22.12.2016, 15:58
Қараулар: 467
«Ұмытылмас күн!»

«Ұмытылмас күн!»

01-22-12-16Сырым ауданының орталығында Белоруссия мемлекетінің  Витебск қаласында өткен XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылардың «Славян базары-2015» байқауының Гран-при иегері Димаш Құдайбергеновтың жеке ән кеші өтті. Әншінің «Ұмытылмас күн!» деп аталатын өнер турнесі ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналып отыр. Бұл туралы әншінің досы, турненің ұйымдастырушысы Алпамыс Шәрімов айтты.

Димаш Құдайбергенов – қазақ эстрадасы үшін жаңа құбылыс. Оның ән орындау шеберлігі туралы әлемнің мықты деген музыка мамандары жақсы пікірлер білдірген. Димаштың орындауында қазақтың ұлттық музыкасы  классикалық бояу алып, әлемдік аудиторияда тыңдалды.  Оның репертуары бірсарынды емес. Біртілді де емес. Ол қазақ тілінен бөлек, ағылшын, орыс, серб, итальян, француз тілдеріндегі әндерді еркін орындайды.

Аудандық мәдениет үйінде өткен сазды кешке келген халықтың қарасы көп болды. Кеш еркін сипатта өтті. Жанды дауысымен жанын салып тұрып орындаған Димаштың әніне дүйім жұрт дүркін  — дүркін қол соқты. Ықыласқа берілген Димаш та ән сайын түлей берді, ашыла берді. Өзім Димаштың қазақ болып туғаны үшін қатты қуанып тұрдым.

Кеште отандық музыкалық арналардың бетін бермей жүрген белгілі «Алау» тобы, өңіріміздегі «Шах» би ансамблі өнер көрсетті.

Ән кеші аяқталғаннан кейін аудан әкімі Абат Шыныбеков кеш иесі мен меймандарға өзінің алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар тапсырды. Концертті ұйымдастырушылар қылған құрметі мен жасаған жағдайы үшін Сырым ауданының басшылығына, әсіресе мәдениет саласындағы әріптестеріне үлкен ризашылықтарын айтты.

Әнші Димаш Құдайбергеновтың «Ұмытылмас күн!» атты ән кеші осы күні Аралтөбе ауылында да өтті. Өткенде де, тегін өтті. Аралтөбелік ағайын да қарап қалмапты. Арнайылап келген ардақты қонағы Димашқа олар ат мінгізді деп естідік.

Аралтөбе ауылы – мана біздер сөзіміздің басында айтқан Алпамыс Шәрімов деген азаматтың туған жері. Жерлесіміз бүгінгі күні «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Түнгі студия» жобасының продюсері болып қызмет жасайды. Алпамыс Шәрімов – қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін түрлі қайырымдылық шараларының да ұйымдастырушысы.

Бауыржан Ширмединұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар