24.11.2016, 11:43
Қараулар: 526
ШАМ ӨЛКЕСІНДЕГІ ҚАНТӨГІС

ШАМ ӨЛКЕСІНДЕГІ ҚАНТӨГІС

01-24-11-16Отан үшін қызметке барған едім

Түркия шекарасы шебіне,

Бұл жерде таныс құстар  ән салмайды,

Бұл жақта таныс қыздар жолықпайды.

 (Солдат өлеңі).

1987-1989 жылдары Кеңес әскерінің қатарында Арменияның астанасы Ереван қаласында  Отан алдындағы азаматтық борышымды өтедім. Халқының дүниетанымы, мәдениеті, табиғаты мүлдем бөлек таулы жерде екі жыл  қызмет атқару  жас  сарбаздарға оңай соқпағаны анық жоғарыдағы авторы белгісіз шағын өлең шумақтары содан туындаған. «Бергі жағы  қап тауы, арғы жағы балқан тау- бәрі біздің барған тау» деген екен ата-бабаларымыз, бұл сөз шамасы даңқты тарихымыздағы ғұндар немесе қыпшақтар заманында айтылса керек. Мен қызмет атқарған «3407» әскери бөлімде  менің алдымда ауданнан екі- ақ азамат,  бұрын Сырым колледжінде жұмыс істеген, биылғы жылы көктемде қайтыс болған Елеу аға және аудандық мәдениет үйінде қызмет атқарып жүрген Оралбай  болған екен. Арменияның Лениникан қаласында таулы-тасты жерде әскери біліктіліктерін шыңдаған Жымпиты ауданының бір топ жігіттері сол кездері табиғаты ұқсас таулы Ауғаныстанға жіберілген. Дүниені дүркіреткен Кеңес империясының экономикалық күш қуаты мен геосаясаттағы мақсат мүдделері орасан еді, сол  үшін қазақ жігіттерін қайда  апармады десеңші біреулер  Баренц теңізінде сүңгіуір қайықта қызмет атқарды, Куриль аралдары, Ангола, Ливия, Сирия, Вьетнам, Куба тізе беруге болады. Ол кезде қырғиқабақ салқын соғыс кезі еді, Арменияда жүргенімде жерлері кілең тау мен тастың арасында тактикалық жаттығулар жүргізетін командиріміз: анау биік таудың басына түрік диверсанттары келіп түсті солардың көзін жою керек деп бұйрық беретін, ентелеп жүріп тауды жан жағынан қоршап шартты қарсыласты құртатын едік. Сол кезде Түркия Кеңес одағының басты қарсыластарының бірі болып есептелетін, себебін бертін келе білдім: Кеңес одағының Түркия елінің территториялық тұтастығына кикілжіңі болған екен ал сол талаптарды қойдыртқан Армения мен Грузия елінің үкіметтері болған, Түркияның солтүстікатлантикалық одақтың мүшесі болудан басқа амалы қалмаған. Түркияның арғы жағында Таяау Шығыста Сирияның Тартус қаласында Кеңес одағының әлемдік тепе-теңдікті сақтау мақсатында құрған әскери-теңіз күштерінің базасы болды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басындағы құлдырау кезінде база жабылды. Қазіргі кезде Ресейдің  ұлыдержавалық пиғылы күшейіп батыс елдерімен текетіреске түсіп қайткенде де бұл алып елдің пікірімен санаспай геосаяси мәселелердің шешілмейтінін білдіруге тырысуда, соның бір айғағы Сирия деуге болады.  Жиырмасыншы ғасырда әлемнің оқ-дәрі қоймасы деп екі рет дүниежүзілік соғыстың басталуына себепкер болған балқан түбегі аталса, қазіргі кезде әлемнің оқ-дәрі қоймасы Таяау-Шығыс болып тұр. 2010 жылы араб көктемі деген атпен төңкерістер Тунис, Египет, Йемен, Ливия, Сирия, Ирак, Алжир, Сауд Арабиясында белең алды. Сирияда 1963 жылдан бері төтенше жағдай режимі енгізілгендіктен тәртіпті қадағалаушы күштік құрылымдардың өкілеттіктері кеңейтілген, адам құқын сақтамау, саяси қудалау, сот әділдігінің болмауы, саяси тұтқындарды азаптау, сөз бостандығының жоқтығы бұл елде 2011 жылы азамат соғысының басталуына соқтырды. 2015 жылдың 30 қыркүйегінде Башар Асад режимі елдің тек азғана бөлігін бақылауында ұстап жеңіліске ұшырағалы тұрғанда  Ресей Федерациясының аэроғарыш күштері әскери соққыларын бастады. Ресей үшін Украйна елінің қандай стратегиялық маңызы бар болса Түркия үшін де  көршілес ел ретінде Сирияның тап сондай орны бар. Бұл екі елдің мақсат мүлделері өзара көбінесе қайшылықтардан тұратыны тарихтан белгілі  шағын қақтығыстарды есептемегенде Ресей Түркиямен 12 рет соғысқан. Екі қуатты елдің осы елді саяси-экономикалық ықпалында ұстауға тырысуы өзара араздасуларына алып келді, күрд сепаратизмі күшейді, тіпті Түркияда әскери төңкеріс жүзеге аса жаздады. Осындай жағдайда Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде дербес саясатын жүргізіп егемендігімізді тұңғыш таныған бауырлас Түркия елімен байланысымызды үзбеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты қалпына келтіруге зор еңбек сіңірді. Бұл жағдай Ресейде қалың орыстың арасында тұрып ассимиляцияға ұшырап жатқан түркі тілдес халықтардың мәдени-тілдік тұрғыда дамулары үшін маңызды.

Башар Асадтқа қарсы қозғалыстар: ислам майданы, әл-кайда, ән-нусра майданы, ислам мемлекеті, сирияның еркін армиясы, бітіспейтін оппозиция, сирияның революциялық майданы тағы басқалар, оларды қолдаушы елдер АҚШ, Катар, Сауд Арабиясы, Түркия, Батыс Европа елдері болса Башар Асадтты жақтайтындар: «Хезболла» ұйымы, Күрд жасақтары, Ресей, Иран, Қытай, Беларуссия, Алжир осының өзінен қақтығыстың каншалықты ушығып тұрғанын көруге болады. «Соғысты саясаткерлер бастайды зардабын қарапайым халық көреді» деген қағидада айтылғандай соғыс зардабынан 5 миллион халық туған жерлерін тастап үдіре көшіп кеткен. Соғыс қимылдары жүріп жатқан Ауғаныстан, Ирак, Сирияда балабақша мектеп, аурухана, тұрғын үйлерге қателесіп бомба тастау деген үйреншікті жағдайға айналған болса пайдалы қазбасы бар мұнай, түсті металды кен орындары мен өндіріс ошақарына жаңағыдай қателесіп бомба тастау оқиғалары сирек көрінеді, осыдан-ақ соғысушы тараптар мен оларды жақтаушылардың мақсат мүлделері үшін ештеңеден тайынбайтынын сол жерде тұрып жатқан адамдардың өмірінің ешқандай құны жоқ екенін және қарсыласушы жақтардың бірін-бірі геноцид жасап жойып жіберуге ұмтылыстары байқалады.

Тарихшы ретінде ерте замандардан ғылым, мәдениет, өркениеттің ошағы болған қазақтардың Шам елі деп атаған Сирияның халқының діни ұстанымдарына талдау жасап көрсем: басым көпшілігі мұсылман- сунниттер сонымен қатар саны аз конфессиялар шейттер, исмайлит-низариттер және аллавиттер(16%), христиандық бағытты ұстанушылар(10%)  тұрады.

Сирияны басқарып отырған Башар Асадттың ұстанатын діні шейттік  бағыттағы алавиттік ағым. Кейбір мұсылман теологтары алавиттарды шейттік  бағыттан алшақтаған,  христиандықтың кейбір дәстүрлерін ұстанатын және исламға дейінгі шығыстағы діни сенімдерді ұстанушылар деп есептейді.

Шейттік көзқарасты ұстанатындар негізінен ирантілдес  халықтар немесе ортағасырларда Персияның ықпалында болған араб елдері, Иран, Азербайжан, Бахрейн, Ирак, Ливан, сондай-ақ Тәжікстандағы Таулы-Бадахшанда тұратын памир халықтары шейттік бағыттағы исмайлиттік ағымды ұстанады.

Таяу Шығыстағы алавиттер, исмайлиттер, езидтердің (күрдттердің этноконфессиялық тобы) діни ұстанымдары толық зерттелмеген және діни жоралғыларын құпия өткізулерімен ерекшеленеді. Мысалы: езидттер сенімі зооастризм негізінде туындаған, оларды Ібіліске сенді деп қудалау оқиғалары көп болған, исмайлиттер о дүниеде жанның ауысатына сенеді, алавиттер христиандықтың кейбір мерекелерін атап өтуімен ерекшеленеді. Қалай болғанда да таяау шығыстағы бұл діни ағымдар ғасырлар бойғы  діни-тарихи оқиғалар барысында қалыптасқан. Сондықтан оларға сенің діни ұстанымың дұрыс емес сен мына дінді ұстану керексің деп байбалам салу жосықсыз әрекет болғанмен өкінішке орай «ДАЙШ» сынды экстремистік топтар тарапынан күш қолданып қысым жасау оқиғалары жиі қайталануда.

Таяу Шығыс иудайзм, христиандық, ислам діндерінің шыққан жері, бұл жерлерде аталған діндерге қатысты қасиетті орындар жеткілікті. Орта ғасырлардағы христиандардың мұсылмандар Христос табытын күстаналауда деп жасаған крест жорықтары болған еді, жүздеген жыл өткен соң тарих қайталанды деп те айтуға болады. Бұл жолғы жағдай басқаша дегенмен діни конфессиялар арасында өзара диалогтың болмауы, діни экстремизм мен терроризм сияқты кесапаттар   бір кезері өркениет ордасы болған, бейбіт күн кешіп жатқан елдердің ойранын шығарды. Қазіргі кезде әлемде Ислам дінін ұстанатындар саны Христиан дінін ұстанатындардан  екі-үш есе артуда бұл жағдай Ислам дінін қаралауға тіпті АҚШ, Батыс Европа елдерінде таза мұсылмандарға еш қатысы жоқ Ислам терроризмі деген терминді таңыуға апарып отыр. Сондай-ақ, мұсылмандарды бір-біріне қарсы айдап салып  өзара соғыстырып Ислам дінін ұстанатын елдерді әлсірету немесе жойып жіберуге ұмтылу байқалады. Осындай жаһандық саясатты жастарымыз біле жүргені абзал және ғаламтордағы қазақ халқына жақсылық ойламайтын пенделердің  орнатқан діни бағыттағы ақпараттарының ақ қарасын ажырата білу үшін сауатты әрі ұлттық рухымыз мықты  болуы қажет.

Ауғаныстан, Ирак, Сирияда азшылықтың (діни немесе этнотоп) өкілінің билік басында болып көпшілікті басқаруы деморатиялық институттың  жоқтығы өзге ұлттардың  мүдделерімен санаспауы немесе басқа діндегілерді шариғат заңдарына бағындырып басқаруға тырысу, өзара түсініспеушілік кесірінен аталған елдер халқы қырық пышақ болып қантөгісіп қырқысуы салдарынан ішкі саясаттары әлсіреп шет елдердің империалистік саясаттарына тәуелді болып қалды. Ақыры онсыз да қай жерден қай елдің пайдалы қазбаларын сорып экономикалық қуатын арттырсам деп отырған сыртқы  алпауыт елдердің ішкі істеріне араласуына апарды.

Жақында Мұратбек Жоламановтың көрмесінде салған суреттерін тамашалап жүріп талай халықтардың алфавитіне негіз  болған, тіпті араб әліпбиінен де ескі көнетүркілік руникалық әріптермен қолтаңба қалдырғанын көріп таң қалдым қандай білімпаздық, тарихты терең білген соң ұлттық рухы да мықты болғанына көзім жетіп елдің азаматы үшін кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Руникалық жазулардың армян, грузин әріптеріне сондай-ақ, кейбір батыс европалық елдерінің алфавиттеріне негіз болған деген тұжырым Москва қаласында тұратын түркітанушы ғалым Мұрат Аджидің «Түркілер» атты кітабында айтылған.

Қазіргі жастардың араб мәдениетіне қызығушылықтары басым болып тұр, араб  халықтары 350 миллиондай, түркі тілдес халықтар 150 миллионға жуық, яғни түркі тілдес халықтардан екі есе көп. Арабтардың әлемдік өркениетке қосқан үлестері өлшеусіз екеніне дауым жоқ дегенмен түркі әлемінің де осал еместігін біле жүрген абзал. Әлемдегі үш негізгі дін Будда, Христиандық, Исламға негіз болған жаратушы Тәңір деп бірқұдайға сенуді бастаған Алтай түркілері екенін  және камзол, шалбар сықылды киімдерді және ат-арбаны көшпелі тұрмысқа   тұңғыш пайдаланыу арқылы Шығыс Европа, Балқан түбегінен  Байкал (байкөл) көліне дейінгі  ауқымды территорияны мекендегенін мойындауымыз керек. Байкал көлі  маңында ертеде түркілердің Байырку деген елі болған, 2014 жылы «Орал өңірі» газетінде Жантас Сафуллиннің қараша қаздар туралы мақаласында қарақаз («тофа» орыстардың қойған атауы) саны санаулы 300-дей қалған жер бетінен құрып кетейін деп тұрған халық жөнінде айтылған.  Сонымен қатар татардың лингвист-ғалымы Абрар Каримуллин солтүстік америкалық үндістердің тілінің түркі тілдес халықтардың тіліне ұқсастығын зерттеп туыс тілдер екенін жазып қалдырды. Осы тұжырымды Астанадағы Лев Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің «ЮНЕСКО» кафедрасының профессоры Әділ Ахметов  қолдап бірнеше ғылыми еңбектерін жазды. Ендігі мәселе Алтайдан шыққан прототүркілердің Америка  материгіне қалай жеткендігінде болып тұр. Осы қызғылықты материалдарға алдағы кезде оралатын боламын.

Ислам дінінің қазіргі Қазақстан территориясына 9 ғасырда кештеу келгенін және  ата- бабамыз қысы суық, жазы ыссы қатал табиғи жағдайлар мен көшпелі салт-дәстүріне байланысты діни жоралғыларды  сұрыптап алғанын ұмытпауымыз керек. Бұрын Кеңестік кезеңде  ауыл ақсақалдарының беделі зор еді үлкен кісілердің алдын кесіп өтпейтінбіз және олардың айтқандары мүлтіксіз орындалатын, сонымен қатар ауыл молдаларын  ешкім тағайындамайтын ауылға сыйлы өмірлік тәжірибесі бар зейнеттегі адамды ауыл тұрғындары өздері таңдап алатын. Осы үрдістің үзіліп қалуы және 2000-ші жылдардан бастап мұнайлы өлкелерімізге араб елдерінен шетелдік инвесторлардың келуі діни ахуалды күрделендіріп жіберді әрі сол жылдары Қазақстан Республикасының экономикалық қуаты артып әлем қауымдастығының алдында беделінің өсуі   еліміздің өркендеуін  көреалмайтын сыртқы күштердің астыртын әрекеттерге баруына жол ашты.

2015 жылы АҚШ-та өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында  Президентіміз Н.Назарбаев халықаралық экстремизм мен терроризмге қарсы тұру үшін бірыңғай әлемдік желіні құруды ұсынуы  бейбітшілікті қалайтын әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тапты.

Елбасымыздың Астанада әлем және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жиынын өткізуді дәстүрге айналдыруы әртүрлі діни конфессиялардың   ортақ тіл  табысып бейітшілікті сақтау жолында бірлесіп іс-шаралар атқаруларына сеп болуда.

Қанат Құлмұқан,

Тарихшы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар