30.12.2016, 16:04
Қараулар: 449
Жақсы істеріміз жарқырап көрінген жыл болды

Жақсы істеріміз жарқырап көрінген жыл болды

18-15-12-16Жақында Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековке жолығып, өткен жылғы атқарылған істер мен алда атқарылар міндеттер туралы әңгімелеп беруін өтінген едік.

— Абат Абайұлы, ауданымыз үшін біраз берекелі істерді тындыруға септігі тиген мешін жылы да мәреге жетті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту етіп айтуға тұрарлық не нәрсеге қол  жеткізе алдық содан бастасаңыз?

– Жаңа жылдан жаңашылдықты, ескі жылдан есіркеуді тілейтін халқымыз әрдайым әр жылға есеп беріп, келер жылға үміт артатынын жақсы білеміз. Бүгінгі береке-бірлігі бұзылмаған,  Алаштың Ақ ордасы атанған Сырым елінде мешін жылында айтулы жаңалықтар мен толымды істер аз болған жоқ.

Нақты айтқанда аудан бойынша негізгі капиталға жұмсалған инвестиция көлемі 1 млрд. 169 млн. теңгені (2016 жылдың 11 айы), ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі  6,6 млрд. теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығы саласында шаруашылықтар кейінгі жылдары мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып, мал шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосуда. Соның ішінде асыл тұқымды ірі қара мал басын өсіруші шаруашылықтардың қатары артып келеді. Қазіргі уақытта аудандағы 11 шаруашылықта 1660 бас асыл тұқымды ірі қара малы тіркеліп отыр. Мал шаруашылығын дамытудағы басты мәселе бұл жайылымдардың көлемін ұлғайту, сапалы мал азығының берік қорын қалыптастыру болып табылады. Көлдетіп суаратын жүйелердің аудан үшін маңызы өте зор, осы жерлердегі шөптің өнімі жай қырлықтағы шөптен 10-15 есе артық. Осы мақсатта биылғы жылы ауданымызда Өлеңті көлдетіп суармалы жүйесін және Аңқаты өзені арқылы өтетін су жіберу құрылғыларын күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл да болса ауданымыздағы мал шаруашылығының, бау-бақша шаруашылығының дамуына үлкен әсері болары сөзсіз.

Шағын және орта бизнес саласын дамытуға да баса назар аударылып келеді. Биылғы жылы ауданымызда алғашқы рет облыс аудандарының және көршілес Ақтөбе облысы Қобда, Атырау облысы Индер, Қызылқоға аудандарының кәсіпкерлерінің қатысуымен «Сырым-Invest-2016» кәсіпкерлер форумы оздырылды. Сондай-ақ, аудан кәсіпкерлері тәжірибе алмасу бағытында Ақжайық ауданының, Ақтөбе облысы Қобда ауданының, Атырау облысы Қызылқоға ауданының кәсіпкерлерімен іскерлік кездесулер өткізді.

Биылғы жылы атқарылған ауқымды істердің басым бөлігі коммуналдық-шаруашылық саласына тиесілі.  Жылымыз жағымды  жаңалықпен басталды, атап айтқанда Аралтөбе, Бұлан, Бұлдырты, Жосалы, Сарой ауылдық округтерінің елді мекендеріне, яғни 10 елді мекенге көгілдір отынның қосылуы.  Қазіргі уақытта аудан тұрғындарының  92% көгілдір отын игілігін пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.

Жол-көліктік логистиканы дамыту мақсатында құны 540 млн. теңгеге Бұлдырты ауылына дейінгі жолға күрделі жөндеу жұмыстары 2015-2016 жылдары жүргізілді. Мұның сыртында облыстық маңызы бар Жымпиты-Қаратөбе бағытындағы жолдың аудан аумағына жататын 55 шақырым бөлігі жөндеуден өтті.

Аудан орталығындағы С.Сейфуллин, Абай, М.Қаратаев, Амангелді, С.Датов көшелері, яғни жалпы ұзындығы 7,2 км. болатын жолдар орташа жөндеуден өтсе, жергілікіт бюджеттен бөлінген қаржыға Қажмұқан көшесі жолына орташа жөндеу жұмыстары басталды, 2017 жылы аяқталатын болады. Сондай-ақ, С.Датов, М.Қаратаев, Амангелді көшелеріне ұзындығы 2,7 км болатын жаяу жүргіншілер жолдары жасақталды.

Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына аудан бойынша жер телімінің кезегінде 388 азамат тұрса, тұрғын үй кезектілігінде  329 азамат тұр. Тұрғын үй мұқтаждығын шешу мақсатында  «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Жымпиты ауылында 93 тұрғын үй орнына, Бұлдырты ауылында 20 тұрғын үй орнына инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізілді.

Көптен бері көтеріліп келе жатқан Шолақаңқаты ауылдық округінің Тоғанас, Құспанкөл, Қарағанды, Аңқаты елді мекендерін және Алғабас ауылдық округінің Жаңаөңір, Сасықкөл елді мекендерін газдандыру жұмыстары басталды.

Мәдениет саласында да ауданымыздан шыққан марқасқа ұлдардың мерейтойлары ауқымды шаралармен аталып өтті. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы М.Еслямғалиевтің 70 жылдығы, Қазақстан Республикасының жас суретшілер бірлестігінің мүшесі, дарынды суретші, қылқалам шебері М.Жоламановтың 50 жылдығы, дәстүрлі әнші, термеші, Республикалық телевизиялық байқауларының лауреаты  А.Ғұбайдуллиннің 65 жылдығы, еңбек ардагері Н.Молдашевтың 80 жылдығы шаралары туған жерлерінде және аудан орталығында аталып өтті.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ауданымызда көптеген мәдени-көпшілік, спорттық шаралар өткізілді.

Білім беру саласы бойынша облыстық «Алтын ұя» байқауында Саройлық Ерғалиевтер отбасы 1 орын алса, Атырау қаласында өткен «Ақсұңқар» ІІ Халықаралық балалар мен жасөспірімдер фестивль- конкурсында «Айналайын» би ансамбілінің үлкен тобы Гран-при иеленсе, кіші тобы І орын алды.

Спортшыларымыз да биылғы жылы ауданымыздың мерейін асқақтатты. Түркімен елінің астанасы Ашхабадта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында ауданымыздың аталмыш мектеп түлектері Г.Сағадат, А.Отарбай, Н.Габбасов сынды спортшыларымыз боз кілемде өзге елдің балуандарымен иық тіресіп, жеңіс тұғырынан көрінсе, осындай жеңісті жолдар жалғасып, жақында ғана Бұлдырты ауылының тумасы Нұрлан Бекжанов Еркін күрестен 70 келі салмақта Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл жеңістер спортшыларымыздың аудан тұрғындарына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына жасаған тартуы деп білеміз.

– әрине жоспарсыз іс басталмайды. Алдын ала жобаларды жоспарлағанда бірінші кезекте жобалық-сметалық құжаттары жасақталған жобалар қарастырылады. Себебі қай жобаны жүзеге асырсақ  та қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Қомақты қаржыны аудан бюджеті көтере алмайтыны белгілі. Сондықтан облыстық немесе республикалық деңгейге дейін ұсыныстарымызды жеткізуге тура келеді. Кейбір жобаларға тоқталсам:

Ауыл шаруашылығы саласында «2017-2021 жылдарға арналған — Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдама жобасын» басшылыққа ала отырып,

— Қой, жылқы шаруашылығы, селекциялық жұмыстарына;

— етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында шаруашылықтардың төл алуға және малды өз төлі есбінен көбейтуге аса жоғары көңіл бөлінетін болады.

— ірі қара етін өндіру үшін «Жеке қосалқы шаруашылықтар құру» арқылы бордақыланатын мал санын арттыру жоспарымызда бар.

Сонымен қатар, біздің алдымызда кәсіпкерлікті дамытуда және жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында жаңадан қабылданып жатқан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасын ауқымды түсіндіріп, басшылыққа алып жұмыс жасау міндеті тұр;

Коммуналдық шаруашылық саласында жоғарыда аталған газдандыру жұмыстары жалғасын табатын болады.

Құрылыс саласында Өлеңті көлдетіп суармалы жүйесін және Аңқаты өзені арқылы өтетін су жіберу құрылғыларын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасатын болады.

Аудан бойынша сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын қарқынды жүргізу мақсатында Жосалы ауылдық округі Қоңыр ауылының, Аралтөбе ауылдық округі  Аралтөбе ауылының сумен қамту жүйесін қайта жаңарту да жоспарымызда бар.

Білім беру саласында ауданның 2 жалпы білім беретін орта мектептері күрделі жөндеуді қажет етеді.

Жымпиты ауылынан балабақша ғимаратын салу үшін мемлекеттік жекеменшік әріптестік бойынша жұмыстану қажет.

Мәдениет саласында «Қайсар» спорт клубының мәдени-спорт орталығы ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарының ЖСҚ жасақталды.

2017 жылы осы жобалардың жартысы жүзеге асса соның өзі біз үшін үлкен жетістік болмақ. Себебі облыста немесе республикада өзекті мәселесі бар аудан біз емес. Бәрі де өз мәселелері бірінші кезекте шешілсе деген үмітте. Алайда бөлінген қаржының тиімді  игерілуі де мәселелерді шешуге оң әсерін тигізетіні тағы бар.

Бұл жұмыстардың сыртында әрбір ауылдық округ әкімдері өздерінің мүмкіндіктеріне сәйкес жобаларын жүзеге асыра алады.

– Экономиканың, мәдениеттің, тұрмыстың өркендеп дамуы, әлеуметтік мәселелер шешімі жайында хабардар етсеңіз?

– Аудан экономикасына келсек 2016 жылы 4,2 млрд. теңге көлемінде жоспарланды, бұл 2015 жылдың бюджетімен салыстырғанда 19%-ға артық. Экономиканың дамуына қай саладағы атқарылған істердің әсер ететіні белгілі.

Мәдениет саласында  2016 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаржыға Аралтөбе, Талдыбұлақ ауылдық  мәдениет үйлері ағымдағы жөндеуден өтті, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Аралтөбе, Бұлдырты ауылдарындағы саябақтар абаттандырылды, Алғабас ауылында спорт алаңы жасақталды.

Білім беру саласында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ЖББ Қособа орта мектебі 158,3 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, осы бағдарлама шеңберінде ЖББ Абай орта мектебіне, А.Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебіне және Сырым орта мектебіне бөлінген қаржы шеңберінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұлдырты орта мектебіне балалар тасымалын ұйымдастыру үшін ПАЗ автобусы алынып берілді.

Әлеуметтік салада азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында биылғы жылдың 11 айында 665 жаңа жұмыс орындары құрылды. 46 адам әлеуметтік жұмыс орындарына тартылды. Сондай-ақ, жастар тәжірибесімен 77 жас маман мекемелерге жолданды. Биылғы жылы жүзеге асырылып жатқан «Өрлеу» бағдарламасы» аясында    11 отбасына 2,2 млн. теңге төленді.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 31 адам 60 млн. теңгенің несиесін алды. Бұл да болса жұмысыз азаматтардың өз кәсібімен айналысуына мүмкіндік туғызатын болады.

Бұлан, Қазақстан елді мекендерінде ауыз су құбырлары тартылды. Бірде-бір елді мекеннің өзекті мәселелері назардан тыс қалмайды. Ұсақ-түйек мәселе деген болмайды, себебі Елбасының біздің алдымызға қойып отырған міндеті халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оны шешуге бар күш-жігерімізді салу.

– Мемлекеттік тіл, дін, діл, ұлттық сана туралы пәкіріңізді, жасалған жұмыстарды да білсек?

— Өңірдегі діни ахуал тұрақты. Әсіресе, теріс діни ағымдардан жапа шеккендерді оңалту, ақпараттық-насихат, тәрбиелік шараларды күшейту бағытында жұмыстар жүргізіп келеді. Бұндай келеңсіздіктерді жою үшін идеологиялық жұмыстарды ширату қажет.

Ауданымызда жастарды діни ағымдар мен секталардан қорғау бағытында ислам дінінің құндылықтарын насихаттау, діни эктремизмнің алдын алу бағытында  «Сырым» деструктивтік жапа шеккендерге көмек орталығы жұмыстануда. Ауданда халық арасында діни экстремизмнің алдын алу, дәстүрлі дінімізді насихаттау, теріс діни ағымдардың алдын алу мақсатында дөңгелек үстелдер, семинар кеңестер, ұжымдарда кездесулер ұйымдастырылып, оған 4000-ға жуық адам қатысты.

Діни ахуалды зерделеу және талдау, тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу және діни сауаттылығын арттыру мақсатында аудандық «Сырым елі» газетінде әр тоқсан сайын «Дін-діңгек» айдарымен арнайы беттер шығарылуда. Әлеуметтік желілерде атқарылған жұмыстар туралы ақпараттар жарық көруде. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020  жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауданымызда жыл сайын «Тіл айлығы» оздырылып келеді. Осы айлық аясында білім ошақтарында, кітапханаларда, мәдениет үйлерінде көптеген шаралар ұйымдастырылады. Бұл әрине бір жылдың еншісінде атқарылатын жұмыстар емес, мемлекеттік тіл тек ауызекі сөйлеу ғана емес, сауатты жазу, өз ойыңды сауатты жеткізу болып табылады. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізілген 25 жұлдызды күн аясында “Тіл ұлттың тұғыры, намысы мен рухы” тақырыбында Бұлдырты ауылында мекеме қызметкерлері, кəсіпкерлер жəне əйелдер кеңесінің мүшелері арасында байқау өтті.

– Алда тұрған міндеттер, яғни алдағы жыл ауданымыз үшін тарихи маңызы бар жыл, алға қойған келелі міндеттер қандай?

— Батыс Қазақстандағы тарихи өңірдің бірі — Сырым ауданында Сырым Датұлының 275 жылдығына және Алашорданың 100 жылдығына орай көптеген шаралар ұйымдастырылмақ. Алашорданың Батыс бөлімі қазіргі Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында орын тепкені, оны Алаш арыстары, ел «екі дос» деп атап кеткен Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер басқарғаны белгілі. Осыған орай тарихшылармен, зиялы қауым өкілдерімен алдын ала кездесіп, алдағы шаралар талқыланды. Алдағы жылы аталмыш шаралар кең көлемде тойланатын болады.

Сонымен қатар, қысқы универсиадаға және «ЕХРО-2017» көрмесіне орай ауданымызда бірқатар шаралар оздырылатын болады.

Ауданымыздың ауыл шаруашылығы және инфрақұрылымдарды дамыту мақсатындағы жұмыстар мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде, жүзеге асырылатын болады.

– Есіктен енгелі тұрған жаңа жыл қарсаңында аудан халқына айтар тілегіңізбен әңгімеңізді түйіндесек?!

— Жаңа Жыл! Жаңа күн! Жаңа өмір!

Барша Сырымдықтарды жаңа 2017 жылдарымен құттықтаймын! Жаңа 2017 жыл жаңа бақыт, жаңа табыс әкелсін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман, ауыз біршілігіміз берік, жарқын болашаққа деген сеніміміз нық болсын!

Келер жыл баршамызға шат-шадыман сәттер, жаңа мүмкіндіктер сыйласын!

Сұхбатты жүргізген:

Махмет Қажиахметов,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар