22.12.2016, 15:30
Қараулар: 357
Жосалының жайсаңы еді Жұмагелді

Жосалының жайсаңы еді Жұмагелді

08-22-12-16Сырым елі  –   небір жайсаңдар мен талай  таудай тұлғалар  өмірге келген құтты мекен.  Қарапайым ғұмырымен, өнегелі ісімен, үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық жасап, қазақы салтын құрметтеп, дәстүрін сыйлаған ерекше жандар бар өмірде. Сондай жандардың қатарында  қамшының сабындай қысқа ғұмырында  еліне елеулі еңбек етіп, туған жерді тіршілігінің темірқазығы санап өткен Жанғалиев Жұмагелді Қаршығаұлы бар.

 Көзін көрген жандардың есінде  бейнесі ақжарқын, ақкөңіл,  мәрт, өте қарапайым азамат ретінде қалған Жұмагелді Қаршығаұлы арамызда болса, асқаралы алпысқа, алпысыншы белесіне толар еді. Тәуелсіздік таңымен таласа, жаңа өмірге жаңаша көзқарасты, іскерлік, өзін-өзі жұмыспен қамту, өзгелерге заман талабын түсіндіруге үлгі болу сияқты өнегелілік көрсете алған азамат болды.  Ауылда тұрып-ақ, адал тірлікпен жоқтан бар құрап,  бірігіп еңбек етуге, елді жұмылдыруға ұйытқы бола алды.

Жұмагелді Жанғалиев 1956-ның  желтоқсанында Сырым ауданы Бұлдырты совхозы Көздіғара ауылында шыр етіп дүниеге келіпті.   Бұлдырты орта мектебін 1974 жылы өте жақсы деген бағамен аяқтап шықты. Онжылдықты бітіріп, Алматы қаласындағы  С.М.Киров атындағы  Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Бірақ, әкесі Қаршыға мезгілсіз өмірден озып, анасы мен бауырларына қарайлап, елге оралды да, оқуы аяқсыз қалды. Асқар таудай әке өмірден ерте озып, тағдырдың тауқыметі он баланың үлкені Жұмагелдіге түсті. Анасы Сәуле мен артындағы шиеттей бауырларына жастайынан қамқорлық танытты.

Жұмағаңның  еңбек  жолы  Жосалы  совхозында жұмысшы қызметінен басталды. 1975-1977  жылдары  Кеңес Армиясы қатарында  әскери борышын өтеді.  1977-1980 жылдары Алматы қаласында зауыт қызметкері болып еңбек етті.  80-ші жылы елге оралып, спорт әдіскері, кейін 1981-1989 жылдары аралығында  Жосалы совхозының кассирі қызметтерін абыройлы атқарды.  1989 жылы  Жосалы совхозының  «Жданово» аталатын  №1 фермасында (қазіргі Тамды ауылы) басқарушы қызметіне ауыстырылды. Бұл қызметте 1996-ға дейін болып, елі үшін, жанын салып еңбек етті. Еліміз тәуелсіздік алып, егемендік орнаған соң, ауданның ауыл шаруашылығын өрістету мақсатында «Тамды»  шаруа қожалығын құрып, 1997-2002 жылдары басшылық етті. Шаруашылықтың шаруасын ұршықтай үйірді.  Азаматтық, адамдық қасиеті, кішіпейілділігі,  еңбекқорлығы үшін оны елі жақсы көрді. Қиындыққа төзіп,  үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетіп,  қажет адамға қол ұшын беруден шаршамаған Жұмағаңның туған-туыстың ғана емес, ауыл-аймақтың өсуіне үлес қосқанына бүкіл жосалылық, қала берді сырымдық ағайындар куә.

Ұзын бойлы, кең жауырыны қақпақтай, нар тұлғалы, елім деп ет-жүрегі елжіреп, еселі еңбегін елге арнаған абыройлы азамат Жұмагелді Қаршығаұлының сырқаты меңдеп, 2004 жылы жүрегі тоқтады.

Бүгінде Жұмагелді ағаның анасы  Сәуле әжеміз   сексеннің сеңгіріне келіп, ұрпақтары­ның арасында ғұмыр кешуде. Жарынан ерте қалып, жесірліктің кермек дәмін татқан ана бүгінде үлкен ұлы Жұмагелдіні көкірегі қарс айырыла сағынады.

Жұмагелді Жанғалиевтің жары Гүлсімхан, Ринат пен Сағдат атты ұлдары шаңырақ көтеріп, Орал қаласында тұрып жатыр.  Айназ, Рамазан, Абдурахман, Айзере атты немерелерінің тегі  атасының есімінде.  «Әке көрген оқ жонар»,- дегендей,  Жұмағаңның  берген тәрбиесін ұлдары өмірлеріне рухани азық етіп келеді. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» дейді қазақ.  Әкесі Жұмагелдінің көзін көрген  жандар ол кісінің  азаматтығын, адал достығын, ақкөңілділігін айтып жүреді. Мұндай жылы сөздер қос ұлына әкесі бейне бір жадында жүргендей әсер етеді.

 Махмет Қажиахметов,

Жосалы ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар