21.07.2016, 17:08
Қараулар: 442
“Жастар тәжірибесі” қолданыста

“Жастар тәжірибесі” қолданыста

06.21.07.16Оқу орнын бітіріп келген жас мамандардың көпшілігі әп-дегеннен тұрақты жұмыс орындарына орналаса алмайтындығы белгілі. «Жұмыспен қамту-2020 Жол картасы» бағдарламасының «Жұмыс берушінің нақты сұранысын есепке ала отырып, оқыту мен жұмысқа орналасуға және қоныс аударуға жәрдемдесу» деп аталатын бағыты осы мәселені шешуге біраз ыңғайлы. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы өзінің қатысушылары қатарына енуі үшін жастарға көбірек басымдық беріп отыр. Ауданымызда осымен бесінші жыл жүзеге асырылып жатқан бағдарлама аясында 473 жас маман тәжірибе жинақтау үшін уақытша жұмысқа жолданыпты.

Өткен аптада  «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының мәжіліс залында  «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысушылармен кездесу өтті. Бұл кездесудің «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы үшін де маңызы бар. Кездесуге аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев және мекеме басшылары мен жас мамандар қатысты.

Жиналыс төрағасы, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиевтің айтуынша, биыл жыл басынан бері 32 адам тәжірибеден өтуге жолданыпты. Олардың ішінде 6 бірдей маман тұрақты және уақытша жұмысқа орналасқан. Шілде айының 1 жұлдызынан бастап тағы 35 маман тәжірибеден өтуге жіберілді.

Осы көрсеткіш былтыр да көңіл қуантарлық деңгейде болды. 2016 жылы жұмыспен қамту орталығы арқылы 76 маман тәжірибеге жолданып, 37 маман тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты.

Кездесу барысында да жас мамандарды тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесі кеңірек сөз болды. Ауданымыздың жас мамандары бағдарламаның мықты тиімділігі деп, мамандар үшін еңбек тәжірибесін жинауға және кәсіби ортада жұмыс жасауға мүмкіндік беретінін айтуда.

Б.ШЕРІМ