21.07.2016, 16:59
Қараулар: 319
Ардагердің рухы өшпейді

Ардагердің рухы өшпейді

07.21.07.16Жұмыс бабымен Орал қаласынан  хабарласқан Роза Исқалиева апамыз жолдасының әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері болғанын және ол кешегі «Отты жылдар жаңғырығы»  жинағына енбей қалғанын айтқан болатын.

Сонымен, көмектеспек ниетпен атамызды іздеп, біздің мұрағаттарға іздеу салып едім, әзірге жауап жоқ болды. Содан Мәскеу мұрағаттарына іздеуге кірістім. Сөйтіп, іздеген адамымды тез тауып алдым. Оған себеп, атамыздың жасаған ерліктері, сол үшін алған марапаттары мен соғыс жазбаларының сақталуында еді. Оңғарбай Нұрсихов ағамыз Жымпиты ауылында 1925 жылы дүниеге келген. Қай мектепте оқығанын білмейміз. Нақтысы әскерге алынып, лаулаған соғыстың қақ ортасынан табылса керек. Ол Украин майданында сержант шеніне дейін өсіп, әрі 3-ші атқыштар батальонының 71-ші Қызыл жұлдызды бригадасының бөлім командирі болған екен. Соғыс кезінде екі құнды құжат болады.  Оның бірі – соғыс болған жердегі жалпы соғыстың барысы жазылған қысқаша анықтама (сводка), екіншісі марапаттқа ұсынылған адамның жасаған ерлігі туралы толық ақпар. Міне, осы қолжазбалар әлі толық зерттеліп болған жоқ. Олар   Ресей  мұрағаттарында жақсы сақталған. Міне, осындай құнды құжаттың  иесі осы Оңғарбай Нұрсихов атамыз болып шықты. 1943 жылы әскерге алынып, Берлинге дейін барған атамыз жан аямай соғысқан екен. «Қызыл жұлдызға»  ұсынған марапат қағазында Нида өзенінің жағасында, Венгелец селосы маңында  12 немістің қоршауында қалған  сержант, қоршауды бұзып шығып, жаудың бір адамын тұтқынға алып, өзі басынан жарақатталып қалса да, қолындағы қаруын тастамай, жанкешті ерлік жасағыны туралы жазылыпты. Астына “капитан Угловский, 15.01.1945 жыл” делінген. Осыған дейін ол Украин майданында   «Ерлігі үшін»  медалімен марапатталыпты. Ол туралы да тап осылай ерлік жолдары жазылған құжаттары  Мәскеудің орталық мұрағатында  №33 қорда тіркеліпті. Ата кейін елге келіп, Ақырап ауылына қарасты Сасықкөл ауылында есепші болып қызмет атқарып, 1963 жылы ақпанда қайтыс болыпты. Ұрпақтарының айтуынша, бұрын ардагерлер көп болған кездегі кездесулерде, ол жөнінде «Біздің ішіміздегі ең батырымыз осы Оңғарбай» деп айтып отырады екен.  Әрине, бұл біздің айтылмаған  тағы бір ардагеріміздің  ерлігі мен естелігі.

Ауданымызда Ұлы Отан соғысы ардагерлерін түгендеу барысында «Отты жылдар жаңғырығы» кітабының жарық көргенін білеміз. Егер де бұл кітапты осыдан бес он жыл бұрын бастағанда, екі томдық  жақсы жинақ шыққан болар еді. Амал қанша, қолымызды кеш сермеп, әбден аталарымыздың қатары сирегенде ғана  іске кірістік. Енді көзі тірі куәгерлер азайған сайын оны айтатын жандар болмағасын көптеген қиындықтарға тап болдық. Соның ішінде отбасындағы аталарының құжаттары мен марапаттары жоғалды. Ұрпағы аз білетін материалдарын жеткізе алмады. Қазіргі таңда әлі де болса аталарының осы жинаққа енбей қалғандары, болмаса тек тектері ғана жазылғанына біздерге келіп, өкпелерін айтып кететіндер қатары табылады. Бірақ, аталары үшін ең алдымен отбасының жауапкершілігін түсіну керек деп ойлаймын.  Өйткені, оған аудандық қорғаныс бөлімі немесе мұрағат жауап бере алмауы мүмкін. Кейде нақты деректер Алматы мен Мәскеу қорында да жоқ болып шығады, Оған бірінші себеп, сол кездегі  уақыттың қарбаластығы және әлі де болса, ол сайтқа ақпараттың тіркеліп болмағаны да түйткіл болуы мүмкін. Сайттар уақыт өте келе толықтырылып отырады, сонымен қатар соғыста марапат алған болса, тіркеуге де жеңіл болады. Себебі ол анықтамада жазылады.  Біздерге келген Сүйінғали Дауылұлы ағамыздың әкесі Дауыл Кереев атамызға қатысты деректер мұрағатта жоқ болып шықты. Себебі, жаңағы айтқандай, сайтқа әлі жүктелген жоқ. Болмаса, ол кісі туралы анықтамаларда айтылмауы мүмкін. Егер де ерлік жасалып тиесілі ордендері болса, сол ордендері арқылы іздеуге болады. Әзірге ол жөнінде дерек таба алмадым. Сондай-ақ аудандық “Сырым елі” газетінің қызметкері Мүсірбек Айташев ағамыз да өзінің әкесі туралы мәліметтің жоқ екенін және аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаға аты-жөні де түспей қалғаны туралы айтып отыр. Осы ескерткіш тақтада 4496 адам жазылса,  енбей қалған адамдарымыз әлі де бар болып шықты. Аудан жұртшылығынан өтінеріміз, тізімге енбей қалған аталарыңыз туралы мәліметті  аудандық мәдениет бөліміндегі арнайы маман Ержан Махметке, болмаса, музейге әкеліп тапсыруларыңызды сұраймыз. Аудандық мәдениет бөлімі болса, осы аудандағы мәдени-тарихи ескерткіштерді күтіп ұстау және өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін ҚР “Мәдениет туралы” заңының 34 бабына сәйкес, тақтадағы бос орынға тізім жасақтап қосулары бағытында жұмыстана алады. Бұл мәселені аудандық әкімшіліктің де қолдап, көмектесетіндігіне сенімдіміз. Кітапқа, ескерткіш тақтаға енгізілмей қалған ардагер аталарымызды түгендеу жұмысына әрбір аудан тұрғыны, ұрпақтары, тарихшыларымыз, мектептер, ауыл әкімшіліктері әркезде де мүдделі екендігін естен шығармайық

Айнагүл ОЙШЫБАЕВА,

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі