24.11.2016, 11:39
Қараулар: 440
Ұстаз бақыты

Ұстаз бақыты

09-24-11-16(очерк)

Тағылым танымы кемел зиялы қауым өкілі туралы ой тарқатып, сөз қозғар сәтте, қай қырынан келсек – деген сан тарау шалқар ойлар мазалайтыны рас.

Әңгіме арқауы, тілінен зиятты ай сәулесі төгілген, сәмбі талды аялай өсірген бағбан тәрізді – ұстаз болса ше?

 Оқу – ағартушылық саласын өзінше бір әлем дер болсақ, сол әлемнің жансебіл бір қызметшісінің, қоғамдық құрылыстағы қыры мен сырын, қарым қабілетін өлшемге алу жосыққа саяма деймін. Осындай салмақты өлшем үдесінен шығар аяулы бір жан бар. Ол қазақ халқының тарихында, қараңғы халықты білімге үндеген, ағартушылық саласының негізін қалаушы, көрнекті тұлға Ыбырай Алтынсарыннің жасампаз жолын жалғастырушы ізбасарларының бірі, «Қазақ тілі» мен  «Әдебиет» пәнінің жоғары санатты оқытушысы Рысжан Қалижанқызы Сатиева отыз сегіз жыл бір ұжымда табан аудармастан адал еңбек етті. Бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне  арнады. Бала санасына сапалы білім, саналы тәрбие дәнегін екті.

Бүгінгі қызығы мен қиындығы мол ұстаздық жылдардың тәтті жемісін көрер зейнеткерлік жасқа жетіп отырған жайы бар.

Рекеңнің сөз қолайына салып айтар болсақ, « Бұл зейнеткерлік жасқа жеткенде бар, жетпегенде бар. Аллаға мың шүкір» — дейді. Жалпы адам баласының еңбек ету, оқу, тоқу  және іздену секілді амал әрекеті тоқыраған сәтте ой өрісі тұмшаланып, көңіл көкжиегі тарыла бастайды. Мұндайда бостан адамның қапас қамағында қалғандай күй кешетін жөні бар. Ал бала бағыбаны мұғалімнің бойкүйездігі мен әрекетсіздігі қоғам үшін үлкен қасірет. Сондықтан ғылым – білімнің соңғы жаңалықтарымен қаруланып теория мен практиканы ұштастыра алған маман ғана мұғалім – деген атқа лайық.

Рекеңнің жеке лабараториясына үңілсеңіз осындай талап, сұраныстың барлығына жауап таба аласыз. Өзінің жеке бас мүддесі мен отбасы жағдайынан гөрі мектеп ішілік шаруалардан күйіп – пісіп жүретін кезі көп. Себебі оны, шәкірттерінің бүгінгі мен болашағы алаңдатады. Бүгінгі оқушы, ертеңгі азамат , қоғам құрылысшысы. Мұғалімге жүктелер салмақ пен талап міндеттің ауыр жеңілін осыдан аңғаруға болады.

Педагогикалық саладағы кейбір проблемаларды ұжымдық талқыға салып, тәжірибе алмасып отыру, кейінгі толқын жас мамандарға бағыт – бағдар сілтеп, жол көрсету – кәнігі ұстаздың өмірлік ұстанымы болып келді .

Әдебиет – ұлттың жаны. Әдебиет баланы ұлтжандылыққа, отан сүйгіш – тікке, ата – анасын, туған жерін қастерлеуге, ұлттық салт – дәстүрге, шешендікке үйретіп баулитын тәрбие құралы. Қазақ халқының ұлттық идиологиясының басында әдебиет тұр – десем артық айтқандық емес. Қазіргі сан түрлі ақпараттық тасқын кезінде баланы жастан кітап құмарлыққа дағдыландырып, әуестігін ояту мұғалім мен ата – ананың төл міндеті – дейді , Рекең бізбен сыр бөліскенде.

Әңгіме арнасын Рысжан Қалижанқызының өмір тарихына бұрар болсақ. Әкесі Қалижан Қаратөбе ауданының  «Аққозы» ауылының тумасы. Бақуатты отбасында  дүниеге келіпті. Әкесі Сати мен анасы Қарагөз бала  дегенде жалғыз ұлды, «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» бар жағдайды жасап бағыпты. 1940 жылы «Қаратөбе» орта мектебінің         10 -шы сыныбын бітіреді. Әкеден ерте айырылып, еңбекке араласа бастағанда, ел басына күн туып, отан қорғау үшін майданға аттанады. Мұз жастанып, су кешіп небір аласапыран кездерді бастан өткеріп, 1945 жылдың 15 қазанында әскерден елге аман оралады. Майдангер ырыздық несібенің жазуымен соғыстан кейін «Қарағанды» қаласында бейбіт өмірдің  «мылтықсыз» майданына араласады. Осы қаладан «мастер – десятник, прораб» мамандығын алып, құрылыс саласында еңбек етеді . Тағдыр жолдарын тоғыстырып Бибіғайша (кейін Бикен атанып кеткен) атты қызбен отау құрады .

Мен Қарқаралыдағы атақты ишан Мәдидің ұрпағымын – дейтін анам, Қарағандыда тұңғыш ұлдары ағам Ержан, кейін 1958 жылы 11 маусымда мен дүниеге келіппін – дейді Рекең сағынышқа  айналған бал дәурен күндерді еске алып.

Анасының шақыртуымен Рекеңнің әкесі отбасымен 1960 жылы Жымпиты ауылына қоныс аударады, құрылыс бөлімінің бастығы болып жұмыс жасайды. 1961 жылы «Қызыл ту» колхозына прораб болып тағайындалады. 1961 жылдан 1972 жылға дейін «Қызыл ту» колхозының басқармасы Молдаш Каналиевтің орынбасары болып қызмет атқарды.         «Қызыл ту» колхозы Сатиевтер әулеті үшін құтты қоныс, қасиетті мекенге айналды. Осы елде екі тете сіңлісі дүние есігін ашып әулет өсіп, көңіл қуанышы көл көсір еді.

Рекең 1964 жылы «Алғабас» орта мектебінің бастауышына барып, үлгерімі мықты, тәрбиесі келісті қайсар бойжеткен 1974 жылы мектепті үздік аттестатпен аяқтайды.

Әкемнің орысшасы терең, мінезі тура, сауатты болатын – қызым өзіме тартқан турашыл, ақиқатты сүйеді, заңгерлікке оқытамын – деуші еді үнемі, 1972 жылы әкеміз дүниеден өтіп, заңгерлік оқуын тағдыр жазбады – дейді Рысжан Қалижанқызы әңгіме барысында.

А.С.Пушкин – атындағы филиалогия факультетінің «Қазақ тілі» мен Әдебиеті» бөлімін 1978 жылы ойдағыдай тәмамдаған, оны облыстың білім басқармасы жолдамамен «Бұлдырты» орта мектебіне жұмысқа жібереді.

Жырау Мұрат Мөңкеұлының «Қара Қыпшақ Қобыланды жортып өткен Бұлдырты…» — дейтін шежіресі көнеден суырылатын, сан тарихты ішіне бүккен қасиетті мекен Бұлдырты елі арман қуып келген жас маманды, өзекке теппей, өңменнен итермей құшақ жая қарсы алады. Жатырқауды білмейтін, көпшіл көңілді бойжеткен мектеп ұжымымен қоян – қолтық араласып, оқу ісінің бұрық – сарық қайнаған қазанына түсіп жүре береді. Уақыт өте келе алғыр маманның ісіне көңілдері толған мектеп әкімшілігі өз алдына сынып беріп, сенім артады. Рекеңнің қызықты – шыжықты, алысты – жұлысты ұстаздық өмірі осылай басталған. Дәм – тұзы жарасып Исмағұлдың майдангер Зейнолласының жалғыз еркесі  Ибрайға тұрмысқа шықты. Бұл келін болып түскенде енесі Еркесая дүниеден өтіп кеткен екен. Рекең мен Ибрай бір ұл мен үш қыз тәрбиелеп өсірген, «ұлды ұяға, қызды қияға» қондырған, немере – жиен сүйген ата – әже. Балалары жоғары білімді, бір – бір кәсіп иесі.

Ұстаз алдын көрген шәкірттері еліміздің түпкір – түпкірінде сан – салалы кәсіппен айналысып, ел экономикасы мен әлеуеті жолында жан аямай еңбек етіп жүр. Ұстаз жолын қуып мұғалімдікті таңдағандарда, өнер жолынан сыбаға бұйырғандарда бар. Мысалы Ғ.Жарылғапова (Орал қаласы № 36 мектеп), Қ.Қыдырғалиева (Бұлдырты ауылы), М.Бектенов (Орал қаласы, актёр), Е.Рамазанов (Алматы, актёр), тағы да басқа ел мақтанышына айналған есімдерді тізе беруге болады.

Ұстаздың осынша жылдардағы еткен еңбегі, төккен тері ескерусіз қалмаған, 2003 жылы ҚР Білім Министрлігінің Құрмет граматасымен марапатталды. 2003 – 2015 жылдары аудан әкімшілігінің, 2008 жылы Бұлдырты жалпы білім беретін орта мектептің, 2014 жылы ауылдық әкімшіліктің «Алғыс хаттарын» алған. Рысжан Қалижанқызы бала оқытумен қатар ғылыми негізделген педагогикалық мәселелерді көтерген мақалалар-дың авторы. Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр ұстаз.

Республикалық ғылыми – әдістемелік педагогикалық журнал «Ауыл мектебі», ақпараттық – танымдық және әдістемелік басылым «Жайық ұстазы», қоғамдық саяси газет «Орал өңірі», Республикалық әдістемелік «Қазақ тілі мен әдебиеті» сияқты басылымдарда мақалалары басылып, көптің көкейінен шығып келеді .

Қашанда шәкірттері ұстазын мақтан тұтады. Ата – аналар туғанындай ыстық көреді. Олай болмауы мүмкін бе. Балаларының ұстазы ғана емес, жанашыр ақылшысы, қамқор болар, тілеуқор екінші Анасы да ғой.

«Бетегеден биіктік, жусаннан аласалық» Рекең табиғатына бұйырмаған. Әке қанымен берілген турашылдығы, жағымпаздық пен жәдігойлік қалыптасқан орталарда қолайсыздық туғызатын кезде болады. Мінез де тағдыр сияқты. Ол оған өкінбейді. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» — менің өмірлік кредом осы – дейді .

Қалай десекте, көптің көңілі мен шәкірттерінің жүрегімен ізделіп тұратын ұстаз бақытты және атақты.

Біз білетін, Рысжан Қалижанқызы Сатиева  — ұстаз бақыты бұйырған жан.

Бауыржан Аралбаев,

Бұлдырты ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар