22.12.2016, 15:33
Қараулар: 270
Тәуелсіздіктің толымды табыстары

Тәуелсіздіктің толымды табыстары

02-22-12-16Сырым елінде де Тәуелсіздік жылдары толайым тірлік атқарылып, елдің мерейін өсірді. Соның ішінде халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсарып, өркениетке қадам жасаған бір ауыз толтырып айтар жақсылығы – ауданға көгілдір отынның келуі. Шынын айту керек, Кеңес үкіметінің  бұғауында болған жетпіс жылда келмеген  көгілдір отынды егемендіктің небары он тоғыз жылында халық тұтынды. Газдың келуімен бірге әр шаңыраққа бақыт, береке кірді. От жағып, күл шығарудан босамайтын әйел-аналардың үй жұмысы айтарлықтай жеңілдеді. Көмір, қи сатып алып қалтасы қағыла берген қалың жұрттың қаржысы да үнемделді. Ауданға газдың келуі экономикамызға да оң ықпалын тигізуде.

2010 жылы  ауданға «Қарашығанақ-Жымпиты» бағытында тартылған магистральді газ құбырының келуі сырымдықтар үшін тарихи сәт болды. Сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың тікелей ықпал етумен   газ өндіру жұмысымен айналысатын «КПО б.в» компаниясы көгілдір отынды  Жымпитыға дейін тартуға 57 млн АҚШ долларын бөліп, діттелген мақсат ойдағыдай аяқталып, Сырым елінің көптен күткен арманы жүзеге асты.

Жымпиты ауылының ішіне газ  құбырын жүргізуге жеңімпаз болып Әлжан Досмақовтың «Нұржан» ЖШС танылды.   2010 жылдың  27 сәуірі күні мердігермен  102 млн 724 мың теңгеге келісімшарт жасалды. Аудан орталығына жалпы ұзындығы 8,4 шақырым газ құбыры тартылды. Сағаттық шығыны 3431 м3/сағ болатын бір ГРП газ реттегіш пункті және 10 газ тарату шкафтары қойылды. Мердігер «Нұржан» ЖШС  жұмыстарын сәтті аяқтап, 25 тамыз күні мемлекеттік комиссиямен қабылданып алынды.

Ауданның әлеуметтік нысандарын газдандыру үшін жергілікті қазынадан 5 млн 180 мың теңге бөлініп, ауданның 6 әлеуметтік ғимараттың бу қазандықтарының құрылысына  жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны – 44 млн 716 мың теңгені құрады. 2010 жылдың  9 қыркүйегінде алты әлеуметтік ғимараттың  бу қазандығының құрылысына мемлекеттік сатып алудың ашық конкурстық тәсілімен Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп,  ауыл әкімшілігі ғимараты,  аудандық мәдениет  үйі,  тәрбие орталығы,  Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп, «Балдырған» балабақшасының бу қазандықтарының құрылыстары 23 қазан күні аяқталып, қолданысқа берілді. Кейін аудан орталығындағы қалған әлеуметтік нысандар біртіндеп, көгілдір отынға қосыла бастады.

Әлемдік дағдарыстың қапталдасқанына қарамастан, ауданға газ тарту жұмыстары  жалғаса берді. Әр жыл сайын  ауылдарда тұратын халық ауданда қарқынды жүргізілген көгілдір отынның игілігін көруге асықты.

2011 жылы Алғабас, Талдыбұлақ, Қазақстан ауылдарына газ келді.

2013-2014 жылдары  Бірінші Май,  Шағырлой, Қосарал, Жетікөл, Жырқұдық, Қособа ауылдарына 86,8 км газ тарту жұмыстары жүргізілді. Ал, 2014-2016 жылдары Жымпитыдан  Көгеріс,  Тамды, Қоңыр, Бұлдырты, Қарақұдық, Көздіғара ауыл- елді мекендеріне 113,7 шақырымды құрайтын газ құбырлары тартылды. Дәл осы жылдары аудан орталығынан Аралтөбе, Бұлан ауылдары мен Жамбыл, Қызылағаш елді мекендеріне 75,63 шақырымдық газ құбырлары өткізіліп, тұрғындардың табиғи газды пайдалануға қолы жетті. Аталған ауылдарға газ құбырларын тарту жұмыстарын  Тілек Махметовтың «ТасқалаТрансГаз»ЖШС жүргізген болатын.

Аудандағы Бұлдырты, Жосалы, Аралтөбе, Бұлан, Сарой ауылдық округтерінің 10 елді мекеніне көгілдір отын келді.  Алғабас ауылынан Тоғанас, Аңқаты, Қарағанды, Құспанкөл,  Жаңаөңір, Сасықкөл ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Келесі жылы тұрғындар газды тұтынатын болады. Аталған ауылдарға көгілдір отын жетіп, аудан 100 пайыз көгілдір отынның қызығын көрмек.

 Бүгінде ауданда газ бар, «Ақбұлақ»  келді,  жолымыз жөнделді, жаяу жүргіншінің жолы да салынды, шағын және орта бизнес қарқынды дамуда, инвесторлар да тартылып жатыр. Ел егемендігінің мерейлі мерекесін сырымдықтар айтулы жетістіктермен қарсы алуда.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар