30.12.2016, 15:53
Қараулар: 379
Хабарламалар сынға алынды

Хабарламалар сынға алынды

07-30-12-16Аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалық етуімен аудан әкімі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Комиссия мүшелері және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, жергілікті полиция қызметкерлері қатысқан отырыс өзінің күн тәртібіне бірқатар маңызды мәселелерді шығарды.

2016 жылдың 11 айы ішінде жолда жүру ережелерін бұзғандары үшін көлік жүргізушілерге барлығы 411 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Соның ішінде 23 көлік жүргізуші көлік құралын масаң күйде жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылған. Жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғандары үшін  1 млн 300 мың теңгеден астам айыппұл салынып, дені өндірілген. Осы жылдың 11 айы ішінде Сырым ауданы аумағында 14 жол көлік оқиғасы тіркелді. Бұл мәліметтер аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Мұрат Әділгереевтің баяндамасында айтылды. Жолдас майордың баяндамасына қатысты аудан әкімі Абат Шыныбеков біраз сын айтты. Мысалы, биыл ауданның орталығындағы ауылішілік жолдардың 8 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Ендігі жерде, сол жолдардағы көлік қозғалысының тұрғындар үшін қауіпсіздігі үлкен мәселеге айналып отыр. Жол бойындағы жасанды кедергілерді көліктердің айналып өту фактілері жиілеген. Осы сияқты тұрғындардың ішінде жаяу жүргіншілерге арналған жолақты пайдаланбай, автокөлік жолын белгіленбеген жерден кесіп өтуі, жаяу жүргіншілердің жолымен жүрмей, автокөлік жолының жиегімен қозғалуы жайттары да қадағалаудан сырт қалып отырған сыңайлы. Әкім осыны ескертті. Жалпы, күннен күнге көлік қозғалысынан гөрі жаяу жүргіншілердің қозғалысын ұйымдастыру маңызды болып барады.

Аудан прокуроры Мейірхан Ізімов көлік құралын басқаруға рұқсат құжаты жоқ азаматтардың көлік жүргізу оқиғаларының нақты бар екенін айтады. Соларға шара қолдану керек деп есептейді ауданның прокуроры. Заңға бағынбау деген болмауы тиіс. Себебі, бұл мәселеленің арғы жағында полицияның беделі тұр.

Осы сияқты жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жастармен жасалатын қылмыстардың алдын – алу, ҚР нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2012 – 2016 жылдарға арналған салалық бағдарламасының орындалуы, учаскелік полиция инспекторларымен атқарылған жұмыстардың қорытындысы жайлы мәселелер тыңдалды. Шынын айту керек, хабарламалардың дені жете зерделенбегені, кәсіби сараптаманың жетіспейтіндігі ескеріліп, кейінге қалдырылды.

Күні бүгін аудан әкімі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2017 жылға арналған жұмыс жоспарын жасақтау үстінде.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар