24.11.2016, 11:37
Қараулар: 470
Асығып аққан ақ жұлдыз

Асығып аққан ақ жұлдыз

08-24-11-16Талантты суретші, жерлесіміз Мұратбек Жоламанов не бәрі 33 жыл ғұмыр сүрді. Бірақ қас талантқа осы жылдардың өзі ұлты үшін зор тақырыпты, сом дүниелер тудыруға жетті. Аз өмірін көпке жеткеріп, қыл қалам шебері отыздан аса картинасын ұрпаққа аманаттады.

 

Елордасы Астананың төрінде Қазақстан Республикасы қарулы күштер музейінде суретшінің кезекті көрмесі ашылды. Сырым ауданы әкімдігі мен БҚО Облыстық өлкетану музейі ұйымдастырған кешке Мұратбектің ет жақын туыстары, достары және оны суреттері арқылы білгісі келетін арманшыл жастар жиналды.

Көрменің лентасын қию құрметі Қазақстан Республикасы қарулы күштер музейінің директоры Перизат Сейдембековаға және Мұратбектің жолдасы Гүлжәміш Бакейқызына берілді.

Көрме «Қазақстан-Орал» телеарнасы түсірген деректі фильммен ашылып, Мұратбек Жоламановтың арманы мен мұңын, қуанышы мен өкінішін жеткізіп, әр жүректі тербеді. Суретшінің жары Гүлжәміш, музей директоры А.Сейдембекова, Орал қаласының облыстық музей директоры М.Ерсаев, Моңғолиядан келген қайынағасы Т.Бакейұлы, Сырым ауданының мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиевалардың сөздері рух, ар-намыс атты бір арнаға тоғысып жатты.

Кеш барысында «Асығып аққан ақ жұлдыз» атты суретші Мұратбек Жоламановтың туғанына 50 жыл толуына орай  БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы БҚО тарихи-өлкетану музейінің қолдауымен суретшінің мұралары жинақталған кітаптың тұсауы кесілді. Музейге келушілер суретшінің жұмыстарынан рухани әсер алды, солардың арасында болашағын суретпен байланыстыра қарайтын саналы жастар бар.

Көрме 16  қараша мен 19 желтоқсан аралығында өтетін болады.

Үміт Жәңгірова

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар