28.07.2016, 16:38
Қараулар: 388
Үйренгеннің ісі алға басады

Үйренгеннің ісі алға басады

5.28.07.16Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков бастаған шағын бизнес өкілдері Ақжайық ауданында болды. Бір-бірінің кәсіпкерлік көкжиегіндегі тірлігімен танысып, тәжірибе алмасуды көздеген бұл жүздесу делегацияның Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановпен бірге жол бойындағы сервистер кешендерімен, аты алысқа мәлім «Жәмиға» шаруа қожалығымен (Жаңабұлақ ауылдық округі) танысудан басталды. Сондай-ақ, Чапаев маңында тұрғызылған, жобалық құны 560 млн теңге болатын, қуаты тәулігіне 50 бас ірі қара малы етін өңдейтін «Батыс-Нық» ЖШС кешенінде, қой жүнін бастапқы өңдеу цехында кездесулер өтті.

Екі аудан өкілдері «дөңгелек үстелде» бас қосты. Ақжайық ауданының әкімі Ә.Жоламанов сырымдықтарды үлкен ауданның экономикалық-әлеуметтік тыны-сымен таныстырды. Айталық, жылдың өткен кезеңінде-ақ 278 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл ең алдымен кәсіпкерлікті барынша өркендетудің арқасында мүмкін болды. Ауыл шаруашылық құрылымдарына берілетін несиеге 27 субьекті қатысып, 382 млн теңге көлемінде қаржыландырылды. «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламаларын тиісті бөлім, ұйымдар мамандары кеңінен насихаттауға серпіліс үстінде. Әділ Тауфиқұлы өңіріміз аудандарындағы кәсіпкерліктің дамуынан ақжайықтықтардың үйренері де аз емес екенін, сырымдықтардың елге мәлім ілгері істерін атап өтті, сондықтан олармен қарым-қатысты нығайту басты назарда ұсталып отырғанын баяндады.

Абат Шыныбеков өз сөзінде көршілес аудандардың осындай байланысы тек берекелі нәтижелерге негіз қалайтынын, мал, бақша  шаруашылықтарында және жол бойындағы сервиске байланысты ақжайықтықтардан тәжірибе алудың зор маңызын атап көрсетті.

Екі ауданның кәсіп иелері бір-бірімен ынтымақтастыққа, қажет болса, көмекке дайын екендіктері жайында ой-пайымдарын ортаға салды.  Олар кейбір проблемалар бойынша да пікір алмасты.

Осыдан соң Сырым ауданындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы орта мектеп пен Ақжайық ауданындағы Жұбан Молдағалиев атындағы орта мектеп арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл аталған көршілес білім ұялары бұрыннан-ақ бір-бірімен қарым-қатынасты жолға қойған. Енді мұндай байланыс одан әрі тереңдей түсіп, жас ұрпақтың жарқын тағдыры үшін тың істер қолға алынады.

Сондай-ақ, ақжайықтық «Балауса» шаруа қожалығы мен супермаркетте ауыл шаруашылық өнімдері саудасымен шұғылданатын сырымдық жеке кәсіпкер Мэлс Сапаров арасындағы меморандумға қол қойылды. Нұрлан Жұмашев басқаратын «Балауса» шаруа қожалығы – бақша өсіруден бай тәжірибе жинақтаған ұжым.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген:

Нұрбек ИХСАН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар