7.07.2016, 15:15
Қараулар: 264
Бұлдыртыда – ашық есік күні

Бұлдыртыда – ашық есік күні

Аудан әкімі Абат Шыныбековтың ауылдық округтерге ашық күндерімен сапары Бұлдырты ауылдық округінде өтті.

Абат Абайұлы алдымен Көгеріс елдімекенінің халқымен жүздесіп, ашық әңгіме алаңын өткізді. Ауылдық округ әкімі Ерлан Мақашев салалар бойынша атқарылған істердің желісінен хабардар етті. Ауыл шаруашылығы, ветеринария және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Молдағалиев  Бұлдырты ауылдық  округінің кезекші жер кадастрлық картасымен  таныстырып, елдімекеннің бос жерлерін тұрғындарға көрсетті. Аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Талғат Кенжахметов құқықбұзушылыққа қатысты мәселелерді көтерді. Көгеріс, Бұлдырты ауылдарында мал ұрлығы қылмыстары орын алып отыр. Талғат Болатұлы, сондай-ақ, көршілес Ақтөбе облысында орын алған лаңкестік оқиғаға қатысты пікірін де білдірді, теріс ағымдардан сақтануға шақырды.  Аудандық аурухана директоры Асхат Дүйсенғалиев округке тамыз айына қарай жас дәрігер маман келетінін, жедел жәрдем көлігі берілетінін айтып, халықты қуантып қойды. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиева Көгеріс негізгі мектебі алдағы оқу жылында бала саны 41-ге толмаса, жабылып, бастауыш мектепке айналу қаупі бар екенін ескертті. Тұрғындар ауылға балалы отбасыларын көшіріп әкеліп, мектептің жабылмауына мүдделілік танытатындықтарын білдірді. Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Саламат Иманғалиев сүйікті ісімен шұғылданып, нәпақа тауып, жұмыс көздерін ашам деген азаматтар үшін 3 млн теңгеге дейін 4 жыл ай мерзімге (1 жылы каникул) 6 пайыздық өсіммен несие берілетінін айтты.

Ауыл тұрғындары   округтің   жерін ұлғайту туралы аудан әкіміне, аудан әкімі облысқа ұсыныс беруі  арқылы жоғарыдан көмек сұрағылары келеді екен.  Көгерістік ағайындар музыка, спорт маманы қажет деген сауалдарын  жеткізді.  Көгеріс елді мекенінің тұрғындары өз күштерімен мәдени орталықтың іргетасын қалап қойыпты. Ал, округ орталығы Бұлдырты ауылының халқын жиі орын алатын мал ұрлығы мазалайды екен. Ауыл ақсалдары алыстан келмеген ұрыны, кешірім беріліп  жүрген  тентектерін қоғамдық кеңес арқылы тезге салу керек деген пікірлерін білдірді.

Қос ауылдағы жиынды да Абат Абайұлы қорытындылады. Жиырма бесінші белесіне көтеріліп отырған тәубе етер, тәу етер тұғырлы Тәуелсіздігіміздің арқасында келген жетістіктерді айтты. «Елдімекендерге көгілдір отынның келуі  –  тәуелсіздіктің жемісі. Бұлдырты, Көгеріс ауылдары аудандағы бірлігі, тірілігі, ірілігі бар ауылдар қатарында»,- деді аудан басшысы.

А.Шыныбеков Ақтөбедегі оқиғаға қатысты террорлық әрекеттен аулақ болып, татулық пен тұрақтылықтан ажырамай өмір сүруге шақырды халқын. Ауылшаруашылығын дамыту,  асылтұқымды мал өсіру, жазда шабындық кезінде техникаларға мұқият болып, өрт қауіпсіздігінің алдын алып, қысқы мал азығын шығынсыз жинап алу сынды тағы да басқа мәселелер пікір бөлісті.

Аудан басшысы халықпен кездесуден соң,  тұрғындарды жеке қабылдап,  Бұлдырты ауылындағы «Дарын» лагерінің тынысымен танысты.

 Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,

Көгеріс-Бұлдырты ауылдары

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар