21.07.2016, 17:04
Қараулар: 363
6 айда 173 адам жұмысқа орналасты

6 айда 173 адам жұмысқа орналасты

03.21.07.16Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшылығы күні кеше ауысты. Дегенмен, жұмыста кідіріс жоқ. Бағдарлама бойынша туындаған сауалдарға орталықтың директоры Саламат Иманғалиев жауап берді.

– Саламат Хамидоллаұлы, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы төңірегінде қандай жаңалықтар болды?

– Жаңалық деуге келеді ме, жоқ па білмедім, жалпы жұмыстар жоспарға сәйкес жасалынып жатыр. 2016 жылдың 1 шілдесіне 75 адам ресми жұмыссыздар есебінде тұрса, 1206 адам  жұмыс іздеушілер есебінде тұр. 2016 жылдың 6 айында жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органға жұмыспен қамту мәселесі бойынша 433 адам  жолықты.

Біздер орталыққа жолыққан адамдарды мүмкіндігіміз жеткенше тұрақты немесе уақытша жұмыс орындарына орналастыруға тырысамыз. Мысалы, 2016 жылдың 6 айында 173 адам жұмысқа тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды. Жаңалық сұрасаңыз, осы ақпаратты жазуға болады.

– Бағдарлама туралы аз-кем түсінік бере аласыз ба?

– «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы 3 бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыты – «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету».

Осы бағыт бойынша нақты жұмыстар бар. Мәселен, 2016 жылы жалпы білім беретін Қособа орта мектеп-балабақша кешенінің күрделі жөндеуі үшін жергілікті бюджеттен 45 млн теңге, ал республикалық бюджеттен 135 млн теңге, барлығы 180 млн теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер «АқсайСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен жұмыспен қамту орталығы арасында келісімшарт жасалынып, ресми жұмыссыздар есебінде тұрған 30 адам уақытша жұмысқа орналастырылды. Жұмысшылардың айлық жалақысы 35 мың теңгені құрайды.

Бағдарламаның екінші бағыты «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды кешенді дамыту» деп аталады. Екінші бағыт жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту арқылы кәсіпкерлікті ынталандыруды және экономикалық белсенділікті арттыруды көздейді. Бұл бағытқа ауданымыз үшін 60 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда бөлінген шағын несиені жеке ісін ашу немесе кеңейтуге ниет білдірген тұлғаларға беру жұмыстары жүріп жатыр. Күні бүгінге өтініш білдірген 6 азамат несие алды.

– Естуімізше осы несиенің айналасында мәселе көп сияқты. Алуын алып, кейін қайтармау оқиғалары азайды ма?

– Ол мәселенің бар екенін жасырмаймыз. «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша аудандағы орталық «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту» бағыты аясында аудан мүддесінде 2012 жылы «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен келісім шартқа отырып, 35 несие серіктестігінен 142 адам 215 млн теңгеге шағын несие алды. Өзіңіз айтқандай, күні бүгінге қайтарым деңгейі төмен болып отыр. Аудандағы 30 несие серіктестігі бойынша берешек сомасы 130 млн теңгені құрайды.

– Бұл жауапсыздықтан ба, әлде кәсіпкер азаматтардың жұмыстары оқсамай жатыр ма?

– Оқсамай жатыр дейтін жағдай аз. Жауапсыздықтан!

– Әңгімеңізді әрі қарай жалғай беріңіз…

– Бағдарламаның үшінші бағыты – жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан бағдарламаға қатысушылардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері жалақының белгіленген мөлшерінің 35%-ын құрайды. Бірақ, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс. Содан жұмыс беруші 65 %-ын төлейді.

– Әлеуметтік жұмыс орындары несімен маңызды? Нақты жасалған жұмыс бар ма?

– Әлеуметтік жұмыс орындарын ашу нысаналы топқа жататын адамдарды  әлеуметтік қорғаудағы ең маңызды шара болып табылады. 2016 жылдың 1 шілдесіне 41 адам әлеуметтік жұмысқа орналастырылды.

– Қоғамдық жұмыс деген бір мәселе тағы бар. Ол туралы айтатыныңыз бар ма?

– Бар, әрине. Жұмыссыздарды әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың белсенді түрі – қоғамдық жұмысқа тарту. 2016 жылы 950 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды.

– Орталық бос жұмыс орындары жөніндегі мәліметті қайдан алады?

– Жұмыс беруші «Халықты жұмыспен қамту» Заңының 28 бабына сәйкес, бос жұмыс орындарының (бос лауазымдардың) болуы туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, бос жұмыс орны пайда болған күнінен бастап үш жұмыс күнi iшiнде жұмыспен қамту орталығына хабарлама жiберуге тиіс.

Жұмыс беруші жолдамаға тиiстi белгi қою арқылы себебiн көрсете отырып, жұмысқа қабылдау немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту туралы дер кезiнде (жұмысқа орналастыру үшін жiберген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде) жұмыспен қамту орталығына хабарлау қажет.

– Сіздің орталық арқылы жұмыс іздеген мамандар не істеуі керек? Орталықтың ақпараттық насихатына қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Жұмыс іздеген маман тіп-тіке біздің орталыққа келуі керек. Әрі қарайғы шаруамен орталықтың қызметкерлері айналысады. Жалпы «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы туралы түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Ауданға қарасты округ орталықтары мен елді мекендерінде арнайы жиындарымыз жиі өтіп тұрады.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан:

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар