21.07.2016, 16:57
Қараулар: 263
Жұмысқа жеделдік қажет

Жұмысқа жеделдік қажет

05.21.07.16Сырым ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалығымен ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолжетімді ортаның сақталуы тұрғысынан әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін түгендеу туралы жиын өтті.

Күн тәртібіне байланысты аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арман Баяндықов хабарлама жасады. Ауданымыз бойынша барлық әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің саны 113 деп белгіленген. Қазір бұл ғимараттар кіріс тобы, ғимараттың ішіндегі жүру жолдары, қызмет көрсету аймағы, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар, объектідегі ақпарат және телекоммуникация құралдары, объект аумағы сияқты критерийлер бойынша паспорттаудан өткізілуде. 2012-2016 жылдары паспортталған 63 нысанның 52-сіне бейімдеуді қажет етеді деген қорытынды шығарылды. Биылғы жылы 9  ғимаратты бейімдеу жоспарға алынса, бұл жұмысты тек 1 ғана ғимарат жүзеге асырды. Бөлім басшысы жұмыстарды ағымдағы жылдың ІІІ тоқсаны біткенше аяқтаған дұрыс деп отыр.

Хабарламаны тыңдаған аудан әкімі Абат Шыныбеков қарқыны кешеуілдеген жұмыстарды жедел жолға қоюды тапсырды. Әкімнің бұл тапсырмасының аяқасты болмағанын біз де қалар едік. Себебі, аудан орталығының өзінде кейбір мекемелердің кіреберісіндегі пандусқа арба түгілі, аяғы сау адам шыға алмайды.

– Сырым ауданы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді аудан болуы керек, – деді аудан басшысы.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар