30.12.2016, 15:58
Қараулар: 388
Еңбегі ерен жолшы

Еңбегі ерен жолшы

03-30-12-16ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазақавтожол» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынының Батыс Қазақстан облыстық филиалының №39 жол пайдалану бөлімінің көлік жүргізушісі Асылбек Ищанов ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен награтталды. Мемлекеттік награданы салтанатты жағдайда Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов тапсырды.

 Асылбек Ищанов – қарапайым адам. Қарапайым дегенде, қарапайым еңбек адамы. Орден алды дегесін, ол орденнің өзінде «даңқ» деген анықтауыш болғасын былайғы жұрт Асекеңді ерен ерлік істеді не болмаса қаһармандық жасады деп ойлауы бек мүмкін. Ол олай еткен жоқ. Асекең бар болғаны өзінің ісіне адал болды.  Ерлікті де, қаһармандықты да еңбекте жүріп жасады. Даңққа солай жетті.

Біздің кейіпкеріміз — 1961 жылы Жымпиты  ауылында дүниеге келген. Қ. Мырзалиев атындағы мектептің түлегі. Мектепті бітіргеннен кейін аудан орталығындағы бұрынғы кәсіптік техникалық училищеде білім алды. Ол оқу орыны қазір «Сырым колледжі» деп аталады.

Асылбек Ищанов 1982 жылы Жымпитыдағы №395 жол пайдалану учаскесіне қол жұмысшысы болып жұмысқа кірісті. Кейін көлік жүргізушісі болып ауысты. №395 жол пайдалану учаскесі де бертін келе  №39 жол пайдалану бөлімі болып өзгерді. Ауыспаған, өзгермеген Асылбек қана. Еңбекке адал болды да тұрды. Жол – түрлі тағдырлардың әрлі – берлі қозғалысы іспеттес.  Тағдырдың неше шұрайы болады. Жолдың үстінде біреудің көлігі от алмай қалады, бірі жолдан ауытқып кетеді, тіпті біреуі апатқа ұшырайды. Осындайда алып ұшып жететін – Асылбек. Бір жолы Самара – Шымкент халықаралық магистралінің бойымен қозғалып келе жатқан ауыр жүк көлігі қара жолдың жанына сырғып кетті.  Сырғыған көлікті жолға алып шығу бес күн бойы мүмкін болмады.  Бес күн бойы Асылбек те осы көліктің қасында жүрді. Ақыры, Асекең әріптестерімен бірге бұл шаруаны ыңғайлады. Жолда қалғанда жанашыр болған қазақтың жігіттеріне жаңағы көліктің жүргізушісі орыс азамат елжіреп тұрып, алғыс айтыпты. Осындай жағдайлар Асылбектің тәжірибесінде көп.

Әріптестері демекші, Асылбек Ищанов өзінің жұмысын жалғыз кісінің еңбегі емес деп айтады. Сондықтан, манағы марапатты да ұжымға ортақ деп есептейді. Ол Берік Бисалиев, Чапай Сисенов, Амандық Аманғалиев, Әлиасқар Ерғожиев, Қуан Жұмағожиевтермен әріптес болғанын мәртебе санайды.

Асылбек Ищанов жұбайы Рауза жеңгеймен бірге бір қыз тәрбиелеп отыр. Рауза Мұхатова да жуырда «Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы» медалімен марапатталды.

Орден — орден, медаль — медаль, ал «Қазақавтожол» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынының Батыс Қазақстан облыстық филиалының №39 жол пайдалану бөлімі үшін қазір қайнаған жұмыстың маусымы. Бөлім басшысы Берік Бисалиевтің айтуы бойынша, 8 техника, 10 бірдей адам жолда жағдай болса, әрекет етуге дайын тұр. Әрекет етіп те жатыр. Онсыз да, жолдың материалдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ойық – шұңқырын бітеу, күтіп ұстау, жол белгілерін жаңарту — осылардың мойынында. Күш көп болсын, жолшылар!

Б.ШЕРІМ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар