14.07.2016, 17:30
Қараулар: 402
Жарқын бейнесі есімде

Жарқын бейнесі есімде

06.14.07.16(Естелік)

Жымпиты ауылының тұрғыны, бүгінде 87 жастағы зейнеткер Рамазан Рахметов кезінде аудан  орталығындағы «Казсельхозтехника» мекемесінде слесарь, шебер, құрылыс бригадирі саласында үзіліссіз еңбек етті.

Рамазан ата қосағы Ғания Құрманбайқызымен 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, немерелер, жиендер қызығына бөленіп отырған бақытты отбасы.

Ұзақ жылғы атқарған еңбегіне орай 3 дәрежелі Еңбек Даңқы ордені, бірнеше медальдармен марапатталған еңбек ардагері Рамазан Рахметов балалық, оқушылық өмірі бірге өткен, кезінде ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге сүбелі үлесін қоса білген ұлағатты басшы, өмірде соңына өшпестей із қалдырған Нөкен Молдашев жөнінде төмендегіше сыр шертеді:

–      Менің балалық, оқушылық кездерім Нөкен Молдашевпен  бірге өтті. Өзім Молдаш атаны, Құрмашты, Құмарды қөре қалдым, бірге дәмдес болдық.

1941 жылдары сол кездегі Социализм  ауылында тұратынбыз, сол ауылдан    7  шақырым аралығындағы Қөздіғара ауылындағы Чапай мектебіне жаяулап  барып келіп оқитын едік.

Мен мектепте Нөкенмен 4 сыныпқа дейін бірге оқыдым. Ол кездері мектеп директоры  Әмір Боранбаев, мұғалімдері Ақбала Көпжасаров, Өкила Ишанғалиева, Әлмырза Жүкиев тағы басқалары еді.

Бүгінде көп жыл өткеннен кейін сол кездегі көптеген ұстаздардың, бірге оқыған оқушылардың есімдерін ұмытып қалыппын.

Әлі есімде, бірде сол кездегі Социализм колхозының  төрағасы Құспан Даулеталиев мектепке келіп сабан, соқа, шөп шабуға адам қолы қажет болып тұр, соған жастар керек деген соң  мен колхоздың жұмысына араласып кете бардым. Ал Нөкен Молдашев болса, 3 сыныпты бітірген соң  Құрмаш ағайдың Жымпиты ауылы орталығындағы поштаға қызметке  орналасуына  орай  Жымпиты ауылына қоныс аударды.

Бүл кезде  Молдаш ата болса, о дүниелік болған еді. Бір айта кетерлік жағдай, сол жылдары менің әкем Рахмет, Нөкеннің әкесі Молдаштың да, Құрмаштың да отбасыларымен өте тату, бір үйдің отбасы мүшелеріндей араласушы болса, бұл әдет-ғұрып  бүгінгі күні де одан әрі Молдаштың  ұрпақтары арасында заңдылығын сақтап отыр.

Сыныптас досым Нөкен, Құмар, басқа да ауыл балалары болып,  сол жылдары суы мол өзендерге шомылып, балық аулап, үйректің мамырларын ұстап, шелекке еттерін қуырып жеуші едік. Менің тамаша итім болды, судағы   үйректің мамырларын  шапшаң ұстаушы еді, сол итім бір ауылды  мамыр етімен асырайтұғын.

    Бірде мынадай қызық оқиға болды, Социализм ауылындағы Есенғали деген  қарттың иесіз тұрған үйінің ішінде Нөкен, Құмар, мен, басқа да балалар болып ойнап жүріп, қазылған ұраның (погреб)  ішіне түстік қой. Көзіміз жерден шеті  көрініп жатқан жіптің ұшына түскені бар . Балалық  қызығушылықпен жіптің ұшын тартып қөріп едік, жұлынбады. Содан бәріміз бола жабылып жіпті тартып едік қақпақ ашылып жер астына матаға  мұқият оралып, майланып көмілген  10 винтовка мылтықтарын тауып алдық. Сөйтіп, бандылармен соғыс кезінде жер астына тығылған мылтықтарды ауыл балалары қолға  алып, өзара  атысып ойнап  жүргенде, оның 1-2 мылтығы оқтаулы болып, бір-бірімізді атып өлтіре жаздаған кездер болған. Бүл ойынымызды Құмар байқап қалып, ақыр соңы мылтықтарды бізден алып, аудан орталығындағы тиісті орындарға тапсырып жіберді.

Нөкен Жымпитыдағы орта мектепті үздік бітіген соң  жоғары оқу орнына оқуға түсіп кетті де мен қалада ФЗО-да оқыдым. ФЗО-ны бітірген соң паравозда, бу қазанында, одан соң машинисттің көмекшісі болдым.

Кеңестік армия қатарындағы  борышымды өтеп келген соң Астрхан  өлкесінде жылқы бақтым, осы өңірде үйлендім.

1960 жылы  елге келсем, Нөкен досым дырау бастықтық салада.

Әуелі аудандық   ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған Нөкен одан соң Қособа кеңшарын 19 жылдай басқарды.

Нөкен Молдашев Қособа  кеңшарын басқарған жылдары қоғамдық  мал басы өз төлі есебінен өсіп, ауылда жаңа құрылыстар көптеп салынды.

Өз ісіне мығым, көпшіл, кішіпейіл Нөкенді ауыл халқы өте қадірлеуші еді. Аудан орталығында өткізілетін сессия, партия конференцияларында әуелгі досым  Нөкенмен кездесіп қалғанда, емен-жарқын әңгімелесуші едік. Абай кеңшарында 5 жылдай еңбек етіп, аудан орталығына жұмыс ауыстырған соң Нөкенді өзімсініп, ауладағы малыма шөптен көмектесуді сұрап барушы едім. Соңда Нөкен маған қарап күлімсірей: «Еліңде шөп жоқ па, маған неге келесің?» — деп әзілдеуші еді.  Өмір, шіркін, осы. Ақкөңіл, жомарт жүректі жан Молдаштың Нөкені бүгінде ортамызда жоқ. Бірақ, Нөкен дос өзі болмаса да соңында зайыбы Сәуле, ұрпақтары, көзін көре қалған ел азаматтары бар. Осындай ел азаматтары, ұрпақтары  Н.Молдашевтың есімін мәңгілікке сақтау бағытында  көңіл қуантарлықтай өнегелі істерді қолға алуда. «Орнында бар оңалар» деген осы Нөкендей атпал азаматтың бейнесі есімізде, ол өшпек те емес.

Естелікті жазып алған:

Мүсірбек Айташев