіздік жылдары округіміз бойынша тыңдырылған ауқымды шараларға  тоқталсақ, олар төмендегіше өрбімек.

Атап айтсақ, ауыл тұрғындарының игілігіне «Көктөбе» ЖШС директоры К.Төлегеновтың «Туған жерге тағзым! ұранымен 2003 жылы «Көктөбе» мейрамханасы, «Көктөбе» сауда орталығы 2004 жылы өз есігін айқара ашса, 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай «Көктөбе» саябағы ашылған болатын. Сонымен қатар астық шыққан жылдары «Көктөбе» ЖШС-ның директоры К.Төлегенов өз қарауындағы еңбек еткен үздік механизатор, жұмысшыларға 17 «ВАЗ» автокөлігін сыйға тартты.

2007жылы Қазақстан негізгі мектебінің іргетасы қаланып, 2008 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілді.

2007 жылы Талдыбұлақ ФАП мекемесі, 2010 жылы ЖББ Талдыбұлақ орта мектеп-балабақша кешені күрделі жөндеулерден өтті.

Ұстаздардың шығармашылық еңбегінің нәтижесінде ҰБТ көрсеткіші бойынша 2005-2006, 2009-2010 жылдары облыстағы үздік 20 мектептің қатарына енді.

2011 жылы округ бойынша 146 нүктеге телефон-терминалы орнатылды.

2012 жылы халық көптеп күткен қуанышқа кенелді. Ауылымызға көгілдір отын келіп, үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген әйел-аналарымыз бір жасарып қалды.

Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 2014 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, халық сапалы ауыз суға қол жеткізген болатын.

Барша халқымыз үшін елеулі кезең, еңселі мерекеге айналған Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында «25 игілік іс» атқарылды.

Өткен жылдың маусым айында Жетікөлдіктер Талдыбұлақ ауылына «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы аясында Жетікөл  ауылының делегациясы мәдени-рухани ынтымақтастықты арттыру мақсатында ауылымызда болды. Ауыл көркемөнерпаздары өнерлерін көпшілікке паш етті. Талдыбұлақтықтар аталмыш жоба аясында   жауынгер ақын Абдолла туылған топыраққа ат басын тіреді. Ауыл жұртшылығының сәлемін ала барған талдыбұлақтықтарға жосалылықтар қонақжайлылық үлгісін   танытты. Достық туын желбірете барған талдыбұлақтықтарды ауыл әкімі Қобыланды Ғабдешов бастаған мекеме қызметкерлері салтанатты түрде Жосалы ауылы орталығының кіреберісінен ақ дәм ұсынып, үкілеген домбырада ән әлдиін асқақтатып, қошеметпен қарсылады. Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, ардагерлер, қоғамдық ұйымдар өкілдері және делегация мүшелері дөңгелек үстел басында бас қосты. Осындай кездесу, жиындар арқылы тәжірибе алмасуда Елбасы тапсырмасына сәйкес елдің ынтымағы мен бірлігі арта түсетіндігі айтылып, екі ауыл арасында өзара тиімді байланыс одан әрі нығая түсетіндігі сөз болды.

  Ауыл тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сауапты іс атқарды. Қашанда алланың разылығы үшін «жұмыла жүк көтеруден» қашпайтын талдыбұлақтықтар ауыл маңындағы зиратты қоршап бітірді. Германиядағы жерлестер 752 мың, «Тінәлі» ш/қ 510 мың, бұрынғы ауыл тұрғыны Муса Тілегенов, Исатаевтар отбасы 100 мың, қалғандары 2-10 мың теңге аралығында өз үлестерін қосты. Таңғы сағат 8:00-ден кешкі 19:00-ге дейін  қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы С.Оразов, мүшесі А.Тілегеновтың басшылығымен ауылдың жасы-кәрісі ұйымшылдық танытты. А.Тілегенов, Ж.Абдрашев, О.Ермеккалиев, Ғ.Исаев, Ж.Исатаева зират басындағы жұмысшыларға қорадағы қойларын сойып, жеке кәсіпкер М.Ермұханов дастархан жайып, түскі асты ұйымдастырды.

  Ұлыстың Ұлы күні 22 наурыз мейрамында ауыл ақсақалдарына «Көктөбе» мейрамханасында ас берілді және ауылдық  мәдениет үйінде «Супер келін» сайысына 4 келін қатысып, өнерлерін ортаға салды.    Қасиетті Рамазан айы – барша мұсылман қауымның ауыз бекітіп, ауызашар беріп, сауапқа кенелетін ерекше айы. Осы тұрғыда оразаны ниет еткен жандарға «Көктөбе» мейрамханасында ауыл әкімшілік аппаратының  ат салысуымен ауызашар берілді.

   30 мамыр – Қуғын-сүгін құрбандарын еске алуға арналған шара «Зұлмат жылдар ел есінде» тақырыбымен «Көктөбе» саябағына гүл шоқтарын қоюмен басталды. Жазықсыз құрбан болған жандар жайында айтылды.

Аудандық «Мерейлі отбасы» байқауына ауылымыздың Италиевтер отбасы қатысып, жүлделі І орыннан көрінсе, облыстық кезеңде «Көп балалы отбасы» аталымына ие болды.

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында аудан орталығында ардагерлер арасында «Тәуелсіздікке тағзым!» байқауына округімізден қатысқан  вокаль жанры бойынша Сара Оразова ІІ, мәнерлеп оқу жанрында Мұғазира Төлеуова ІІІ орындардан көрініп, ауыл мерейін асқақтатты.

Жастар арасында ақпан айында үстел теннисінен жарыс, Қазақстан ауылының тұрғыны болған, марқұм Рысбай Қалағанұлын еске алуға арналған шағын футболдан Қазақстан және Буденовка ауылдары жастарының арасында жолдастық кездесу   өз деңгейінде аталып өтті.

Ауыл тұрғыны Бақыт Камешова   «Жұмыспен қамту дың жол картасы -2020»бағдарламасы бойынша 1 млн. 300 мың теңге көлемінде несие алып, мал басын сатып алуда және  1 га жерге бау-бақша егіп, жаз бойы жәрмеңкеге  өнімін  ұсынды. Талдыбұлақ ауылынан 180 мал  басымен құрылған «Аққұдық», 150 басымен «Құрман-Масқар», 50 басымен «Дәулетқали» АТК құрылды. Қайырымдылық айында «Аққұдық» АТК-ның  басшысы Б.Балғалиев мал иелерінің әр мал басына 5 рулон шөптей көмектесті. «Құрман-Масқар»АТК-ның басшысы Н.Кәрімғалиев бір отбасын Қазақстан ауылына көшіріп әкеліп, үймен қамтамасыз етіп, мектеп оқушыларының санын көбейтті.

Өткен жылы Қазақстан ауылында жергілікті бюджеттен бөлінген  2 млн теңгеге су құбыры жөнделіп, тұрғындар тұщы суға қол жеткізді.

Ауылдағы мәдениет үйі  4,5 млн теңгеге ағымдағы жөндеуден өтті.

Тәуелсіздік жылдары атқарылған ілкімді істер ауыл халқының ауызбіршілігінің, еңбекқорлығының арқасында тыңдырылды. Бұның бәрі Тәуелсіздігіміздің жемісі деп білеміз.

                                                                    Қ.Исатаева,

Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі