22.12.2016, 15:42
Қараулар: 436
Жақсылықтар жалғаса берсін!

Жақсылықтар жалғаса берсін!

07-22-12-16Тәуелсіздік – ап – ащы жаспен келген тәтті бақыт. Мен солай түсінемін. Содан да болар, өмірімдегі жақсылықтың бәрін Тәуелсіздікпен тығыз байланыстырамын. Өзім егеменді Қазақстанның азаматы болып дүниеге келгеннен кейін, олай етпеске қайдан болмақ?

 Жақсылық деген адамның өмірінде көп болады. Ол – күнделікті құбылыс. Тек адам оны олай деп ойламайды. Таңыңның атқаны,  көзіңнің көргені, құлағыңның естігені тағысын – тағы деп жақсылық атаулыны тізе кетуге болар еді, оқырман олай данышпансынғанды ұнатпайды. Жазғанға да, оқығанға да әңгіменің тікесі жақсы. Әңгіменің тікесі сол, менің есімде мына бір жақсылықтар әлі мөп – мөлдір күйінде жүр.

 Сырым ауданында «Сырым жастары» деген жастар қоғамдық бірлестігі бар. Бұл ұйым 2004 жылдан бері жұмыс жасайды. Ұйым 2011 жылы «Өмірге жолдама» деген әлеуметтік жобаның жұмысын бастады. Бірлестіктің экс – төрағасы Ерболат Исанов бұл жоба ауданның жастары үшін шынайы игілікті болса деген мақсатты ғана ойлады. Мақсат орындалды да.

Өңірге белгілі «Әлім», «АзияТехСтрой» ЖШС-қатар, «КМТ СИТИ СТРОЙ», «БАЛТЕМЕН», «ӨТЕШ» секілді құрылыс кәсіпорындары осы жобаның қаржыландырушылары болып келісілді. Құсайын Бахтияров, Ержан Бахтияров, Ерлан Бақтияров, Армат Әлімбетов, Тілек Махметов, Ақболат Ырысов, Ақболат Ізболатов сияқты азаматтар жақсылық жасауға өздері ынта білдірді. Істің басы солай басталды да, «Сырым жастары» ұйымы «Өмірге жолдама» жобасы арқылы ақылы білім алуға әл-дәрмені жоқ, әлеуметтік жағдайы әлжуаз жанұядан шыққан 10 бірдей жасты өздері қалаған мамандық бойынша жоғары оқу орындарына тегін орналастырды. Сырым ауданы мемлекеттік грантты солай «қолдан жасады».  Сөйтіп, 10 бірдей бозбала мен бойжеткеннің арманы орындалды, 10 бірдей жанұя жақсылыққа жарыды. Бастысы, 10 бала адам болды.

«Өмірге жолдама» әлеуметтік жобасы 2011 жылы Батыс Қазақстан облысындағы «Үздік жастар жобасы» атанды. Сөздің шыны керек, бұл жобаны облыста әлі ешкім қайталай алмай отыр. Қайталай алмайтын да шығар. Қайталау үшін Бахтияровтар сияқты жомарттар керек, Арматтай, Тілектей, Ақболаттардай азаматтар керек.

Биыл бұл жоба 5 жылға аяқ басты. Нәтиже бар ма? Бар. Жобаның 2 қатысушысы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық — техникалық университетін аяқтады. Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан  мемлекеттік медицина университетінде білім алуға мүмкіндік алған бір студент жоба күткен нәтижені орындады. Сабағын үздік оқып, келесі жылы мемлекеттік грантты жеңіп алды. Күні бүгін осы оқу орынында жобаның тағы бір қатысушысы білім алып жатыр. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетіне оқуға жіберілген енді бір қатысушымыз да күні бүгін мемлекеттік грант арқылы білім алуға ауысты. «Өмірге жолдама» жобасы аясында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін аяқтаған 1 жас маман аудан ауылдарының біріне еңбек етуге кетті.  Жаңағылар да, басқалары да, тіпті осы жолдардың авторы да «Өмірге жолдама» жобасы аясында білім алып, бүгін бір-бір саланың өкілі болып жүр.

2014 жылы Жетікөл ауылдық округінің орталығы мен елді мекендері көгілдір отынға қосылды. Қосаралдың халқы үшін бұл күн той іспеттес болды. Шараның құрметті меймандары мен «Байқадам» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеген Әбілхайыров газ алауын салтанатты түрде тұтатты. Осы уақиғаға куә болу үшін аудандық газеті бар, республикалық телеарнасы бар, біраз тілшілер қосыны бардық.

Газ салтанатты берілгеннен кейін ауылдың тумасы, «АзияТехСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Армат Әлімбетовтың өз қаржысына салған әмбебап спорттық алаңының ашылуы болды. Кәсіпкердің бұл ісі «Нұр Отан» партиясының «Біздің ауыл» жобасы аясында қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясының негізінде атқарылды. Жұртына жанашыр Армат Әлімбетовке ауылдастары ат мінгізіп, қазақы құрмет көрсетті. Осы жақсылық та жадымда жарқ-жұрқ етеді де тұрады.

Армат Әлімбетов – жаңа ғана біз айтқан  «Азия Тех СТРОЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы. Нысанның құрылысы туралы Арекеңмен әуелде бір  әңгімелескен едім, ол кісі бұл жұмыстың жеке бас жарнамасына қатысы жоқ екендігін бірден айтты. Тап-таза «Елге деген махаббаттан!» деді де, қойды.

 Елге деген махаббаттың «тірі көріністері» Сырым елінде соңғы уақытта жиі байқалатын болды. Мәселен, Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылының тұрғындары осы жазда өз күштерімен ауыл клубының құрылысын бастады. Суыққа қалмай табанын тартып, қабырғасын қайқитып қойды. «Құдай қаласа, келесі жазда клубта отырып концерт көреміз!» — деді іссапар барысымен барғанда маған жолыққан Боранбай деген ауылдың бір іскер азаматы. Осындай клубтың құрылысын биыл Сарой ауылдық округіне қарасты Көздіғара ауылының тұрғындары да қолға алды. Жазғы уақытта су жаңа клубта отырып концерт көретін тағы бір ауыл болса, ол осы — Көздіғара сияқты.

Түйіндеп айтқанда, Тәуелсіздіктің таңы өзінің жақсылығымен атып жатыр. Мәңгі бол, арайлы бол, Азаттықтың ақ таңы!

 Бауыржан Ширмединұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар