21.07.2016, 16:51
Қараулар: 301
Түлектеріммен мақтанамын

Түлектеріммен мақтанамын

08.21.07.16Жақында көңілді көтеріп, көкіректі қуанышты сезімге бөлерліктей ерекше оқиғаның болғаны бар. Өйткені, ерекше оқиға деп баса мән беріп отырғандығымның да өзіндік себебі бар. Енді осы жөнінде тоқтала кетейін.

Сонау 1970 жылы Жымпиты орта мектебін бітіруші түлектерім өздеріне білім нәрін берген, жүректеріне жақын жандар ретінде саналатын ұстаздары зайыбым Сафура Құсайынқызын және мені арнайы қонақ ретінде шақырып, осы жылдың шілде айының 13 жаңасында «Тамаша» мейрамханасында емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті. Жымпиты орта мектебін бітірген бір топ түлектеріммен 46 жыл өткен соң кездесуіміз өте әсерлі, көңіл толқытарлықтай деңгейде өтті. «Ұстазым менің, ұстазым» деп бәрі қосыла ән айтып, зайыбым Сафурамен құрметтеп, төрге бастаулары көңілімізді көкке көтеріп, бойға біткен науқасымыздан мүлде айықтырып жібергендей болды.

Мектеп түлектерінің 46 жылдан соң кездесуінің өзі, әрине аз уақыт емес. Әйтсе де, алдағы 50 жылдық кездесуді күтпей, елге, Қазақстанға, достарына, жерлестеріне деген ыстық сағынышы шыдас бермегендіктен бүгінде Германияда тұратын Александр Граф Жымпитыдағы сыныптастарына үзіліссіз телефон қоңырауын шалып, осы түлектердің кездесуіне басты мұрындық болғандығын айта кету керек. Ал, Александардың бұл бастамасын Астана қаласында тұратын Уәли Еламанов, Орал қаласындағы Бақытжан Мұқанғалиев, жымпитылық Шамиль Шаяхметов, Клара Шамилова, Сәлима Жүсіпова, тағы басқалары қызу қолдап құптады.

Сөйтіп, осы кездесу кешінің бастамашысы болған Александр Граф зайыбы Танямен келіп, баршамыз болып өткен қызықты оқиғаларды қызу таласа әңгімелеп, мәре-сәре болып қалдық.

Қысқасы, бұл күні «Тамаша» мейрамханасында көңілді әндер айтылып, толассыз ақ тілектер «жауған» кеш болды.

Ал, осындай есте қаларлықтай әдемі кешті ұйымдастырып, ұстаздарына тосын сый-сияпат жасаған түлектеріммен мақтанамын, ризашылық сезімге бөленемін.

Ким ФЕДЯНИН,

ардагер ұстаз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар