28.07.2016, 16:36
Қараулар: 430
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелер

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелер

1.28.07.16Дүйсенбі күні Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалық етуімен кеңейтілген лездемелік жиналыс болды. Жиналысқа мекеме басшылары қатысты.

Жиынның күн тәртібінде алғашқы болып мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында аудандағы инфрақұрылым объектілерін бейімдеу туралы мәселе қаралды. Мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арман Баяндықов хабарлама жасады.

Ауыл тазалығы мәселесі  әкімдіктегі жиындардың күн тәртібінен әлі түспей тұр. Бұл мәселе кешегі жиында тағы қозғалды. Тазалық дегенде жиі айтылатын әңгіме – тұрғындардың өз үйлерінің аумағын таза ұстауға деген немқұрайлылығы. Аудан орталығы Жымпиты ауылының 30 бірдей көшесінде бүгінгі күні көше комитеттері жұмыс жасайды. Аудан әкімі Абат Шыныбеков Жымпиты ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайырбек Аманғалиевке ауыл тазалығына тұрғындарды жұмылдыруға тапсырма берді. Аудан орталығындағы саябақтардың да көңілге алынуы керектігі айтылды.

Тамыз айының 1 жұлдызы күні республикалық «Мектепке жол!» акциясы басталады. 2015 жылы аудан бойынша 1382 балаға 5 млн 400 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Биыл аудандағы аз қамтылған жанұялардағы балалар саны 1252-ні құрап отыр. Аудан басшысы қайырымдылық акциясын ауқымды қылып ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарын айтты. Бұл ұсыныстың аудандық білім беру бөліміне ғана емес, бәрімізге де тікелей қатысы бар. Баланың тарықпай, білім алуына  түгел қоғам болып жауаптымыз.

Лездемелік жиналысты қорытындылаған аудан әкімі Абат Шыныбеков аудан үшін тиімді бірқатар жаңалықтармен бөлісті. Оның бірі, 2015 жылы түлігінен сарып дерті анықталған мал иелеріне мемлекеттік өтемақының төленетіндігі. Ауданда тұрғындардың алажақ өтемақысы 29 млн теңгеден асады.

Ауданымызда газдандыру саясатынан тысқары қалып отырған округ – Шолақаңқаты ауылдық округі. Бұл жұмыстарды бастау үшін облыстық қазынадан биыл 69 млн теңге қаржы бөлінбекші. Осы сияқты Өлеңті көлдетіп суару жүйесінің негізгі қақпасының жөндеуі де биыл жүзеге асатын сыңайлы.

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында аудан бойынша 3 мектеп және 2 мәдениет үйі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Биыл аудан орталығындағы ауылішілік жолдардың орташа жөндеу жұмыстарының да ауқымы артады.

Бауыржан Ширмединұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар